«Ауыл» партиясы ауылдық фельдшерлерге COVID-19-бен ауыратын науқастарды диагностикалау, алдын алу және емдеу бойынша онлайн-оқыту семинарларын бастады.
Жақында партияның Орталық аппаратының еріктілері мен белсенділері жүргізген ауылдық аймақтардағы медициналық қызметтердің сапасына жүргізілген мониторингтің қорытындысын шығарды. Талдау ауыл тұрғындарының көптеген мәселелерін көрсетті. Соның ішінде медициналық персоналдың, фельдшерлік пункттердің, дәріханалардың, жедел жәрдем машиналарының жетіспеушілігі байқалды. Ауыл дәрігерлері коронавирустық инфекцияны емдеуде ақпараттың жоқтығына шағымданды. Осы мониторингтен кейін «Ауыл» партиясы ауылдық фельдшерлерге арналған онлайн-оқыту курстарын ұйымдастыруға шешім қабылда- ды.
Онлайн-курстардың алғашқы эфирін Нұр-Сұлтан қаласының дәрігерлері, жоғары санатты невролог-эпилептолог дәрігер, «Астана медицина университеті» КеАҚ, Психиатрия және наркология курсы бар неврология кафедрасының доценті Алтынай Мұқашқызы мен жоғары санатты невролог дәрігер Гүлнәзия Сәдуақасқызы өткізді. Спикерлер осы жазда провизорлық орталықтарда жұмыс істеп, індет жұқтырған науқастарды емдеуде мол тәжірибе жинаған.
Бейнеконференцияға еліміздің барлық аймақтарының ауылдық елді мекендер дәрігерлері қосылды. Спикерлер Covid-19 симптомдарын суық тиюдің белгілерінен қалай ажыратуға болатыны туралы практикалық кеңестер берді. Емдеу хаттамалары туралы айтып, індеттен кейінгі кезеңде пациенттерді оңалтуға тоқталды. Олардың айтуынша, емдеудің толық курсынан кейін пациенттерді 3-6 ай бақылауда ұстау керек.
«Бұл пациенттердің көпшілігінде асқынулардың болуына байланысты. Ковидтің жүрекке әсері күшті. Сондықтан қазір біз инсульт пен инфарктпен ауыратындарды көптеп кездестіреміз», деді Г.Сәдуақасқызы.
«Астана медицина университеті» КеАҚ, Психиатрия және наркология курсы бар неврология кафедрасының доценті Алтынай Мұқашқызы аталған індетпен екінші рет ауырған жағдайлар барын алға тартты.
«COVID-19-бен ауырған пациентте антиденелер пайда болған соң қайталап ауырмайды деп қателесуге болмайды. Қазірдің өзінде науқастар екінші рет ауырған жағдайлар бар. Жаңа туған немерелерінен жұқтырған егде жастағы науқастарды кездестіреміз, оларда ауру симптомсыз өтеді», деп ескертті А.Елубаева әріптестеріне.
Бейнеконференция соңында спикерлер дәрігерлерді пациенттерін спортпен шұғылдануға ынталандыруға, тыныс алу жаттығуларын жасауға, жақсы көңіл күйде жүруді ұмытпауға және дұрыс тамақтануға көп көңіл бөлуге шақырды.