Қостанай облысына қарасты Меңдіқара ауданында жергілікті кәсіпкерлер көпбалалы Арзамасовтар отбасына үй алып беру үшін қаржы жинап жатыр. «Біз біргеміз!» акциясы аясында қолға алынған қайырымдылық шараға элиталы бидай тұқымын өсіретін «Қарқын» агрофирмасы да атсалысты. Серіктестік басшысы Еркін Бұқанов көпбалалы отбасына 1 млн теңге табыс етті.
Аудандағы Харьков елді мекенінің әлеуметтік мәселесі де түгелдей осы серіктестіктің мойнында. Мұндағы қазақ-орыс сыныбы аралас Сосна орта мектебінде 180-ге жуық шәкірт білім алады. Таяуда ғана серіктестік бұл мектепке құны 1,5 млн теңге тұратын IT-кабинет жасақтап берді. Бұл сыныпта 11 компьютер, 1 ноутбук және принтер бар. Кабинет толықтай веб-камерамен, интернетпен қамтылған. Серіктестік мектепті жыл сайын жөндеуден өткізіп отырады.
– Спорт залымыздың шатырын жөндеп, бүкіл есіктерді жаңартып берді. Биыл бүкіл терезелерді ауыстырып берейін деп отыр. Қысқы маусымда мектеп ғимаратын жылытатын отын түсіріп береді. Көктемде стадионға табиғи газон тұқымын сеуіп қойды. Бұл келесі жылы ауылдың жас спортшылары табиғи жасыл шөп төселген заманауи стадионда жаттығады деген сөз. Мектебімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық дәстүрлі музыканы насихаттайтын Жетіген сыныбы ашылды. Бұл да «Қарқын» серіктестігінің қаржысы арқылы жүзеге асып отырған игі жоба, – дейді мектеп директоры Жандос Кеңесбаев.
Ауылдың балабақшасы мен Мәдениет үйі де серіктестіктің меншігінде. Тоқсаныншы жылдары аукционға түскен бұл ғимараттарды базбір пысықайлар бұзып, қалаға құрылыс материалы ретінде тасып ала ма деп қауіптенген «Қарқынның» сол кездегі басшысы Сайран Бұқанов өз меншігіне сатып алып, аман алып қалған. Кейін күрделі жөндеуден өткен екі ғимарат та бүгінде ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етуде. Ауыл балабақшасында екі топ бар. Біріншісі балаларға қазақ тілінде, екіншісі орыс тілінде тәрбие береді. Сәбилердің барлығы тегін тамақтанады. Балабақшаға керекті төсек-орын, төсеніш, ыдыс аяқ, оқу-тәрбие, ойын құралдарының бәрі серіктестік қаржысына сатылып алынған.
– Әкем маған: «Ең алдымен халықтың жағдайын ойла. Қарамағыңда жұмыс істеп жүрген қарапайым жұмыскерді құрметте. Соның жағдайын жаса. Маңдай терімен тапқан еңбекақысын лайықты төле!» деп үнемі айтып отырады. Өзі де солай жасады. Бұл – біздің агрофирманың айнымас заңы. Осы 22 жылдың ішінде әкем тұрмысы төмен отбасылардан таңдап алып, 3 баланы Қарағанды медициналық университетіне дәрігер мамандығына оқытты. Жеті жыл бойы әрқайсысының оқу ақысын төлеп отырды. Қазір сол балалардың біреуі бізде, біреуі Қарағандыда, біреуі Тобыл қаласында жұмыс істеп жатыр. Бәрі де қазақ балалары ғой. Олардан бізге ештеңенің керегі жоқ. Тек шарт қоямыз. Бірінші, Қазақстанда жұмыс істеуі керек. Шетелге кетіп қалмауы тиіс. Екіншіден, дертіне шипа іздеп алдына келген ауыл адамының бетін қайтармай, жылы қарсы алып, шын ниетімен емдеуі керек. Басқа ештеңе талап етпейміз, – дейді Еркін Сайранұлы.
Бұл ауылдың ырыс-берекесін арттырып, ырыздығын еселеп отырған қамба толы дән де, төскей толы мал да көктен түскен жоқ. Барлығы табанды еңбектің, ерте көктемнен сары күзге дейін төгілген маңдай тердің арқасында келген игілік.
Қостанай облысы