• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Қыркүйек, 2020

Елордада "Отбасы - бақыт мекені" жобасы іске қосылады

805 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен “Отбасы - бақыт мекені” отбасы институтын нығайту жобасы іске қосылады, деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

"2023 жылдың соңына дейін мыңнан астам адамды мақсатты аудиториямен қамтуды жоспарлап отырмыз. Олар - жас отбасылар, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері. Сондай-ақ жас ата-аналар мен балаларды да қатыстыру жоспарда бар. Біз жастар, гендерлік, отбасылық саясат саласындағы білікті мамандарды шақырамыз. Сонымен қатар үлгілі отбасылардың өкілдері өздерінің құндылықтары туралы әңгімелейді. Сонымен қатар балалар құқықтары жөніндегі өкілдер, баланы жоспарлау және тәрбиелеу жөніндегі мамандар да тартылатын болады", - дейді жоба кураторы, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың өкілі Нұржан Парманов.

Шара семинарлар, жас отбасыларға арналған онлайн-тренингтер, "Үздік жас отбасы" байқауы, бейнероликтер конкурсы, факультативтік сабақтар, жас аналарға арналған семинарлар мен тренингтер, отбасылық марафондар сияқты жеті бағытты қамтиды.

"Осы аптада бізде “Үздік жас отбасы” байқауы басталады, сонымен қатар отбасылық құндылықтарды насихаттайтын үздік бейнеролик байқауы өтеді. Спорттық марафондар да басталады. Қыркүйек айында жас отбасылар үшін арнайы семинар-тренингтер өткізіледі. Аналар үшін біз түрлі жанрдағы онлайн-курстар өткіземіз. Мысалы, танымал аспазшылар өз шеберліктерімен бөліседі", – деп атап өтті Нұржан Парманов.

Жобаға қатысу тегін. Сонымен қатар, байқау жеңімпаздары мен белсенділер үшін сертификаттар түріндегі сыйлықтар қарастырылған. Үш жылдық жүлде қоры 4 млн теңгені құрайды. Жобаға қатысу туралы барлық ақпаратты 8 702 837 32 49 нөмірінен, @ns_jastary инстаграм парақшасынан алуға болады.