Латвияда 29 тамызда Рига қаласы думасының кезектен тыс сайлауы өтті. Дауыс беру қорытындысы бойынша латыш тіліне басымдық беретін партия жеңіске жетті.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сүйенсек, бірлескен «Даму үшін/Келісемін» және «Үдемелі» партияларын электораттардың 26,16 пайызы қолдаған. Ал бұған дейін шаһар думасын басқарып келген «Келісім» партиясы 16,89 пайыз дауыс жинаған. «Жаңа ынтымақ» партиясы 15,24 пайыз қолдауға ие болған.
Негізі сайлау 2 мамырда өтуі тиіс еді. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты дауыс беру алдымен 6 шілдеге, кейіннен 29 тамызға шегерілді. Биылғы саяси доданың бір ерекшелігі – депутаттар әдеттегідей 4 жылға емес, 5 жылдық мерзімге сайланды.
Айта кетерлігі, «Келісім» 2017 жылғы сайлауда «Ригаға қызмет ету абырой» партиясымен бірлесіп, коалиция құрып, думаны басқарды. Сол кезде қос партия 32 орын, 2013 жыл – 39, 2009 жылы – 38 орын иеленді. Биылғы сайлауда «Келісімге» – 12, ал олардың бұрынғы әріптестері «Ригаға қызмет ету абырой» партиясына 5 орын ғана бұйырды. Осылайша бұл коалиция 2009 жылдан кейін алғаш рет Рига думасында лауазымды қызметке өз өкілін ұсына алмайды. Бір ерекшелігі сол, бұл екеуі де елдегі орыс этносының партиясы саналады.
«Даму үшін/Келісемін» және «Үдемелі» бірлескен партиялары (18 орын) коалиция құрып, қаланы басқарады.
«Риганы қайтадан латыш етеміз» деген ұранды ұстанған «Ұлттық бірлестік» партиясы коалиция құрамына енбек. Әрине, қазіргі таңда шаһардың көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Бірақ партия өз мақсатына біртіндеп жетіп келеді десек қателеспейміз. Биылғы сайлау қорытындысына сай, қала басшылығы толықтай ұлтшылдардың қолына өтті.
«Келісім» – Латвиядағы ең үлкен және ең бай партия. Соңғы рет өткізілген парламенттік сайлауда аталған партия жеңіске жетті. Осылайша мемлекеттік бюджеттен басқаларға қарағанда әлдеқайда көп қаражат алды. Оппозиция «Келісімді» орыс тіліне және орыс тілді электораттарға басымдық береді деп сынап жүр. Оның үстіне, «Единая Россия» партиясымен ынтымақтастық жөнінде келісімге келгені де ұнаған жоқ.
Ел президенті Эгил Левитс LTV арнасына берген сұхбатында көп ұзамай Ригада қалыпты билік орнайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, шаһар әлі күнге дейін өз әлеуетін толыққанды пайдаланған емес. Президенттің сөзіне сүйенсек, Рига кейінгі жылдары жоғалтқан имиджін қайтаруға толық мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ ел басшысы Риганы басқаратын коалиция шаһардың келешегін егжей-тегжейлі талқылап, бірлесе отырып жұмыс істеудің қажеттігіне екпін берді. Оның айтуынша, ендігі жерде партиялар бәсекелестікті доғарып, әріптестікке көшуі тиіс.
Премьер-министр Кришьянис Кариньш Ригадағы жеңісті тарихи оқиғаға балап отыр. Оның айтуынша, басқарушы партия электораттың пікірін өзгертуге қауқарлы. Сондай-ақ Ригадағы кезектен тыс сайлаудың қорытындысы мемлекетті басқаруды жаңа кезеңге әкелгенін де жеткізді.
Латвия бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жаңа коалицияны 4 партия құрамақ. Олардың қатарында «Даму үшін/Келісемін» және «Үдемелі» бірлескен партиялары және «Жаңа бірлік» партиясы бар. Әзірге партиялар қала мэріне Мартиньш Стакисті ұсынып отыр.
Мартиньш Стакистің сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта коалиция әлеуметтік мәселелерге басымдық бермек. Атап айтсақ, балабақшалар мен мектепке дейінгі мекемелердегі кезек саны барынша азайтылады. Сондай-ақ әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілмек. Бұдан бөлек, арзан тұрғын үймен қамту, қоршаған ортаны қорғау, қаладағы кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылады.
Жалпы, «Келісім» 2011 жылдан бергі сайлаулардың бәрінде басым түсіп келген. Бірақ коалиция құрып, парламент басқарған емес. Есесіне, «Келісім» мен оның көшбасшысы Нил Ушаков 11 жылға жуық уақыт бойы Рига қаласын басқарды.
Мұның басты себебі – ел халқының тілдік айырмашылығына тікелей байланысты. Негізінен Латвия халқының басым бөлігі латыш тілінде сөйлейді, ал Ригада орыс тілі басым. 2011 жылы өткен санақтың қорытындысына сай, шаһар тұрғындардың 50 пайызы орыс тілінде сөйлейтінін айтқан. Бірақ ел бойынша латыш тілін қолданатындар саны 62 пайызға тең. Сондықтан «Келісімге» негізінен орыс тілді электорат дауыс береді.
Бұлай деп кесіп айтуымыздың себебі мынада: 2012 жылы Латвияда жалпыхалықтық референдум өткен-ді. Сол кезде орыс тілін екінші ресми тіл ретінде қабылдау мәселесі қаралды. Халықтың басым бөлігі «жоқ» деп жауап бергенімен, орыс тілін қолдағандардың саны бұған дейінгі сайлауларда «Келісімге» дауыс бергендерге тең. BBC арнасының хабарлауынша, биылғы саяси додада «Келісімді» қолдаушылар дауыс беруге келмей қалған.
Мәселенің бәрі – партия көшбасшысы Нил Ушаковқа тікелей байланысты. Биыл бұқаралық ақпарат құралдарында оның жемқорлыққа қатысы бар екені айтылып, қызметінен кеткен-ді. Содан кейін-ақ «Келісімнің» келісімі бұзылды. Депутаттар партия құрамынан шығып, қаланы басқарудан қалды. Осылайша Риганың кезектен тыс сайлауы өткен еді.
Сарапшылардың пайымдауынша, Нил Ушаковқа қатысты даудан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары да «Келісімнің» жеңілуіне әсер етті деп есептейді. Мәселен, «Келісімді» қолдайтын «Бірінші балтық арнасының» жаңалықтар бөлімі соңғы рет 19 наурызда эфирге шыққан екен. Содан бері ресейлік «Бірінші арнаның» өнімдерін ұсынып келеді. Соңғы есептеу бойынша «Бірінші балтық арнасының» аудиториясы 8 пайызды құраған. Ал «Келісімді» қолдайтын басқа бұқаралық ақпарат құралдарының айтарлықтай беделі жоқ.
Жемқорлыққа қатысты даудың шаңы басылған соң, Ушаков Еуропарламентке тағайындалған. Соған байланысты сайлау кампаниясын тек интернет арқылы жүргізді. Ал шаһарда партия атынан ешкімге танылмаған Константин Чекушин есімді азамат сынға түсті.
Жалпы, биылғы сайлауда орыс этносының партиясы саналатын 4 партия сынға түскен. Олардың бәрі электораттармен орыс тілінде сөйлеседі әрі этностық бірегейлік туралы мәселе көтеріп жүр. Биылғы дауыс беру қорытындысы бойынша «Келісім» мен «Латвияның орыс одағы» партиясы ғана думадан орын алуға жеткілікті қолдауға ие болды. Осылайша 2022 жылғы парламенттік сайлауда елде орыс тіліне басымдық беретін бірде-бір партия қалмауы мүмкін.
Латвия – Қазақстанның Балтық жағалауы елдеріндегі басты сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 75,2 миллион долларды құрады.
Еліміз Латвияға ауыл шаруашылығы өнімдері, табиғи газ, көмір экспорттап, машина және жабдықтары, электроника, азық-түлік, дәрі-дәрмектер импорттайды. Қазақстанда латыш капиталының қатысуымен 100-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді.
Сондай-ақ Вентспилс портында Қазақстанның астық терминалы орналасқан. Бұл – Еуропалық одақтағы алғашқы қазақстандық нысан. Осы порт арқылы отандық астық әлем нарығына шығарылады.