• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қыркүйек, 2020

Сақтандыру мәртебесіне ие болды

237 рет
көрсетілді

Қазақстан Үкіметі төтенше жағдай кезінде медициналық сақтандыру жарналары бойынша берешектері қалыптасқан халықтың кейбір санаттарына МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесін беру бойынша әлеу­меттік медициналық сақ­тан­дыру қорының бастамаларына қолдау көрсетті.

«Біз әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына келіп түскен өтініштерге талдау жасадық және азаматтардың сақтандырылған мәр­­тебесінің болмауының негізгі себеп­­терін анықтадық. Қазақ­стан­дық­тардың бір бөлігі қатаң карантин мен төтенше жағдай кезінде МӘМС жүйесіне жарна төлеу мүмкіндігінен айырылды. Олардың медициналық көмекке қол жеткізуіне қолдау қажет болды. Қор Денсаулық сақтау ми­нистрлігі мен Үкімет қолдаған осын­дай ұсыныстарды әзірледі», деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов.

Талдау көрсеткендей, «сақтан­дырылған» мәртебесі болмауы­ның негізгі себебі 42,5 мың теңге мөл­­шерінде біржолғы әлеуметтік төлем алу үшін жеңілдікті санаттағы өкіл­­дермен БЖТ төленуі болды. Осы­­ған байланысты ақпараттық жүйе­­лер оларды автоматты түрде БЖТ төлеу­шілер санатына ауыстырды. Тиісінше олар Saqtandyry базасында жеңілдетілген санаттардан «шығарылды». Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде төлемдерінде үзілістер туындаған жалдамалы қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар МӘМС жүйесінен тыс қалды.

Осыған байланысты, Үкімет келе­сі шараларды қолдады:

- жалдамалы қызметкерлер соңғы 3 айда кемінде 1 төлем болған кезде және егер төлемдер бойынша берешек жыл басынан бері 2 айдан аспаса, МӘМС жүйесінде қалпына келтіріледі;

- жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ соңғы 3 айда төлем болған жағ­дайда, жыл басынан бастап 2 айдан аспайтын берешегі барлар (мем­лекеттік кірістер комитетінің ресми ақпаратына сәйкес, олар қызметін тоқтатқан жағдайда) сақтандырылған адамдардың мәртебесін алады;

- ТЖ кезеңінде жеңілдік санаты­мен БЖТ төлегендердің төлемі есеп­ке алынбайды және сақтандыру мәртебесі автоматты түрде қайта­рылады;

- COVID-19-ға қарсы күрес шең­беріндегі шектеу іс-шараларына бай­ланысты қызметкерлердің мәж­бүрлі демалыстарда күтімсіз болған кезеңдері берешек ретінде есепке алынбайды. Бұл ретте табысты жо­ғалтудың дәлелі табыстың жоғалуына байланысты біржолғы әлеуметтік төлем алу болып табылады (42500 теңге).

«Бұл шаралар медициналық сақ­тандыру жүйесіне 740 мыңға жуық адамды қайтарды. Бұл санаттарды қосу жұмыстары әлі де жүргізілуде және Үкімет іс-шаралары арқылы сақтандырылғандар саны әлі де арта түседі. Осылайша корона­вирус­тық пандемияға байланысты табысы­нан айырылған немесе бене­фициар­лардың арасынан шық­қан азаматтар меди­циналық сақтан­дыру жүйесіне қайтарылады және меди­циналық көмектің барлық көлемін ала алады», деді қор басшысы.

Мәртебені алу үшін азаматтарға қандай-да бір жерге барудың қажеті жоқ. Барлық деректер ақпарат­тық жүйе­лерде автоматты түр­де жа­ңар­тылады. Сондай-ақ қор уәкілет­ті министрліктермен бірлесіп, 2020 жылдың 1 қазанына дейін МӘМС жар­налары мен аударымдарынан босатылған ШОБ-тың сақтан­дырыл­ған қызметкерлеріне мәртебе беру бойынша жұмыс жүр­гізуде. Бұл 800 мыңнан астам жұмыскерге әсер етеді.

Сақтандыру мәртебесі бойынша сұрақтар туындаған жағдайда, Play Market және App Store-да орнатуға болатын Qoldau 24/7 мобильді қосым­шасы арқылы Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қорына жүгіну қажет.