Бұрын Шығыс Қазақстан облысында тұрған әйел жолаушылап кеткеннен кейін отының басына он бес жылдан кейін оралды. Бұл аралықта оның балалары ер жетіп, азамат атанды. Ал күйеуі қайтып үйленбепті. Сол уақыттан бері әйелі күтіп жүріпті. Бұл туралы yk.kz порталы хабарлады.
Сайт хабарлағандай, Шығыстағы Тұғыл ауылының тұрғыны Ләззат Бисеқанова 1999 жылы табыс таппақшы болып Алматыға жол тартады. Себебі, сол тұста елдегі жағдай әлі ауыр еді. Отбасын асырау қамы оны осы сапарға итермелейді. Үйінде жолын тосып үш баласы мен күйеуі қалады. Бірақ келіншек сол кеткеннен мол кетеді. Содан бері оны көрдім-білдім деген бір адам табылмайды. Артында қалған жоқтаушылары әрі-бері іздестіріп те көреді. Сөйткенмен, еш дерегі шықпайды. Жұрттың бәрі оны сосын «өлдіге» санайды. Кейін туғандарына оның қайтыс болғаны туралы анықтама қағазы да беріледі. Бірақ Ләззат тірі еді.
Қазір белгілі болғандай, келіншек оңтүстік мегаполиске жеткен жүріп келе жатқан көліктің астына түсіп қалады. Басынан алған ауыр жарақатымен ауруханаға жатқызылады. Есін жинаған кезінде қайдан келгенін, өзінің кім екенін есіне түсіріп, айтып бере алмайды. Ол емдеу орнынан шыққаннан кейін сонда істейтін бір тазалықшы әйел үйіне алып кетеді. Бұған разы болған Ләззат оның үйіне жөндеу жүргізіп береді. Мұнысы үй иесіне ұнайды. Сосын ол құрбысының үйін жөндеттіреді. Осылайша біртіндеп әйелдің жағдайы түзеле береді. Бара-бара өзі үй жалдап тұратындай дәрежеге жетеді.
Жақында Тұғылда қатар тұрған көршісі Ләззатты дүкенде кездестіріп, танып қалыпты. Содан кейін дереу әйелдің күйеуі мен балаларына телефон шалыпты. Өткен сенбі күні Защита стансасына келіп түскен Ләззатты туған-туыстары, күйеуі мен балалары тайлы-таяғымен күтіп алды.
Мұрат Айтқожа.