• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Қыркүйек, 2020

"ҚазТрансОйл" медициналық мекемелерге ӨЖЖ аппараттарын алып берді

529 рет
көрсетілді

"ҚазТрансОйл" АҚ Қазақстанның медициналық мекемелері үшін 68 стационарлық көп функционалды өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл мақсатта компания  демеушілік көмек ретінде  1 млрд теңге қаражат бөлді.  Бұл қаражатқа коронавирустық пневмониямен және басқа да тыныс алу жүйесі ауруларын емдейтін, Еуропада шығарылған ӨЖЖ аппараты сатып алынды. Жабдық ӨЖЖ аппараттары жетпей тұрған  14 облыстық және  3 республикалық маңызы бар қаланың емханаларына түседі. Медициналық мекемелердің тізімі Денсаулық министрлігі және жергілікті атқарушы органдар ұсынған деректердің негізінде жасалды және қазіргі таңда 42 ӨЖЖ аппаратын алушылар айқындалды.

Компания қызметкерлерінің аппаратты тапсыру шарасы Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасында өтті.

"Бүгін біз "ҚазТрансОйл" компаниясы атынан демеушілік көмек ретінде 2 аппаратты Жаңаөзен қаласындағы ауруханаға тапсырдық.  Аппараттар науқастардың тез емделіп шығуына көмектеседі деп сенеміз", - деді   тапсыру рәсімінде "ҚазТрансОйл" АҚ Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы бастығының орынбасары Саламат Исмурзин. 

Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының директоры міндетін атқарушы Жаңабай Оңайбаев бүгінде 360 орынға есептелген ауруханаға мұндай жабдықтардың аса қажеттілігін атады.

"Кешегідей індет өршіген уақытта бірінші кезекте өкпені жасанды желдету аппараттарының аса керек болғанын көрдік. Шүкір, көптеген компаниялар демеушілік көрсетуде, солардың бірі ретінде "ҚазТрансОйл" компаниясына рахмет айтамыз. Әрине қазір  түрлі болжамдар айтылуда, дегенмен індеттің екінші толқыны қайталанбасын деп тілейміз. Қалай болғанда да науқастарды емдеуде осы аппараттардың көмегі зор", - деді ол.

"ҚазТрансОйл" АҚ  қызметкерлерінің айтуынша, Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасы, қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы және №4 қалалық клиникалық аурухана бір ӨЖЖ аппаратынан алды. Сондай-ақ қажет жабдықтар Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қарағанды, Теміртау, Қостанай, Жетіқара, Рудный және Лисаковск медициналық мекемелеріне жіберілді және ӨЖЖ аппараттарымен Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарының ауруханалары жарақтандырылатын болады.  Ал қыркүйекте Павлодар және Екібастұз медициналық мекемелеріне жеткізу жоспарланып отыр. Қалған 24 ӨЖЖ аппараты Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола және Қызылорда облыстарына бөлінеді.