Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2020 жылғы егін жинау жұмыстарының барысы жайында айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,7 млн га құрады. 2019 жылмен салыстырғанда 439,2 мың га артық, оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар алаңы 15,8 млн гектарды құрайды. Осы жылғы маусым ерекше болды. Егіс науқаны қатаң карантин режимінде өтті, сонымен қатар жаз маусымы, өткен жыл сияқты, құрғақ болды", - деді Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, төтенше жағдай режиміне қарамастан, егіс науқаны сапалы жүргізілген.
"Сапалы егіс материалдарымен, арзандатылған тыңайтқыштармен, өсімдіктерді қорғау құралдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ техникалық жарақтандыруды арттыру бойынша уақытылы қабылданған шаралар қатаң климаттық жағдайдың әсерін жұмсартуға мүмкіндік берді. Егін жинау жұмыстары уақытылы басталды. Қазір ол республиканың барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. Егін жинау науқанының қарқыны өткен жылғыдан жоғары", - деді ол.
Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, дәнді дақылдарды жинау Жамбыл облысында аяқталған, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында аяқталу сатысында.
"Жедел деректерге сәйкес бүгінгі күні республика бойынша барлығы 10,5 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы жинау алаңының 66% жиналды, өткен жылдың сәйкес күнінде 5,3 млн га немесе 35% жиналған болатын. Орташа өнімділік 11,7 ц/га құрап, 12,2 млн тонна астық бастырылды. Бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған ең басты міндет - өсірілген егінді шығынсыз жинау",- деді А.Сапаров.
Осы орайда ол республикада егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін барлық қажетті техниканың барын айтып өтті.
"Жұмыстың ұзақ тоқтауын болдырмау мақсатында жөндеу бригадалары құрылды, сервистік компаниялармен олардың көшпелі сервисті күшейту, сондай-ақ қоймаларды қажетті қосалқы бөлшектермен толтыру бойынша жұмыс жүргізілді. Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 395 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді", - деді вице-министр.