Америка Құрама Штаттарында полиция қатігездігі мен нәсілшілдікке қарсы наразылық акциялары бірнеше күннен бері тоқтар емес. Осыдан бірнеше ай бұрын да АҚШ халқы құқық қорғау қызметкерлерінің озбырлығына қарсы шеруге шыққан-ды.
Бұл жолғы оқиға былай басталды. Кеноша қаласының полиция департаментіне белгісіз әйелден шағым түседі. Содан полиция 23 тамызда оқиға орнына барып, түскен шағым негізінде Джейкоб Блейк деген азаматты ұстауға талпынады. Әуелі оған «электрошокер» қолданған. Бірақ онысы сәтсіз шығып, Блейк полиция қолынан сытылып шығып, үш баласы отырған көлігіне ұмтылған. Блейк көліктің есігін ашып міне берген кезде полицей артынан жеті рет оқ атқан. Ал куәгерлер оқиғаны басқаша сипаттап отыр. Олардың айтуынша, Джейкоб көшеде төбелесіп жатқан екі әйелді ажыратпақ болады. Полиция сол кезде келген. Содан кейін Кеноша қаласының полиция қызметкері Джейкоб Блейк есімді азаматты жеті рет атады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сүйенсек, оқтың төртеуі Блейкке тиген. Қазір оның жағдайы ауыр.
Джейкобтың қара нәсілді болғаны жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Оқиғаның қалай өрбігенін сол маңда жүрген куәгерлер видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап жіберді. Осыдан кейін полицияның әрекетіне наразылар көшеге шығып, қаланы қирата бастаған. Көп ұзамай қалада коменданттық сағат жарияланды. Висконсин штатының губернаторы Тони Эверс төтенше жағдай жариялап, ұлттық гвардия жасағын көмекке шақырды.
Кейінірек Блейкті атқан полиция қызметкері Растин Шески екені анықталды. Ол құқық қорғау саласында жеті жыл жұмыс істеген. Көп ұзамай оқиғаға қатысы бар полиция қызметкерлері жұмысынан шеттетілді. Дегенмен бұл америкалықтарды сабырға шақыруға жеткіліксіз болып тұр.
Қара нәсілді азаматтың тағы да полиция қолынан зәбір көруіне қарсылық акциясының соңы бейберекет тәртіпсіздікке ұласты. Нәтижесінде кей басбұзарлар дүкендерді тонап, көліктерді өртеген. Бірақ бір топ адам қаланы тонаушылардан қорғауға шыққан. Олар 26 тамызда шерушілермен қақтығысып, оқиға салдарынан екі адам көз жұмды. Полиция негізгі күдікті ретінде 17 жастағы бозбаланы тұтқындады.
Полиция қызметкерлерінің әрекетін АҚШ-тағы танымал тұлғалар сынға алды. Мәселен, АҚШ президенттігінен үміткер Джо Байден полиция қызметкерлері әрекеті үшін жауап беруі тиіс деп мәлімдеді. АҚШ вице-президенті Майк Пенс алдағы сайлауда Дональд Трамп жеңіске жетсе, нәсілшілдікпен күресуге барын салатынын жеткізді.
Наразылық акциясына спортшылар да қосылды. НФЛ мен МЛС лигалары наразылық ретінде бірқатар ойынды кейінге шегерді. Milwaukee Bucks командасының баскетболшылары Orlando Magic командасына қарсы ойынға қатысудан бас тартты.
Осыдан үш ай бұрын Миннеаполис қаласында Джордж Флойд есімді қара нәсілді азаматты тұтқындау сәтінде өлтіріп алады. Әлеуметтік желілерде Флойдты тұтқындау сәті бейнеленген видео тарады. Онда полиция қызметкері қара нәсілді азаматты қылқындырып, мойнын тізесімен басып отырғаны байқалады. Видеода Флойд бірнеше рет «Дем жетпей барады!» деп айқайлап, «Мені өлтірмеңдерші» деп жалынғаны естіледі.
Флойдтың өлімінен кейін АҚШ-тың бірқатар қаласында шеру жалғасты. Лос-Анджелес, Чикаго, Денвер, Хьюстон, Луисвилл, Феникс, Колумбус, Мемфис қалаларында да жаппай шеру болып, құқық қорғау қызметкерлері мен наразылар қақтығысты. Атлантада митингке шыққандар ғимараттарды қиратып, полиция көліктерін өртеді. Миннеаполисте бейбіт митингтің соңы жаппай тонау мен өртеуге ұласты. Тіпті қаладағы полиция учаскесі де отқа оранды.
Сондай-ақ 2014 жылы Эрик Гарнер есімді қара нәсілді азамат та полиция қолынан қаза тапты. Ол кезде де құқық қорғау қызметкерлері қылқындыру әдісін қолданған. Кейіннен Э.Гарнер демікпемен ауырғаны анықталды. Тамағын орап қылқындырғанда оған ауа жетпей тұншыққан. Дәл сол жылы Фергусон қаласында полиция 18 жастағы Майкл Браун есімді қара нәсілді бозбаланы атып өлтірді. Бұл екі оқиға да АҚШ-та қызу талқыланып, қоғам назарын аударған-ды.
Қазір елде жыл сайын полицияның қолынан қаза табатындар саны артып келеді. Бүгінде шамамен мыңға жуық тұрғын полицияның қолынан бақиға аттанатын көрінеді. Оның жартысы – ақ нәсілді, 26 пайызы қара нәсілді, 17 пайызы латынамерикалықтар. Бірақ АҚШ-тағы халықтың нәсілдік бөлінісін есепке алсақ, қара нәсілділердің жиі өлетіні анық аңғарылады.