Түркия мен Грекия арасындағы Жерорта теңізіне қатысты кикілжің үдей түсті. Кеше түрік президенті көршілеріне аймақтың ахуалын талқылауға кірісетінін немесе жағдайдың салдары болатынын ескертті.
«Олар не саясат тілі мен дипломатияны түсініп, мәмілеге келеді, не салдары болатын тәжірибеге тап болады», деді Режеп Тайип Ердоған Ыстанбұлдағы жаңа аурухананың ашылу салтанатында.
НАТО-ға мүше екі мемлекеттің арасындағы дау екі апта бұрын басталған-ды. Түркия энергия көзін іздеп Жерорта теңізін зерттеуге кірісті, ал Грекия Түркияның бас сұққан аймағы өздерінің жері екенін айтып, қарсылық танытты. Бұл айыпты Кипр мемлекеті де тағып отыр. Олар Түркияны өздерінің «суына» араласып, зайырлылығына нұқсан келтірді дейді. Әр ел теңіз күштерін сайлап, аймақтағы ахуалды реттеуге дайындалу үстінде.
Түркия президенті болса «Олар бұл жөнсіз карталар мен құжаттарды жоқ етуге Түркияның экономикалық, саяси күші қауқарлы екенін түсінбек», деді. Сонымен қатар елінің барлық мүмкіндік пен нәтижеге даяр екенін мәлімдеді.
НАТО болса екі ел басшылары осы аптада кездесіп, аймақта шиеленіс туғызбас үшін диалогқа келетінін мәлімдеді. Бірақ Грекия оған келіспегенін, нәтижесінде, Түркия Еуропа одағындағы ел диалогтан қашып отыр деген айып таққанын хабарлады.
Түркия президентінің сөздері рас болса керек. Мемлекеттің бас газеттерінің бірі Cumhuriyet басылымы Түркия Сириядағы қарулы күшін елдің батысындағы шекарадағы қала Едирнеге бағыттағанын жазады. БАҚ Едирнеге 40 танктың өткенін хабарлады. Ал жауапты ведомстволар бұл қарулы күштердің қалыпты трансфері екенін, Грекиямен қалыптасқан жағдайға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Бұл жағдайда Жерорта теңізіндегі зерттеу аумағының кімге бұйырарын болжау қиын. Өйткені Кипр мен Грекия Еуроодаққа Түркияға қарсы санкция қарастыруын талап етіп, қолқа салды. Еуроодақ пандемиямен күресіп әлек. Ал Түркия НАТО-ға мүше. Ердоғанның бұған дейін хабарлағанындай, келісімге келуі не «күштеріне» сеніп, энергия көздерін іздеуді жалғастырары да белгісіз.