Түркістан облысында коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында 5 шілде мен 1 қыркүйек аралығында 53 мобильді топ карантин режимі кезінде қызметін жүзеге асыратын обьектілерге мониторингілеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 19 489 нысан тексеріліп, карантин талаптарын бұзған 2 181 нысан анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ҚР ӘҚБ Кодексінің 425 бабының 1 тармағымен 2097 жеке тұлғаға 30 АЕК көлемінде, 67 жеке кәсіпкерге, 7 заңды тұлғаға, 10 лауазымды тұлғаға хаттамалар толтырылып 230 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Жалпы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2181 хаттама толтырылып, 114 млн 217 470 теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 86 млн 985 960 теңгесі өндірілді.
Бүгінгі күнге дейін 41 беташар, 6 келін түсіру, 23 қыз ұзату, 5 құдайы тамақ, 16 құдалық, 5 бесік той, 2 тұсау кесер, сүндет той, 10 ұжымдық жиын, жалпы 108 отбасылық, мерекелік іс-шаралар анықталып, тоқтатылды.
Облыс бойынша 1 қыркүйекке дейін қызметін қайта бастауға InfoKazakhstan.kz сайты арқылы санитарлық нормаларға сәйкестік актісін алуға 27 410 өтініш келіп түскен. Соның ішінде 23 617 нысанға хабарлама беру арқылы, 165-іне көріп тексеру арқылы рұқсат берілген. 1220 өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған және 75 нысан қаралуда.