Павлодар облысының әкімі музыкалық колледжді, дарынды балаларға арналған музыка мектебін, Шафердің музей үйін, сондай-ақ Катаев атындағы оқушылар сарайын аралады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы музыкалық колледжге танымал опера әншісі және педагог Шахимардан Әбіловпен бірге барды. Қонақтар вокалдық ән айту мен музыкалық аспаптарда ойнауды үйренетін сыныптарда болды. Жергілікті кітап қоймасында әртіс бұл Қазақстандағы ең үздік музыка кітапханаларының бірі екенін атап өтті.
"Мұнда ең тапшы ноталарды табуға болады", - деді Шахимардан Әбілов. - Тіпті консерваторияларда да мұндай кітапханалар жоқ, бұл балаларды оқытуға арналған өте мықты база.
Концерт залында колледж түлектері мен оқушылары белгілі баяншы, қазақстандық және халықаралық конкурстардың лауреаты Олжас Нұрлановтың қатысуымен музыкалық қойылым ұйымдастырды.
Музыкалық колледждің басқа корпусында Шахимардан Әбілов Әбілқайыр Сқақовқа авторлық вокал мектебін таныстырды. Мұнда балалар академиялық ән айтуды үйренуге және музыкалық мансапқа алғашқы қадамдарын жасауға мүмкіндік алады.Одан кейін Павлодар облысының әкімі 30 мыңға жуық грампластинка сақталған Шафердің бірегей музей үйін аралады. Мұражайдың негізін қалаушы 89 жастағы Наум Шафер пластинкаларды қалай жинай бастағанын және қазір коллекциясындағы жазбалар сандық форматқа аударылатынын айтты. Өз қонақтары үшін музыкатанушы "Қараторғай" әні жазылған 1938 жылғы пластинканы қойды.
"Осындай музыкалық коллекцияны, нағыз ұлттық қазынаны жинаудағы орасан зор еңбегіңіз үшін үлкен рахмет", - деді өңір басшысы Наум Шаферге.
Әбілқайыр Сқақов Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайында да болды. Мұнда облыс әкіміне қосымша білім беруді дамыту туралы айтылды. Оқушылар сарайында балалар робототехникамен айналысады, астрономия мен тілдерді үйренеді, вокалды және музыкалық аспаптарда ойнауды, бейне студиясында жұмыс істеуді үйренеді. Биылғы жылы мекеме үздік білім беру ұйымдарының бірі ретінде 50 миллион теңгеге сертификат алды.