• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2010

ҚУАНЫШЫ ДА, ҚИЫНДЫҒЫ ДА ОРТАҚ ЕЛ

782 рет
көрсетілді

“Қырғыз” дегенде, ар жағында “ағайын” деген сөз еріксіз қосар­ланып тұрады. “Төсекте – басымыз, төскейде – малымыз қосылған” халық­пыз. Көңіл жақын болған соң, қуа­ныштың да, қиындықтың да ортақ болатыны белгілі. Кезінде қырғыз ағайындар тәуелсіздігін жариялады деп қуандық, осыдан бес жыл бұрын және күні кеше билік үшін күрестің салдарынан елде қантөгіс болғанда көңіліміз қабарған. Ағайын елдегі оқиғаға байла­ныс­ты әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Әркімнің өз пікірі бар десек те, оны парасаттылықпен пайымдаған жөн болар. “Халықтың төзімі таусылды, өзі көтерілді” деп елде болған қан­төгісті, осы оқиға кезіндегі тонау­шы­лық, ұрлық-қарлық, бұзақылықтың барлығын халыққа жаба салу қиын, көтерілістің негізінде халықтың әлеу­меттік жағдайы жатты дегенмен, қан­төгіске апарып тіреген билікке таласушылардың мәмілеге келмеуі, ең алдымен арандатушылық әрекет­тері, халықтың қолымен от көсеуі екені даусыз. Енді біреулер сыртқы факторды алға тосады. Тіпті Ресей ақпарат құ­рал­дары Қырғызстанның бұрынғы пре­зиденті Асқар Ақаевтың аузына: “Бұл халықтың Америкамен жақын­да­суға қарсылығы”, деген сөз салуы да саясат саудасының көрінісі. Оқи­ғаға көрінеу көзге теріс баға беру қи­ын­дықтан шығуға қырсығын тигізеді. Бір елді екіншісіне қарсы қою жақ­сылыққа апармайды. Қырғыз елі үшін дәл қазір әлемдік қоғамдас­тық­пен, барлық елдермен тіл табысу айрықша маңызды. Ағайын елдегі жағдайға біздің әр­қай­сымыздың, еліміздің көзқарасы әр­түрлі болуы мүмкін. Бірақ осынау туысқан елге дәл қазір ең керегі – ағайындық ақ көңілмен қамқор қо­лымызды ұсыну. Бұрын да біздің бір-бірімізге үлкен дауымыз бола қойған жоқ. Шекарамыз қалыпты, барыс-келісіміз ашық болатын. Ағайынның қиындыққа кезіккен кезінде есіктің ашыла түскені артық емес. Қырғыз Республикасы дербес мем­лекет, өз мәселесін өзі шешуі керек деген пікір де айтылып қалып жатыр. Ал сол елдің ішіндегі бір мә­се­ленің шешілуіне ағайынның ара­ла­суы қажет болса, одан іркіліп қалу­дың да жөні жоқ. Қайта араағай­ын­дыққа жүру парыз. Еліміз – ЕҚЫҰ-ның төрағасы, басқа да халықаралық ұйымдарда беделі бар. Соны пай­да­ланып та өтпелі кезеңде тұрған қыр­ғыз елінің халықаралық қауымдас­тық­тармен араласуына  жағдай жасап жатсақ, ол ағайынды көңіліміздің кө­рі­нісі болар еді. Ағайынның қиын­ды­ғы – ағайынға сын. Мамадияр ЖАҚЫП.