• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 10 Қыркүйек, 2020

Алтыншы сессияның жоспары бекітілді

142 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар алтыншы сессияға арналған негізгі парламенттік іс-шаралар жоспарын бекітті.

 

Халықаралық заңдар ратификацияланды

Жиын барысында «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заң­намалық актілеріне адамдарды Қазақстан Республикасының ше­гінен тыс жерге шығарып жіберу ке­зінде ұстау мерзімдерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасын қабылдау адам құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық заңнамаға халықаралық стан­дарттарды енгізуге мүм­кіндік береді. Сондай-ақ Конс­ти­туциялық Кеңестің адамдарды (шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды) елімізден тысқары жерлерге шығарып жіберу ке­зін­де ұстап алу мерзімдерін қо­сымша заңнамалық реттеу тура­лы ұсыныстарын орындау, олар­ды ұстап алу және кейіннен іш­кі істер органдарының арнау­лы ме­кемелеріне орналастыру тәртібін регламенттеуді қарас­тырады.

Заң жобасына қатысты депутат Василий Олейник баяндама жасап, бірқатар мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде 1,3 мың­нан астам шетелдік азамат жазасын өтеп жатыр және про­бациялық бақылауға алынған.

«Ішкі істер министрлігінің мә­лі­метіне сүйенсек, кейінгі  екі жыл мен биылғы сегіз айда Қазақ­стан заңнамасы талаптарын орындамағаны үшін ел аума­ғынан 25,5 мың шетелдік шыға­рылды. Оның ішінде екі мыңға жуығы сот актісін орындамаған. Олардың арасында әкімшілік әрі қылмыстық құқық бұзушылық жасағандар бар. Министрлік ақпаратына қарағанда, аталған мерзімде Қазақстанға келетін ше­телдіктер тарапынан 220 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық пен 4 мыңға жуық қылмыс жасалды», деді В.Олейник.

Осы міндеттерді іске асыру аза­маттар­дың, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың бостандығына және жеке басына қол сұғылмаушылығына құ­қықтарды қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі же­тілдіруді қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобаларын мақұлдады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Люксембург ара­сын­дағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.

Бұл хаттаманы ратификациялау инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасауға, экономикалық ын­тымақтастықты нығайтуға жә­не салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу арқылы екі мем­лекеттің салық қызметінің ынты­мақтастығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Қолданыстағы конвенцияға толықтыру енгізу мемлекет ие­лі­­гіне байланысты төле­не­тін ди­ви­­дендтерді салық салудан боса­тып, ел бюджетінің мүддеcін қор­ғау қажет­тілігінен туындады», деді Қаржы министрі Ерұлан Жа­маубаев.

Ведомство басшысының сөзі­не қа­ра­ғанда, елімізде Люксем­бург­тің қатысуымен  27 заңды тұл­ға, филиалдар мен өкілдіктер қыз­мет етеді. Бұл мекемелер 2019 жылы 37 млрд теңге салық төлеген.

Хаттамада табыс көзі саналатын мем­лекетте дивидендтерді, егер мұндай диви­дендтердің нақ­ты иесі Үкімет немесе орталық не­месе жергілікті билік органы, Орталық (Ұлттық) банк немесе Үкіметке толығымен тиесілі кез кел­ген басқа мекеме болса, салық салудан босату көзделеді.

Сонымен қатар ШЫҰ-ға мү­ше мемлекеттер арасындағы бір­лес­кен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратифи­кациялауға қатысты заң жобасы мақұлданды.

Хаттамаға сәйкес, Шанхай ын­тымақ­тастық ұйымына мүше мемлекеттер ара­сындағы бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы келісімге ұйым құрамындағы кез келген мемлекеттің қатысуына қарсы келмейді.

«Хаттаманың мақсаты – ұйым аясында әскери оқу-жаттығуларды өткізу үшін құқықтық негіз болатын келісімге ұйымға енген кез келген мемлекеттің қосылуын қатамасыз ету. 2017 жылғы маусымда елордада ШЫҰ саммитінде ұйымның өңірлік әрі халықаралық аренада рөлін айтарлықтай нығайтқан ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістаннің қосылуы туралы тарихи шешім қабылданды. Осыған байланысты келісімге толықтыру енгізу қажеттігі туындады», деді Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.

 

Іс-шаралар жоспары бекітілді

Бұдан бөлек, жалпы отырыс­та палата «Нотариат туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Осы­ның қатарында ЕАЭО-ға мү­ше мем­лекеттердің еңбек­шіл­е­рін зейнет­ақымен қамсыз­дан­ды­ру және Кеден одағына мүше мем­ле­кет­тердің кеден қыз­мет­тері­нің Бірік­кен алқасы туралы шарт­қа өзгеріс­тер енгізу туралы құжат­тарды рати­фи­кациялауға қатысты заң жобалары бар.

Сонымен қатар бүгінгі жалпы отырыста депутаттар алтыншы сессияға арнал­ған негізгі пар­ла­менттік іс-шаралар жоспар­ын бекітті. Мәжіліс Төрағасы Нұр­­лан Нығ­матулин атап өт­кен­дей, ағымдағы сессия жұмысы ау­қым­ды болады деп күтіліп отыр.

Комитеттердің кеңейтілген та­қы­­рыптық отырыстарында, дөң­ге­лек үстелдерінде қоғамның өзекті мәселелері қаралады. Олар­­­­дың қатарында экология, агро­­­өнеркәсіптік кешен, ғы­лым, халық­­қа қызмет көрсетуді же­тіл­діру және басқа да мәселелер бар.

Осы мәселеге байланыс­ты баян­­дама жасаған Мәжіліс Төр­аға­сының орынбасары Гүлмира Исимбаева алдағы жұмыс жос­пары туралы жан-жақты баяндап берді. Оның айтуынша, жос­пар бірнеше бөлімнен тұрады. Мә­селен, биылғы қарашада «Қа­зақ­­­стан Республикасы Прези­ден­ті­нің 2020 жылғы 1 қыр­күйек­тегі Жол­дауы аясында аза­мат­тар­ға заң көмегін көрсету саласын жетіл­діру» тақырыбында пар­ла­менттік тыңдау өткізу жос­пар­ланып отыр.

Сондай-ақ елдегі санитарлық-эпиде­миялық жағдайды ескере отырып, комитеттердің көш­пелі отырыстарын мем­­ле­кеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес құры­лым­дардың қатысуымен бейнеконференция форматында кеңейтілген тақырыптық отырыстарға ауыстыру ұсынылады.

«Экология комитеті бейінді министрлік пен бірнеше облыс­тарды тартып, Экологиялық кодексті талқылау бойынша отырыс өткізу жоспарланған. Бұл отырыс Мемлекет басшысының жыл соңына дейін Экологиялық кодексті қабылдауға қатысты тап­сыр­масы аясында өзекті сипат алып отыр. Аграрлық мәселелер коми­теті министрліктердің, Алма­ты және Жамбыл облыстары ма­мандарының қатысуымен, әлеу­меттік мәні бар азық-түлік тауар­ларымен халықтың өзін өзі қам­тамасыз етуі мақсатында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту мәселелерін қарауды ұсын­ды. Осылайша облыстардың проб­ле­малары талқыланып, өңірлер­мен байланыс сақталады», деді Г.Исимбаева.

Мәжіліс Төрағасы депутат­тар­дың жұмы­сы ауқымды екеніне назар аударып, ең алдымен Мемлекет бас­шысы Жолдауындағы міндет­терді заңнамалық тұрғыда жүзеге асы­руға бағытталатынына тоқ­талды.

«Елдегі қалыптасқан жағ­дай­ға қара­мастан біз осы сессия­да әдеттегідей көптеген іс-шара жос­парлап отырмыз. Оның ішінде, «Үкімет сағаттары», парла­мент­тік тыңдаулар, әртүрлі кезде­сулер және отырыстар да бар. Олар­дың барлығында ең ал­ды­мен, экономикалық-әлеумет­тік маңыз­ды мәселелер талқы­лана­ды. Әрине, іс-шараларды ұйым­дас­тыру, өткізу форма­тындағы өзге­ріс­­тер жұмыс сапасына еш­қан­дай әсер етпейді. Ол жағынан өткен сес­­сиядан да тәжірибеміз бар», деді Спикер.

Нұрлан Нығматулин сонымен бірге депутаттар жұмысының ашық­тығына және барлық ақпа­раттық мүмкіндіктерді пайдалану қажеттігіне баса назар аударды.

 

Білімге бөлінген қаржы тиімсіз жұмсалған

Отырыс соңында Мәжіліс депутатта­ры мемлекеттік органдар басшыларына де­путаттық сауалдар жолдады. Атап айтсақ, «Ақ жол» фракциясы шағын және орта биз­несті қолдаудың қажеттігіне назар аударды. 

Үкімет басшысы Асқар Ма­мин­нің атына депутаттық сауал жол­даған депутат Азат Перуашев мемлекеттік мүддені қолдауға қатысты ұсыныс жасап, шағын жә­не орта бизнесті қолдауға арналған оңтайлы қадамдарды іске асыруды сұрады.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магер­рамов әлеуметтік қызмет­кер­лер еңбекақысын көтеруді ұсын­ды. Оның айтуынша, Үкімет халыққа қызмет көрсету орталық­тары жұмысына көбірек көңіл бөлу керек.

«Төмен еңбекақы мен әлеу­меттік ынталандырудың болмауы жас мамандарды қызық­тыр­майды. Бұл өз кезегінде кадр тап­шылығы проблемасына әкеледі. Мекемелердің әлеуметтік әрі меди­циналық қызметкерлері еңбек­ақыны көтеретін кезде ұмыт қалады», деді М.Магеррамов.

Жалпы отырыста депутаттар білім саласындағы олқылықтарға шүйлікті. Мәселен, депутат Ири­на Смирнова қазақстандық оқу­шы­лардың қашықтан оқытылуына нара­зылық білдірді. Оның айтуын­ша, Германия, Франция, Ұлы­британия, Ресей, Қытайда панде­мияға қарамастан балалар мектепке барып жүр.

«Осыған байланысты сани­тар­лық нормаларды сақтай отырып, тәсілдерді түбегейлі өзгертуді және білім беруді қашықтан әдет­тегі режімге ауыстыруды талап етеміз. Білім және ғылым министр­лігі әрбір баланың білім алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуі, әрбір оқу орнына мемлекеттік стандартты сақтауға еркіндік беруі, Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ ұсынымдарын орындауы тиіс», деді депутат И.Смирнова.

Ал Мәжіліс депутаты Жәми­ла Нұрманбетова мектеп оқу­шы­ларының жаңа оқу жылында қашықтан білім алуы сапасыз ұйымдастырылғаны үшін шенеу­ніктерді жауапкершілікке тартуды сұрады.

«Тоғыз жыл ішінде білім сала­сындағы іс-шараларға 72 миллиардтан астам теңге бөлінді. Со­ның тек 30 миллиард теңгесі e-learning электронды оқыту жүйе­сін енгізуге жұмсалды. Оны тиімсіз деп санауға болады», деді Ж.Нұрманбетова.

Депутат жауапты министр­лік­тердің қазақстандық жеті интернет-платформа қашықтан оқытуға және оларды халықаралық алмастыруға толығымен да­йын деп айтқанына қарамастан, іс жү­зінде мектеп оқушыларына қашық­тан оқу қиынға соғып жатқанын жеткізді.

«Бұқаралық ақпарат құрал­дарын­дағы және әлеуметтік желілер­дегі ата-аналардың шағым­дары мен пікірлері министр­лік­тердің қамданбағанын дәлелдейді. Интернет шалғайдағы ауылдық жә­не қалалық мектептерде қол­жетімсіз. Білім беру процесі сапасыз ұйымдастырылған. Әлі күнге дейін 835 мектепте оқитын 555 мыңнан астам оқушы интернетке кіре алмайды. Ал миллионнан астамының компьютері жоқ», деді депутат.

«Ақ жол» партиясының өкілі Дәния Еспаева көпбалалы отба­сылардың балалары бір смарт­фонға таласып, сабақ оқып жүр­генін, көптеген елді мекенге интернет жеткізілмегенін хабарлады.

«Көптеген елді мекенде кең жолақты интернет жоқ. Мәселен, тамыз айында Алматыдан 24 шақырым қашықтықта орналасқан Қаскелең қаласында тұратын ата-аналары интернеттің жоқтығына шағымданды. Шалғай елді мекендер туралы мүлдем сөз қозғамай-ақ қоялық», деді Д.Еспаева.

Депутат келтірген деректерге сүйенсек, 2016 жылдан бері білім беру саласына республикалық бюд­жеттен шамамен 28 миллиард теңгеге трансферттер бөлін­ген. Соның ішінде 6152 мектеп­ке мультимедиялық құрал-жабдық­тарды сатып алуға – 12 мил­лиард теңге, 7160 мектепті жоғары жыл­­дам­дықты интернетпен қамта­масыз етуге 16,5 миллиард теңге жұмсалған.

Сондай-ақ Д.Еспаева Білім және ғылым министрлігі Дүние­жү­зілік банктен 67,5 миллион теңге қарыз алғанына назар аудар­ды. Жоспар бойынша қала мен ауыл мектептерінің білім беру дең­гейін теңестірілуі тиіс еді. Яғ­ни жоба аясында 5 мың мек­теп­ті мультимедиялық құрал-жаб­дық­тар­мен қамтамасыз ету көзделген-ді.

«Алайда қолда бар мәліметке сүйенсек, осы жобаның бірде-бір бағыты бойынша конкурс жарияланған жоқ. Ал компьютерлер мен интернет құралдарын сатып алуға қатысты техникалық тапсырма әзірленбеген. Соған қарамастан, Қазақстан үш жыл бойы қарызды резервтеу үшін 160 мың доллар комиссия төлеп отыр», деді депутат.

Депутаттың айтуынша, Дү­ние­жүзілік банктен алынған қаржы игерілмесе де, шілде айында Бі­лім және ғылым министрлігі үкі­меттен қосымша 74,2 мил­лиард теңге сұраған. Осы қаржыға мектептерді онлайн сабақтарға қажетті цифр­лы технологиялар­мен қамтамасыз ету жоспар­ланған.