Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшілігі БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхитқа арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (АзТМЭӘК) қолдауымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған бейнеконференциясын өткізді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.
Виртуалды форматта алғаш рет өткен іс-шара барысында Семей полигонының қасіреті туралы қысқаша деректі фильм көрсетілгенен кейін қатысушылар ядролық қаруды қолдану және сынау құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
Елші Раушан Есбулатова өзінің құттықтау сөзінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруға қарсы жаһандық бастаманы ілгерілетудегі айрықша рөлін атап өтті.
Әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен бас тарту халықаралық қоғамдастыққа жас Қазақстанның бейбіт ниеті туралы айқын белгі берді. Бұл тарихи қадам елдің халықаралық қызметінің болашағын анықтады. Қазақстан Елбасының басшылығымен ядролық қарусыздану мен таратпаудың ең белсенді жақтаушыларының біріне айналды.
Республикамыз ТМД-ға мүше-мемлекеттердің арасында алғашқы болып Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қосылды. Семей шартына қол қою арқылы Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ құрылды – бұл Солтүстік жарты шардағы осындай алғашқы аймақ болды.
Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланды. 2015 жылы БҰҰ БА Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларацияны қабылдады. 2017 жылы Қазақстан аумағында МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкін құру барлық мүдделі мемлекеттерге бейбіт атомға қол жетімділікті ашты. Қазақстанның ядролық қарусыздану ісіне бейілділігінің тағы бір дәлелі – мемлекетіміздің жаппай қырып-жою қаруына тыйым салу саласындағы заңды олқылықтың орнын толтыруға бағытталған Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялауы болды. Р.Есбулатова іс-шараға қатысушыларға Н.Назарбаев БҰҰ мінберінен мәлімдеген 2045 жылға дейін ядролық қарудан азат әлем құру туралы өршіл мақсатқа жету үшін күш-жігерді біріктіруге шақырды.
АзТМЭӘК Атқарушы хатшысы Армида Салсиа Алишахбана іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстан бастамасы Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ядролық жарылыстардан зардап шеккендерді еске түсіріп қана қоймай, 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы күн тәртібі үшін бірігуге шабыттандыратынын атап өтті.
Бейнеконференцияда АзТМЭӘК басшысымен қатар Аустрия мен Чили Елшілері, Таиланд СІМ Халықаралық ұйымдар департаменті Бас директорының орынбасары, сондай-ақ Жапония, ОАР және Шри-Ланка елшіліктерінің өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар Қазақстан елшілігіне іс-шараны өткізу бастамасы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, таратпау саласындағы проблемаларды шешудегі, халықаралық ядролық қарусыз бастамаларды ілгерілетудегі республика басшылығының қызметін жоғары бағалап, ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу үшін әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіруге шақырды.
Сонымен қатар, Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының директоры А.Ахметов азаматтық қоғам атынан сөз сөйлеп, ядролық сынақтарды толық және жаппай тоқтату үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған осындай іс-шара Қазақстан Елшілігінің бастамасымен АзТМЭӘК штаб-пәтерінде үшінші жыл өткізіліп, жақсы дәстүрге айналды.