Кеңес Одағының және Қазақстанның халық әртісі, Кеңес Одағының және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекетаралық «Достастық жұлдыздары» сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Отан», «Құрмет» ордендерінің, ЮНЕСКО-ның әлем киносы алдындағы еңбегі үшін берілген «Алтын қыран» орденінің иегері…
Асанәлі Әшімовтің атақ-лауазымын осылайша тізбелей беруге болады. Бірақ сол қажет пе? Актердің қадір-қасиетін қазаққа айтып жату артық екені анық. Сондықтан да алаштың айтулы тұлғаларымен ауық-ауық етек-жеңі кең пішілген әңгіме-дүкеннің негізінде әдетте көлемді материалдар салынатын «етжеңді» нөмірлерде жарияланып жүрген «Өмір өрімдері» айдарының кезекті қонағы атақты актер болуы әбден табиғи жай. Енді, қадірменді оқырман, актермен таяудағы әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.
Кеңес Одағының және Қазақстанның халық әртісі, Кеңес Одағының және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мемлекетаралық «Достастық жұлдыздары» сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Отан», «Құрмет» ордендерінің, ЮНЕСКО-ның әлем киносы алдындағы еңбегі үшін берілген «Алтын қыран» орденінің иегері…
Асанәлі Әшімовтің атақ-лауазымын осылайша тізбелей беруге болады. Бірақ сол қажет пе? Актердің қадір-қасиетін қазаққа айтып жату артық екені анық. Сондықтан да алаштың айтулы тұлғаларымен ауық-ауық етек-жеңі кең пішілген әңгіме-дүкеннің негізінде әдетте көлемді материалдар салынатын «етжеңді» нөмірлерде жарияланып жүрген «Өмір өрімдері» айдарының кезекті қонағы атақты актер болуы әбден табиғи жай. Енді, қадірменді оқырман, актермен таяудағы әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.
– Ардақты Асеке! Газетімізде «Өмір өрімдері» деген айдармен шығып жүрген сұхбаттарды оқып тұрады екенсіз. Ана жылы бабаңыз Ысқақ пірәдардың Сарысудағы асына шақырғаныңыз, әзіл-шынын араластырып: «Сәбит ағаңмен ғана сөйлесе бермей, ара-арасында бізбен де шүйіркелессейші» дегеніңіз есімде. Сізбен сұхбат жасау талайдан өзімнің де ойымда жүрген. Алматыға сіз үшін арнайы келіп отырмын. Бастайық әңгімемізді. Мен өзімді сізбен жерлеспін дей алатынымды кейін ғана білдім. Қазығұрт жерінде туғаныммен, біздің ауыл мақта егетін жерлерді игеру деген науқанның пәрменімен 1954 жылы Келес ауданына көшірілген. Балалық, жастық, жігіттік дәуреннің бәрі көркем Келестің бел-белесінде өткендіктен, туған жерімнен кем көрмеймін. Қызық болғанда, сіз Келесте туған екенсіз…
– Ой, журналистердің де қазып таппайтыны жоқ. Оны қайдан естідің?
– Естігенім жоқ, оқыдым. «С любовью – ваш А.Ашимов» деген ғұмырбаяндық кітабыңыздан.
– Оқысаң – солай. Жалпы, менің ата-тегім елдің батыс бетінен. Атырау жақтан. Сырым бастаған көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін соған белсене қатысқан бабаларымыз аумалы-төкпелі заманда мына Арқа жағына келген екен. Әкемнің әкесі Жаңаарқа жақта туған. Отызыншы жылдардың басындағы ашаршылық кезінде Өзбекстан жаққа өтіп кетіпті біздің ауыл. Біздің ағайындарымызды Ораз Жандосов бастап, осы қазіргі Сарысу жаққа алып келіп, аудан құрыпты. Олар сұрап жүріп, аудан атын Сарысу қойғызыпты. Арқа жақта Сарысу деген өзен бар ғой. Жаңағы хабарды, яғни ел жиналып, орналасып жатыр екен дегенді естігеннен кейін біздің ауыл үдеріле көшіп, Сарысу жақты бетке алып шыққан. Қазақтың көші деген, әсіресе алысқа баратын көш тоқтамай жүре бермейді ғой. Қоналқаны былай қойғанда, әр жер-әр жерде шаруаның жайымен апталап тұрып қалуы да мүмкін. Мен сол көш Келестің тұсына келіп, аз уақыт аялдаған күндерде дүниеге келіппін. Шешем айтатын, қар еріп жатқан кез еді деп. Қар деген көктемде де, күзде де ери береді ғой… Құжат аларда күзден көктемі дұрыс шығар деп қиыстырып толтыра салғанмын. 8 мамыр деп. 9 мамыр деуге батпаған болармын.
– Студент кезден бергі досыңыз Сәбит Оразбаев Алматыға келгенде алдымен құжаттарын мал дәрігерлері институтына өткізген екен. Сәбеңе ауылдағы ағалары «Малдың тәуібі болып кел, ауылдағы малды емде» деп тапсырыпты. Сізге агроном болуды кім тапсырып жүр? Егер Райымбек досыңыз Асқар Тоқпановқа жолықтырмағанда, Асекең: «Қазақстанда азар болса бір агроном кем болар» деп консерваторияға сүйрелемегенде тағдырыңыз қалай қалыптасар еді деп ойлайсыз?
– Ол кезде ауыл балаларының көбі СХИ мен зооветтен басқа оқуды онша біле қоймайтын. Мен мектепті Кентауда бітірдім ғой, қайткенмен аздап қала көріп қалдық, рудниктегілерге қарап инженер болсам ба екен деген бір ойдың жылт еткені рас, бірақ оған математикамен онша достығымның жоқтығы жібермеді.
– Иә, әнеу күні осы әңгімеде қойылады-ау деген сұрақтардың нобайын жіберуге электронды поштаңыздың адресін сұрағанымда: «Біз ондайға дейін төмендемейміз ғой...» деп әзілмен жауап қайтарғаныңыз есімде.
– Содан кластас досым Райымбек екеуміз (атақты актер Райымбек Сейітметов – С.А.) бір мәнісі болар деп Алматыға тартып кеттік. Келгенше қай оқуға тапсыратынымызды да шешкен жоқпыз. Бағымызға қарай, біз өзге институттарға құжат тапсырып жүргенімізде «Казахстанская правда» газетіне бір хабарландыру шыға келіпті: «При консерватории открывается актерское отделение, которое готовит актеров театра и кино» деген. Райымбек газет сөзін тап сол күйінде жаттап та алыпты. Оған дейін консерваторияға түсіп, әншілер дайындайтын факультетте бір жыл оқып үлгерген Сәбит Оразбаевтың жаңағы актерлік бөлімге ауысып жүргені сол тұста. Мен бұл кезде ауыл шаруашылығы институтына түсіп қойғанмын. Агрономия факультетіне. Райымбек мектепте көркемөнерпаздар үйірмесінің белсендісі болатын. Жіңішке ұзын сары, шашы бұйра, әдемі жігіт. Жаңағы хабарландыруды оқып, консерваторияға барған екен, оны Асқар Тоқпанов бірден қабылдапты. Тіпті топтың старостасы етіп қойыпты. Асекең қойқаң-қойқаң мінезі бар қызық кісі еді ғой, оқуға жаңа іліккен Райымбекке айтыпты, «Оқуға түспей жатып, бастық болдың. Жумайсың ба?» деп. Содан Райымбек әрі ойлап, бері ойлап, ақыры бір туысқанының үйіне шақырды. Алғаны – жалғыз бөтелке шампан. Сол бөтелкенің бел ортасынан ауа бергенде (ішетін жалғыз өзі) Асекең маған қадала бір қарап қойды. «Бала, сен қайда оқып жүрсің?». «Сельхозда». Тағы бірер фужерден кейін тіпті қадалып: «Ай, Райымбек, мына балада бірдеңе бар… Ертең мұны маған алып келші» деді. «Қазақстанда азар болса бір агроном кем болар» дегені де сол кезде. Райымбек өзінше маған режиссер болып, «Жас гвардия» деген романнан Олег Кошевойдың монологын түнімен жаттатты, қалай оқу керек екенін түнімен үйретті. Содан бардық қой ертеңіне консерваторияға. Аяқ-қол дір-дір етіп, едел-жедел жаттаған сөздерімді айқайлап айтып шықтым. Комиссияда төрт адам отыр. Төртеудің екеуі бір көзден соқыр. Байқаймын, көңілдерінен шыққан жоқпын. Жаңағы екі соқырдың екеуі бір-бір ауыз сөз айтты. Бірінші соқыр: «Бұл бала өзі ауыл шаруашылығы институтында оқып жүр екен, сонда оқи берсін», деді. Екінші соқыр баяу дауыспен: «Бала жас қой, әлі үйренеді ғой», деді. Сондағы бірінші соқыр Бекен Жылысбаев екен де, екінші соқыр Ахмет Жұбанов екен… Ахаңның «үйренеді ғой» деген бір ауыз сөзімен осы күнге жетіп, алдыңа келдік қой.
– Сәбит Оразбаевпен сұхбатта сіздің жатақханадан шығарып жіберілгеніңіз, досыңыздың бөлмесінде жасырын тұрып жатқаныңыз, ректор өзі іздеп келгенде терезеден шығып қашып кеткеніңіз айтылған еді. Құддыс Қожамияров студенттің соңына неге түсіп жүр сонша?
– Соңыма түсіп жүргені – бір-екі фильмге түсіп едім. Ондай жағдайда сабақтарды өткізіп аласың ғой. Мен тіпті жиырма күндей жоғалып кеткенмін. Мәдениет министрі Қанапин қол қойған рұқсат қағазым болса да оқудан шығарып жіберді. Министрлікке шақырып, сөйлескенде: «Или Ашимов, или я» деп тұрып алыпты. Ол кезде Құддыс ағаның әбден дүрілдеген кезі. Юсупов көкеміз – бірінші хатшы. Бірақ мен консерваториядан кетпей қойдым. Аудиторияға келіп, арт жаққа отырып аламын. Оқытушылардың біреуі жақтырып, біреуі жақтырмай, қарайды да қояды. Шығарып жібермейді. Кешке барып қонатын жерім – Сәбиттің бөлмесі. Апасын ауылдан алдыртып, оған бір бөлме берген. Сөйтіп жүргенде бір күні маған әскерге шақырған қағаз келді. Оқудан шыққан адамды әскерге алады ғой. Военкоматқа бардым. «Ертең бақыраш ыдысыңды, шанышқы, пышақ, қасығыңды алып кел» деп жіберді. Шашымды тықырлап алып тастады. Қой, бірге оқып жүргендермен қоштасайын деп консерваторияға келдім. «Әскерге кететін болдым» деп түсіндіріп, есіктен шығып бара жатсам, бұл сәттілік дегенді қойсаңшы, И.И.Масалович деген завуч әйелдің алдымнан шыға келгені. Түрімді көріп, селк ете қалды. «Ашимов, что с тобой?», дейді. Білетін орысшаммен: «Вот, отправлюсь в армию» деп жатырмын. Сөзімді естіп алды да, жаңағы әйел мені дереу кабинетіне кіргізіп, есікті жапты. Тез арада маған консерваторияда оқиды деген анықтама жазып берді. Салып ұрып жаңағы қағазды военкомға апардым. «Почему сразу не сказал?» деп таңданып жатыр. Ұмытып кетіппін деген сияқты бірдеңені айттым. Қысқасы, жаңағы әйел есік алдында кездесіп қалмаса ертеңінде әскерге аттанғалы тұр едім. Кім біледі, екі-үш жылдан кейін актерлік оқуға келер ме едім, келмес пе едім? Онда тағдырым қалай болар еді? Мен осының бәрін ұлы бабам Ысқақ пірәдардың өзімді желеп-жебеп жүруінің арқасы деп білемін.
– Ысқақ пірәдар туралы айтқандарыңызды бұрын Астанада жолыққанда, ақындар айтысынан кейін «Аққу» ресторанындағы бас қосуда естігенмін. Бабаңыз аруағының сізді желеп-жебеп жүретінінде мистикалық жайлар да бар сияқты. Пірәдар атаңыз сізге қалай көмектеседі?
– Төрт жасымда қатты ауырыппын. Әкем әскерге кететін жылы. Иығымның бір жағының сүйегі тесіліп, су аға береді екен. Әкем күнде бір жылан әкеліп, жаңағы жерге тартып тастайды, жыланның еті соратынын сорып, құрғап қалады, біраз күннен кейін қайтадан ашылып кетеді. Содан әкем әскерге кетерде менен ұрпақ қалмайтын болды ғой деп әбден жылапты. Ол кезде ауылға арбалармен келіп, оны-мұны сатып жүретіндер болатын. «Айна бар, тарақ бар, алмасаң да қарап қал» деген сөздері жадымда. Апам әлгі саудагерлердің біреуіне бір пұт астық беріп, бес мысқал сынап сатып алыпты. Сынапты әкелген соң оны өлтіреді, кірін алады, соның ештеңесін жасамай жаңағы бес сынапты аузыма бірден салып жіберіпті. Сенсең де сол, сенбесең де сол, әлгі бес сынап ақыры бойдан шықпай, денеме сіңіп жүре берген. Жаңағы тесілген жер де бітеліп қалған. Соны қазіргі дәрігерлерге айтсам, нанбайды. «Мынауыңыз төрт жасар бала тұрмақ, ересек адам да көтермейтін доза, бұл мүмкін емес», дейді. Қайтейін, дәл солай болған. Дәл сол күні дәл сол ауылға сонша сынаптың барып тұрғаны, Райымбектің мені Асекеңмен жолықтыра қалғаны, әскерге кеткелі тұрған жерімнен алдымнан ұстазымның шыға келгені сияқты желеп-жебеуді мен көп көрдім. «Қыз Жібекке» түсіп жүргенімде дәл мен шауып өтетін тұстан Қапшағайдың бір жартасы суға қарай опырыла құлап, тастың астында жаншыла жаздағанымда да атым басын алып қашып, аман қалғанмын. Мұндай жағдайлар көп. Орысша сұхбаттар бергенімде Ысқақ бабамды «Мой ангел-хранитель» деп талай айтқанмын.
– Асеке, сіздің өміріңіз – бай да мағыналы өмір. Қазақтың небір жақсысымен, жайсаңымен бірге болдыңыз, кешегі Кеңес Одағының талай атақты адамымен де, әлемге әйгілі актер, режиссерлермен де араласып-құраластыңыз. Сіз кітабыңызда өзіңіз пір тұтатын үш адамды бөле атайсыз. Шәкен Айманов, Сәбира Майқанова, бабаңыз Ысқақ пірәдар. Бабаңыз жөнінде айттыңыз. Енді Шәкен ағаға келейік. Сіздің өз өміріңізде, жалпы қазақ өнерінде Шәкен Айманов қандай орын алады?
– Мен Алматыға келгенімде әртістердің ешқайсысын білгенім жоқ. Елубай Өмірзақовты біреулер көшеден көрсеткенде шошып кеткенім бар. Амангелдіні басқа біреу ойнайды екен деп те ойламайтын, әртіс дегенді тек ән айтатын, домбыра тартатын адам деп санайтын кезіміз ғой. Біз консерваторияға түскенде Шәкен аға театрдан киноға ауысып жатыр екен. Оның өзі де көрегендігі ғой. Экранның мүмкіндігін, халықты танытатын жаңа өнер екенін дер кезінде сезінгені ғой. Шәкеннің дарынын жай сөзбен түсіндіріп айту қиын. «Асауға тұсауда» Катарина – Хадиша Бөкеевамен сахнаға шыға келгенде көрермен түгел орнынан тұрып кететінін талай көрдік. Бәрін іштен оқып туған адам болатын. Қандай ортада да қысылып-қымтырылу дегенді білмейтін. Талай фестивальдерге бардық, бес-он минуттан кейін жұрттың бәрі «Шакен Кенжетаевич, Шакен Кенжетаевич» деп шыға келетін. Шекспир кейіпкерлерінің ұлы орындаушысы Оливьемен де тең тұрып араласқан адам. Оливье Шәкенді машинасына отырғызып, офисіне алып барған. Содан екеуі вискилетіп, төмен түссе Оливьенің машинасы от алмайды дейді. Рөлге отыратын адамнан алкогольдің иісі шықса от алмай қалатын машина екен. Жаңағы жерде он бесінші қабаттан көмекшісін шақырып, рөлге сол отырып, бұларды алып келіпті. Мәскеудегі бірінші халықаралық кинофестивальде Шәкен Элизабет Тейлормен ресторанда буги-вуги билеп, бірінші орын алған. Ол биді ол кезде Кеңес Одағында ешкім білмейді. Алматыдан барған Шәкеннің білуі тіпті мүмкін емес. Джаз стиліндегі би. Жастарға «Сегодня ты играешь джаз, а завтра родину продашь» деп ұрсатын кез. Сонда Шәкеннің хваткасы керемет болып тұр ғой. Бірер рет қана көре салысымен қағып алып, билеп қана қоймай, бірінші орын алып жүргені шынында да керемет алғырлығының арқасы. Шәкен Лоуренс Оливьемен де, ауылдың шалдарымен де бірдей сөйлесе беретін. Диапазоны сондай еді. Жаңағы шалдармен сөйлесіп отырғанда Шәкен аға маған сексендегі, тоқсандағы қарт кісі болып көрінетін. Мен Майраға үйленіп, әкемнің өзінен екі жас кіші інісі Қасым аға Шәкен құдасымен бірігіп, Алматыда той жасағанда Шәкеңдер 42-43-те екен.
– 56 жасында кетті ғой.
– 56 жасында кетті. Бір таңғаларлығы, қазақ кинорежиссурасының үш алыбының үшеуі де – Шәкен де, Мәжит те, Абдолла да – өмірден 56 жасында кетті. Айтқандай, Майра да дәл 56 жасында қайтыс болған еді.
– Сол тойды айтыңызшы. Өзіңіз майын тамызып жазыпсыз. Жалпы, кітабыңыздың әдеби нұсқасын жасап шыққан Ғалия Шымырбаеваның еңбегін де осы арада разылықпен атай кетейік.
– Иә, диктофонға айтқандарымды өрнекті тілмен өріп отырған. Содан, әлі есімде, екі жақтан 1000 сомнан қосылып, 2000 сомға той жасалды. Ақшаның құнды кезі ғой. Екі мың сом деген қырғын ақша. Қаланың қақ ортасында, Панфилов паркінде ағаштан жасалған ресторан бар еді. Сонда өтті. Әуезовтен бастап қазақтың игі жақсысының бәрі қатысты сол тойға. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский… бәрі болды. Менің жанымда Сәбит, Райымбек сияқты бірге оқитын балалар бар. Біз, үйленетін жастар, күйеу жолдас, қыз жолдасы, достарымыз бәріміз есік жақта отырдық. Жастарға арналған бір-ақ үстел. Оның өзі, жаңа айттым ғой, есік жақта. Төр жақта – ағалар, апайлар. Шаралар билеп, ағайынды Абдуллиндер рөмкелерге арақ-шарап құйып, қызмет етіп жүр. Ермек Серкебаевтың да уыздай жас кезі. Бізге көңіл бөліп жатқан адам шамалы. Бір кезде ғана жастарды ортаға шақыртып, билетті. Өзімізше вальс биледік. Билеп болғанша арқам терлеп кеткені есімде. Қазір мен айтамын, есіктен бастап едім, төрге қарай жүріп келе жатырмын деп. Тойды ұйымдастырғандар әдейі солай жасады ма, әлде жастарға осы жер де жарайды деп отырғыза салды ма, ол арасын білмеймін. Бірақ, мен үшін бұл терең мәні бар шешім болып шықты. Сол тойда үлкен кісілермен дұрыстап суретке де түспеппіз. Тек Сәбит досым түсірген бірер сурет қана қалды.
– Сүйікті жарыңыз туралы «Майраның әні» деген тамаша кітап жаздыңыз. Жұртшылық жақсы қабылдады. Әйтсе де, бұл сұхбатта ол кісінің сіздің өміріңіздегі орны жөнінде қайталай болса да айтқаныңызды қалар едім.
– Майра консерваторияда вокал факультетінде оқыды. Ол кезде мен ауылдың баласымын, ұялшақтау, тұйықтау едім. Мен тіпті Майрамен танысып жүріп, консерваториядағы бір балерина қызды жақсы көріп қалып, Майра арқылы хат та беріп жібергенім бар… Майра бірақ ол хатты жеткізбепті. Сөйтетін себебі мені өзі теріс көрмейді екен. Кейін маған Гетенің бір томдық лирика кітабын сыйлап, содан екеуміз аздап араласып, екі жылдай, сол кездің тілімен айтқанда, «дружить» етіп жүрдік. Бірақ, Майраның ата-анасы әуелде мені қалай қоймады. Тоқпановтың шәкірті дегеннен кейін шешесі тіпті безе қашыпты. Асекеңді ұнатпайды екен. Жындысүрейлеу деп санайды екен. Шындықты оңды-солды бетке айтып жүретін адам кімге жақсын. Жарықтық дипломатияға онша жоқ болатын. Қысқасы, мені ұнатпады ол кісі. Үйлеріне бір барғанымда: «Аяғына қарашы, аяғына, киген туфлиінің түрін…» деп сөйлеп жатқанын естіп қалғаным есімде. Ол өзі Кентаудағы гректер тіккен туфли болатын. Сары, қызыл, ақ терілерді араластырып, комбинированный етіп тіккен. Өзімше оны қатқан туфли көріп жүргенмін. Сөйтсем, талғамсыздықты танытуға таптырмайтын туфлидің тап өзі екен.
Адамды ашатын бір сәттер болады ғой. Сондай сәт мен үшін Майраны жерлестердің кешіне алып баруым болды. 7 қараша – ол кезде үлкен мейрам. Біз барғаннан-ақ қыз-жігіттер ду ете қалды, «Ой, артистер келді» деп. Бір-екі фильмде көрініп қалған кезім. Жаңа саған сыйлаған мен туралы фотоальбомда («Асанәлі Әшімов. А., «Өнер», 2012 – С.А.) «Выпускники каз СШ им.Алтынсарина г.Кентау Чимкентской области, обучающиеся в вузах г.Алма-Аты (1962)» деген винетка бар, сонда мені студент болсам да «киноактер» деп жазып, фотомды өзгелерден үлкендеу етіп берген. Жанымдағы қыз Шәкен Аймановтың қызы екенін де біраз жұрт біліп қалыпты. Содан бізді қолпаштап, маған арақ құйды. Студенттерде рөмке қайдан, қырлы стақандарға құяды. Бір жағынан намысқа тырысып, бір жағынан жаңағы қолпаш сөздерге көңілім өсіп, тартып-тартып жатырмын… Есімді жисам, таң атқан. Кеш өткен бөлменің жанындағы бір бөлмеде жатырмын. Менен басқа да домалап жатқандар бар. Солардың біреуі – жерлесім, бір-екі әнімен аты жаңа шыға бастаған Ілия Жақанов… Бас жағымда шоқиып Майра отыр. Түні бойы мені күзетіп шығыпты, қолындағы дымқыл орамалын маңдайыма басып-басып қояды. Сол күні мен Майраның өмірімді арнауға болатын адам екенін таныдым, түсіндім. Не айтары бар, періштедей еді ғой. Майра қайтқанда апамның: «Дүниеге періште болып келіп, дүниеден періште болып кетіп бара жатқан жарығым-ау!» деп, келінінің мәйітіне құлап, зар еңірегені жұрттың бәрін жылатқан. Енесін сондай қадірлеп, сондай күтіп еді. Шетелге шыға қалса алдымен апама сәлем-сауқат іздейтін.
Мені кәдімгі бір үлкен ұлындай аялайтын. Не жасыратыны бар, «Кешегі ел қыдырған есер шақта» дегендей, атағымыз шығып, халық алақанына сала бастағанда, қыз-қырқынның көз құртына айналған кезімде оңды-солды жүрісім де болмай қалған жоқ. От та бастым. Майра соның бәрін түсінді, соның бәрін кешірді. Жүрегі кең еді, бәрін салқын сабырға сала білетін.
– Асеке, сіздің атыңызды сол кездегі Одақ көлеміне жайған алғашқы рөл – «Атаманның ақырындағы» Қасымхан Шадияров. Қазақ кино актерлерінің қадір-қасиетін бүкіл Кеңес Одағына Нұрмұхан Жантөриннен кейін лайықты танытқан адам – Асанәлі Әшімов. Бұл шығар күндей шындық. Шәкен Аймановты кезінде фильмінің басты рөліне өзінің күйеу баласын түсірді деп айыптағандар аз болмаған дейді. Тегінде, ол сөздер фильм дайын болғанша айтылған шығар.
– Шәкен ағаны олай деп кінәлайтындар тіпті Орталық комитеттің бюро мүшелерінің арасында да болған. Бюро мүшелері «Атаманның ақырын» көргенде Асанбай Асқаров фильмнен кейін пікір алысу кезінде сондай бір сөз қосып қалыпты. Сонда Шәкен қарсы сөйлеп, менің кино түсіру кезінде суға ағып кете жаздағаныма дейін айтып, ренішін білдіріпті. Димекең екеуіне басу айтып, үлкен әңгімені кішірейтпеңіздер деген екен. Шәкен туысқан іздесе фильмдеріне дәйім інісін – Кәукен Кенжетаевты түсіріп отырар еді. Олай етпеген ғой. Маған күйеу баласы ретінде кеңшілік жасаған емес. Шәкен аға мені сол рөлді алып шыға алатыныма сенді де, сол рөлді маған берді. Мен ағаның сенімін ақтадым деп ойлаймын. Фильм толық біткен кезде үйіне барғанымда бір-ақ ауыз сөз айтқаны бар. Арқамнан қағып, «Бала, жақсы» деп еді. «Атаманның ақырындағы» рөліме байланысты бар айтқаны сол. Жаңағы әңгіме фильм экранға шыққаннан кейін тыйылғаны анық.
Шәкеннің үлкен бір жоспары бар еді. «Атаманның ақырын» бітірген соң Мәскеуде Чухрай оған: «Детективті әбден меңгеріпсің, менің студиямда жақсы материал бар, соны сен түсірсең қайтеді?» деп ұсыныс жасапты. Сонда Шәкең Чухрайға: «Жоқ, мен басқа жұмысқа дайындалып жүрмін. Басты рөлге актерім дайын», депті. Ол жұмысы – «Абай жолы» бойынша фильм түсіру еді ғой. Оны көруді біздің маңдайымызға жазбапты.
– Кітабыңыздың Сәбира Майқанова туралы тарауын «Мать театра» деп атапсыз. Сәбира апайдың да рухын бір тербеп өтейікші.
– Кезінде Сәбира апай туралы мақала жазғанмын. Бір сұхбатымда «Әйелдердің Қаллекиі» деп атағаным да бар. Сәбира апай сахнаға шыға келгенде сахнаны керіп жіберетіндей әсер қалдыратын. Толғанайды бір ойнап шыққанда апай 4-5 кило салмақ тастайды екен. Ғажап еді. Театр үлкейіп, сахна далаға, тауға айналып кететіндей болушы еді. Өмір өнерге айналып жүре беретін. Өнердің шындығы өмірдің шындығына ұласатын. Шеберліктің шыңы шындық қой.
– Мына сөзіңіз жазушының сөзі болып шықты.
– Асанәлі Әшімовтің Жазушылар одағының мүшелігіне не үшін қабылданғанын өздерің жаздыңдар ғой…
– Қазақ өнеріндегі ұлы бейнелердің бірі – «Қыз Жібектегі» Бекежан. Оған ешкімнің дауы жоқ. Бекежан образының кілтін сіз қалай таптыңыз?
– Әуелде Сұлтан Қожықов мені ол рөлге бекіткісі келген жоқ.
– Айтқандай, Бекежан рөліне тағы кімдер таласып еді?
– Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Кәукен Кенжетаев, Әнуар Молдабеков түскен киносынаққа. Мен киносынаққа бір жақсы сцена дайындадым. Соны Ғабит Мүсірепов көріп, бірден айтыпты: «Мынау дайын Бекежан ғой» деп. Ғабең айтса – заң. Сөйтіп, бекідім де кеттім. Қуанышымда шек болмады. Алматының көшесінде келе жатып өзімнен-өзім сөйлеймін, өзімнен-өзім мәз болып күлемін. Актер атаулы армандайтындай рөл ғой бұл! Оның үстіне фильмде! Сол күні-ақ Құрманбек аға Жандарбековті тауып алып, кинода жаңа рөл тигенін «Алматы» ресторанында жуып, көкемнің батасын алдым. Әйтсе де, көпке дейін маған Сұлтекеңнің күмәні көп болды. Кейіпкерді пайымдау жөнінде біраз таластық. Мен айтамын: ол кезде мына жер бетінде жаман қазақ жоқ, бәрі таза, бәрі аңғал, олардан жауыздық шықпайтын. Не істесе де шын жүрегінен, күйгеннен, сүйгеннен, қызғаныштан, намыстан істейтін. Тіпті керек десеңіз, Жібекке Төлегеннен гөрі Бекежанның қолы жетуінің қисыны көп еді. Оған жауын жеңіп берсе қызын қосуды қыз әкесі Сырлыбайдың өзі уәде еткен еді. Бірақ, ортаға Төлеген килікті. Жүрекке әмір жүрмейді екен деп, қыз таңдауы Төлеген болды екен деп Бекежан қалай махаббатынан өз еркімен бас тарта салады? Бақыты үшін күреспесе, оның жігіттігі қайда? Оның да намысы бар, оның да кеудесі бар. Намыс болғанда қандай, кеуде болғанда қандай! Сөйтіп, біз қазақтың көңілінде намыс ұғымын асқақтатып көрсетуді ойладық. Ақыры Сұлтекең менің айтқаныммен келісті. Фильм халықтың көңілінен шықты.
– «Халықтың көңілінен шықты» дегеніңіз кішіліктің сөзі. Нағыз классикаға айналды ғой. Әлі күнге көре береміз, көре береміз.
– Мен Бекежан рөліне де, Қасымхан Шадияров рөліне де бірте-бірте, сатылап көтерілдім. Жылдан-жылға тәжірибе жинап, рөлден-рөлге өсіп барып келдім. Өнерді мен табалдырықтан бастадым. «Асау Ертіс жағасында», «Бір ауданда», «Ұшы-қиырсыз жол», «Менің ұлым», «Жол торабы» деген сияқты нешетүрлі фильмдерге түстім. Арасында сәттісі де, сәтсізі де болды. Өнерде өз жолыңды бірден төрден бастайтын жағдайлар да болады. Одан кейін секіре алмай қаласың. Мысалы, Меруерт Өтекешова бірден Жібек болып бастады. Халықтың көз алдында солай қалды. Енді Меруерт қай бейнеде, қалай биіктейді? Қиын. Людмила Савельева бірден Наташа Ростова болып бастады. Оған да қиын болды. Әйтсе де бұлар өнерде қала білді. Басқадай жағдайлар да бар.
«Жас гвардия» фильмінде Сергей Тюленинді Сергей Гурзо ойнады, Олег Кошевойды Владимир Иванов ойнады. Екеуі де 17-18 жасында Мемлекеттік сыйлық алды. Содан байғұс Иванов даңқты көтере алмады, ақыры жынданып кетті. Сергей Гурзоға жасы 20-ға енді толғанда «Батыл жандар» деген фильмдегі рөлі үшін Мемлекеттік сыйлық тағы берілді. Ол 20-ға жетпей берілген екі Мемлекеттік сыйлықты алып жүре алмады, жынданбағанымен, актер ретінде таусылып бітті. Ал мына Ульянов, Смоктуновскийлер өнердің барлық белесінен өткен, облыстық, провинциялық театрлардан бастап, биігіне жеткен.
– «Транссібір экспресі» «Атаманның ақырының» жарасымды жалғасы болып еді. Карловы Вары кинофестивалінде Гран-при алды ғой. Прокаттағы табысы да ғажап болды. Оны көрушілердің саны тіпті «Атаманның ақырынан» да асып кетті. Бір жылда 50 миллион адам көрді. «Атаманның ақырының» өзін алғашқы бір жылда көргендердің саны 30 миллион адам болған. Фильм табысының сырын қалай түсіндірер едіңіз?
– Шәкең дүниеден қайтқаннан кейін 6-7 жылдай өткенде Эльдар Оразбаев екеуміз үйде отырып, ұстазымызды мұңайып еске алдық. Ағамызға қандай ескерткіш орнатамыз деп ақылдастық. Дәл сол сәттегі ойымыз кәдімгі ескерткіш болатын. Бір кезде, тағы Ысқақ пірәдар көмекке келді ғой деймін, аяқ астынан: «Эльдар, сен екеуміз Шадияровты жалғастырайық, Шәкен Кенжетайұлына бұдан артық ескерткіш қоя алмаймыз» дегенім. Эльдар жанып түсті. Эдуард Тропинин деген КГБ-нің полковнигі бар екен, өзі жазатын кісі екен. Сценарийдің бірінші нұсқасын сол жасады. Одан кейін бұл іске Андрон Кончаловский, Александр Адабашьян қосылды. Түпкі шаруаны қолға Никита Михалков алды. Шетінен шебер. Фильм табысының негізгі сыры – профессионализм. Лентаның өн бойына Шәкен жақсы көрген әуендерді пайдалану, Шәкеннің өзі айтатын «Жиырма бесті» қосу тіпті тамаша шешім болды.
– Сол тақырыпқа одан кейін түсірілген «Маньчжурия нұсқасы» фильмі алдыңғы екеуіндей сәтті шыққан жоқ десем келісесіз бе? Егер келіссеңіз, себебі неде? Келіспесеңіз – неліктен келіспейсіз?
– Өзім түскен фильмді өзім сәтсіз шыққан деп қайтейін. Оған да жанымның бір бөлшегін бердім ғой. Бірақ, «Маньчжурия нұсқасының» драматургиялық материалы бұрынғы екі фильмдегідей шымыр, жұмыр шықпағаны анық. Біз оның оқиғалық желісін бір жапон жазушысының хикаятынан алған едік. Қанша дегенмен, фильм үшін арнайы жазылмаған соң болмайды екен.
– Қасымхан Шадияров желісі кейіннен «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмінде де жалғасты. Мұнда ол наркомафиямен күресіп жүр… Атаман Дутовты өлтірген 1920-жылы жиырма жаста болғанның өзінде Қасымханыңыздың бүгінгі күнге дейін өмір сүруі неғайбіл еді дейтіндерге не айтасыз?..
– Не айтамын? Кино иллюзия жасауы керек. Өйтіп қарасаң Джеймс Бонд та экраннан баяғыда кетуге тиіс қой. Батыстағылар өйтпейді. Батыстағылар нөмірі 007 агент туралы фильмдерді түсіре береді, түсіре береді. Дегенмен, Қасымхан Шадияров Джеймс Бонд емес, менен кейін бұл рөлді басқа актер ойнамайды-ау деп ойлаймын. Фильмнің идеясын мен өзім ұсынған едім. Лента қазір мода болып тұрған экшн жанрында түсірілген. Режиссері – қазақтың тамаша талантты жігіті Қуат Ахметов.
– Фильм қызық түйінделеді. Финалда Қасымхан Шадияров Ресей наркомафиясының басшысымен шахмат ойнап, ұтады да есінен танып қалады. Тегінде, жүрек талмасы ұстаған сияқты. Сөйтіп, енді Қасымханның тағдыры тағы да сіздің қолыңызда тұр. Қаласаңыз – дәрігерлер оны аман алып қалады, қаламасаңыз – өмірден өтіп кете барады… Қандай ойыңыз бар?..
– Көреміз енді. Дәл қазір нақты жоба жоқ.
– «Қазақстандағы №1 киночекист» деген бейресми атақ алғансыз. Сіз түскен фильмдерге ұлттық қауіпсіздік қызметіндегілер кәсіби тұрғыдан қандай баға береді? Біз студент болып жүргенде, 1973 жылы ғой деймін, ҚазГУ-де өзіңізбен кездесу болғанда жастардың бірі: «Асанәлі аға, сіздің кейіпкеріңіз фильтрлі сигарет шегеді. Ол кезде ондай сигарет шыққан жоқ қой?» деп өзіңізді бір қысылдырғаны есімде. Чекистер туралы фильмдер сценарийлерінің сарапшылығына чекистердің өздері қатыстырылып жүр ме?
– «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмін біз Ұлттық қауіпсіздік комитетінде көрсеттік. Чекистер кәсіби тұрғыдан да жоғары бағалады, лентаны. Жалпы, Отан қорғау жолында жүрген жандардың образын жасау жауапты да сауапты іс.
Ал енді кино индустрия болғаннан кейін ара-арасында дәлсіздіктер кетіп жатады. «Қыз Жібектегі» үлкен панорамада кадрдың бір шетіне автобус ілігіп те қалған… Теледидардан қарағанда көрінбейді.
– Орыс тілінде өмір сынақтарына байланысты айтылатын «Пройти огонь, воду и медные трубы» деген сөз бар. От пен суы белгілі ғой, қиындықтарды еңсеруді айтқаны, ал «медные трубы» дегенде атақ-даңққа бөленіп оралған жеңімпазды үрмелі аспаптар оркестрімен дуылдатып қарсы алуды мегзейді. Алдыңғы екеуінен кейінгі сынақтың салмағын кем қоймайды. «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақырынан» кейін сіздің даңқыңыз әбден дүрілдеді. Арғы-бергідегі қазақ өнерінде ешкімнің де танымалдығы дәл сіздің сол 70-жылдардағы танымалдығыңыздай болмаған шығар. Көшеде жүргізбейтін еді ғой, тіпті. Сол даңқты қалай көтердіңіз?
– Кітабымда жастау кезеңімнен 1967 жылдан 1988 жылға дейінгі уақыт аралығын өте бір шабытты шағым деп жазғанмын. Он жылдың ішінде – 1970-1980-жылдарда үш атақты – еңбек сіңірген артист атағын, Қазақстанның халық артисі атағын, КСРО-ның халық артисі атағын, екі сыйлықты – республиканың Мемлекеттік сыйлығын, КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығын алдым. Орда бұзатын отызым мен қамал алатын қырқым солай өтті. «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақырынан» кейін ақыл-есімнен қалай айырылмағаныма, қалай ішіп кетпегеніме, отбасын қалай сақтай алғаныма өзім таң қаламын деп бұрын да бір айтқанмын. Көшеде келе жатқанымда көрермендерімнің тобымен соңымнан еріп жүретін күндері де болды. Таксиге отырғанда ешқандай жүргізуші менен ақша алмайтын. Әйтеуір, құдай сол даңқты көтеруге жарайтындай етіп ақыл бергеніне де шүкір. Даңқты көтеруге болады. Сен одан да қабат-қабат келген қайғыны қалай көтердіңіз деп сұрасайшы…
– Соның ретін келтіре алмай отырмын ғой. Жан жараңызды қозғағым келмесе де, мұндай көлемді сұхбатта өміріңіздегі қайғылы тұстарды айналып өте алмайтынымды дұрыс ұққаныңызға рахмет.
– Әрі ағам, әрі досым Төрегелді Шарманов «Казправдадағы» мен туралы мақаласында Ален Делонның «Актер ауқымды болған сайын бақытсыздау бола түседі» деген сөзін келтіріпті. Бұл сөздің дұрыс-бұрыстығын кім біліпті? Небір талантты тұлғалардың төрт құбыласы тең, бауыры бүтін екенін көріп те жүрміз. Бірақ, дәл менің өміріме келгенде жаңағы сөз дұрыс болып шыққан сияқты, өкінішке орай. Әкемнен жастай қалғанымды көппен көрген ұлы той санап едім. Соғыстың салған қайғысы ғой. Анам дүниеден қайтқанда да шүкіршілік еттім. 87 жасқа келді ғой. Баласының ел алдына шыққанын көрді, немерелерін көрді. Тіпті Майраның өмірден өткеніне де көніп едім. Қанша дегенмен, біраз ауырды ғой. Мәдиім мен Сағиымның бір жылдың ішінде бірінен кейін бірі кеткені еш ақылға сыймайтын іс болды. Бұл адам дегеннің жаны қандай сірі?! Сол кезде қалай тірі қалғаныма әлі аң-таңмын. Машинаға мініп алып, таңғы сағат алтыларда Медеу жақтағы шатқалдарға баратынмын. Барамын да тау-құзды жаңғыртып, айқайлаймын келіп, айқайлаймын келіп. Қанша рет солай еттім. Шықпады шерім. Содан үйге келіп, есікті жауып алып қатты жылаймын. Әйтпесе, жарылатын едім. «Өлмектің артынан өлмек жоқ» деген рас екен. Жаңағы төпелеп келген қазалардан кейін де аман қалдық қой.
Сол жылдары бір әңгіме естідім. Бір кісінің алты баласы соғысқа кетіп, алтауы да өлген екен. Сол шал-кемпірдің көршілерінде балалары болмапты. Бір күні жаңағылардың бақшасына бұлардың сиыры түсіп кетіпті. Сонда көрші әйел, өзінің тілі ащы екен, алты баланы еске салып, қарғапты. Кемпірі егіле жылайды, қорланады. Шал дана адам екен, кемпіріне айтыпты: «Сен жылама, қорланба. Балаларымыз өмірге келді – қуандық. Шілдехана жасадық – қуандық. Кәмелетке толды – қуандық. Балаларымыз өмірден кетті – қайғырдық. Қуаныш сезімі де, қайғы сезімі де оянды бізде. Бұл дүниеде не баласы туып қуанбаған, не баласы өліп қайғырмаған адамнан құдай сақтасын», деп. Осы әңгіме де маған үлкен басу болды. Қайтесің, өмір осылай. Өнер адамына мұның бәрі әрі жүрекке салмақ, әрі жаныңа азық. Жасым жетпіске жақындағанда маған тағдыр Бағдат сияқты асыл жар жолықтырды. Өмірімді жалғастыратын перзент сыйлады. Осы жайлар мені он жылғы үзілістен кейін сахнаға қайта оралтты. «Ымырттағы махаббатта» жасы егде тартқанда жас қызға ғашық болған Маттиас Клаузен бейнесінде мен өзімді-өзім ойнадым десем де артықтығы жоқ.
– «Ымырттағы махаббатты» екі рет көрдім. Ғажап спектакль. Осы қойылым сізді театрға қайта оралтумен қатар, өзіңізді де актер ретінде тағы бір биікке көтеріп жіберді. Маттиас Клаузен рөлі сізге несімен қымбат?
– Гауптманның пьесасы бойынша қойылған ол спектакльге мен барымды салдым. Бір жағынан, драма материалы жаныма сондай жақын болды, өзім бастан кешкен жайларды, өзегімнен өткізген, жүрегіме жеткізген сезімдерді бейнеледім. Екінші жағынан, көрерменге әлі сол баяғы Асанәлі Әшімов екенімді, тұғырдан таймағанымды дәлелдеуім керек болды. Бейнеледім де, дәлелдедім де деп ойлаймын. Аз жылдың ішінде 100-ден астам рет қойылған ондай спектакль сирек. Спектакльді қойған (басын ашып айтайын – мен үшін қойған) Рубен Суренович Андриасянның премьерадан кейін: «О, менің Жан Габенбайым, ақтадың үмітімді» дегені мен үшін керемет баға. Ұлы Жан Габенге ұқсатқанды әр актер мақтаныш көреді.
– Театр өнерінің жай-күйі жөнінде ащы-ащы пікірлер айтып жүресіз. Өзіңіз де Әуезов театрын басқардыңыз ғой. Сол кезеңді театрдың дәуірлеген тұсы дей алмайтын шығарсыз? Әлде актер Әшімовтен гөрі әкімші Әшімов әлсіздеу соқты ма?
– Желтоқсан оқиғасы кезінде Әзірбайжан Мәмбетовтің алаңға барғанынан, жарақат алғанынан кейін сол кездегі биліктегілер оны отырса опақ, тұрса сопақ етуге айналды, театрдың деңгейі де күрт түсіп кеткендей сөз етіле бастады. Сонда да Әзекеңді қызметінен босатуы мүмкін дегенді тіпті ойламағанбыз. Әзекең – әлемдік ауқымдағы режиссер. Әзекең – қазақ театрын халықаралық деңгейге көтеріп берген адам. Сондықтан да маған Мәдениет министрінің орынбасары Әшірбек Сығай телефон соғып, театрды басқаруды ұсынғанда шалқамнан түсе жаздағанмын. Келісімімді бермегенмін. Рөлімді ойнағаннан басқа ештеңеден хабарым жоқ, өзімше жүрген адаммын. Репертуарлық саясат, қаржылық жағдай, кадрлармен жұмыс, қойылымдардың техникалық мәселелері сияқтылардан ештеңе білмеймін. Оның үстіне Әзекеңнің орнына бару деген тіпті ақылға сыймайды. Әшекең сонда да қоймады. Екі-үш айдан кейін тағы көтерді сол мәселені. Енді жаңа уәждер тауыпты. «Театрды тек маман режиссер басқарады деген заң жоқ. Театрды тұлға басқаруы керек. Вахтангов театрын Михаил Ульянов басқарып отыр. Актер. Үлкен драмалық театрды (БДТ) Кирилл Лавров басқарып отыр. Актер. Екі театр да өрлеп тұр. Тәуекел деңіз, кірісіңіз», деп қоймайды. Ақыры келісімімді бердім. Содан-ақ өз басыма бәлені өзім тілеп алдым. Ұжым басқару деген, әсіресе, шығармашылық ұжымды басқару деген азаптың азабы екен. Өзімді оған дейін танып білмеппін, тым жұмсақ, тым демократияшыл болып шықтым. Актерлермен, актрисалармен бұрынғыдай дос-жаран, жолдас болып қарым-қатынас жасай беріппін. Театрдағы тәртіпті де босаңсытып алыппын. Көре алмаушылықтың да неше түрін көрдім. Қырсық шалғанда, дәл сол тұста, 1988 жылы Әуезов театрының Мәскеудегі гастролі жоспарда тұр екен. Негізінде, мен театр басшылығына жаңа келіп жатқанымды, ойлаған өзгерістерімді жүзеге асырып үлгермегенімді айтып, гастрольден бас тартуыма немесе уақытын кейінге шегеруді сұрауыма болатын еді. Соны жасамадым. Үлкен қателігім болды. Театрымыздың Мәскеудегі гастролі негізінен сәтсіз өтті деп саналды. Әзекеңнің ол жақтағы беделі керемет. Театрдың жілігін шағып, майын ішкендердің бәрі: «Азикті алып тастау не сұмдық? Оны алм