Атырауда білікті кадр тапшылығы әлі толық шешімін тапқан жоқ. Мәселен, медицинада 278 дәрігер жетіспейді. Ал білім саласына 472 педагог қажет. Сол себептен, жыл сайын мектеп бітіруші түлектерге облыс әкімінің гранты беріледі. Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында әкімнің грантымен 500-ге студент білім алуда.
Ал биыл әкім грантын иеленуге 132 талапкерден өтініш түсті. Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова жетекшілік еткен арнайы комиссия 78 түлекке грант беруге шешім қабылдады. Енді әкім грантына ие болған түлектер облыстық бюджет есебінен білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалар бойынша тегін оқиды.
– Әкім грантын иеленгендердің дені – болашақ мұғалімдер мен дәрігерлер. Оның ішінде 27 түлек М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде, үшеуі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тегін білім алады. Төртеуі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде, алтауы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде оқиды. Бір түлек Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақсан аграрлық-техникалық университетіне, тағы бірі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, 36 талапкер Х.Досмұхамедов Атырау мемлекеттік университетіне оқуға түсті, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Облыс әкімінің гранты тағы 11 түлекке берілді. Оның 10-ы дене шынықтыру мұғалімі, 1-еуі кітап ісі мамандығымен оқиды. Осылайша, биыл облыс әкімінің арнайы грантымен жоғары білімді тегін алатын түлектер саны 89-ға жетті.
Атырау облысы