Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомоның коронавирус пандемиясымен күрестегі қабылдаған шешімдері мен әрекеті көпке үлгі. Бүгінде мұхиттың арғы бетінде Куомо мырзаны білмейтіндер кемде-кем. Тіпті, оның атағы дүркіреп, рейтингі президенттерден де асып түсті.
Нью-Йорк қаласы біразға дейін пандемия таралуының нағыз ордасына айналғаны белгілі. Наурыз айынан мамырға дейін АҚШ-тағы науқастардың 60 пайызға жуығы Нью-Йорк штатына тиесілі еді.
Жалпы, Нью-Йорк штатының ішкі жалпы өнім көлемі 1,5 трлн долларды құрайды. Егер Нью-Йорк мемлекет болғанда экономикасының ауқымы жөнінен 11-орынды иеленіп, Канада мен Оңтүстік Корея арасында орналасқан болар еді. Штат АҚШ-тағы ішкі жалпы өнім көлемі бойынша үшінші орында тұр. Штаттың халқы 20 млн адамға тең.
New York Times газетінің хабарлауынша, Эндрю Куомоның коронавирус індетімен күрес барысында жасаған күн сайынғы брифингі оны АҚШ-тағы ең беделді тұлғалардың біріне айналдырды. Әрі дағдарыс кезіндегі көшбасшылық қабілетін анық көрсетті. Ол 2011 жылы 62 жасында губернаторлыққа сайланған еді. Э.Куомо өзінің брифингінде Нью-Йорктегі коронавирус жағдайының күнделікті өзгеру статистикасын, болжамын және нақты деректерді баяндап отырды. Сондай-ақ пайдалы ақпараттармен бөлісіп, нақты тенденцияны түсіндірумен болды.
Коронадағдарыс жағдайында қалған АҚШ-тың бүкіл арналары күн сайын губернатор Куомоның брифингінен хабар тарататын. Тіпті, олардың қатарында қарама-қарсы саяси көзқарастағы арналар – либералды MSNBC-тен бастап, консервативті Fox News-ге дейін бар.
Э.Куомоның ерекшелігі оның жеке қабілеті мен халықпен байланыс орната білуінде жатыр. Оның зейіні, ұстамдылығы, нәтижеге басымдық беруі және қабілеті жаһандық індетпен күрес кезінде америкалықтарға зор көмек көрсетті. Губернатордың мәселені кешенді шешуі мен күнделікті брифингтері тұрғындарға сенім ұялатып, батылдыққа жетеледі. Сондай-ақ ол әлеуметтік желілер арқылы ел халқымен байланыс орнатып, өз пікірін ашық жеткізді.
Эндрю Куомо әрдайым Демократиялық партияны қолдап келген. Оның әкесі Марио Куомо да демократ еді. Ол 1983-1994 жылдар аралығында Нью-Йорк қаласының губернаторы лауазымын атқарды. Кейінгі кезде Э.Куомоның бітіспес саяси қарсыластарының өзі оның жетістігін мойындауға мәжбүр болды.
Президент лауазымынан үміткер, Демократиялық партия өкілі, бұрынғы вице-президент Джо Байден Нью-Йорк губернаторының брифингін «көшбасшылық сабағы» деп, көпшілік алдында мәлімдеді.
Э.Куомоның наурыздағы рейтингі АҚШ тарихында болмаған өте жоғары деңгейге жетті. Бүкіл штаттағы сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 85 пайызы оның коронадағдарыспен күресін қолдайтынын жеткізген.
Биылғы көктемде, Э.Куомоның танымалдылығы артып тұрған сәтте оның есімі Демократиялық партия атынан президенттік лауазымға үміткерлер қатарында атала бастады. Бірақ губернатор бірнеше мәрте президенттік додаға түспейтінін мәлімдеді.
New York Times газеті журналистерінің мәліметіне сүйенсек, губернатордың танымалдылығы Ақ үй баспасөз қызметінің жұмысын қайта қарап, президенттің сөз сөйлеуін өзгертіп, кешірек уақытқа, Э.Куомоның күнделікті конференциясы аяқталғаннан кейін қоюға мәжбүрлеген. Қысқасы, мұның ешқайсы губернатордың Ақ үйді қатаң сынауына кедергі келтірген жоқ. Ол федеральды билікті баяу қимылдап, АҚШ-тағы эпидемияның таралуымен тиімсіз күресті деп айыптады.
Наурыздың ортасында Э.Куомо штаттағы вирус жұқтырғаны анықталған науқастар саны әр үш күн сайын екі есеге өсіп отырғанын мәлімдеді. Сондықтан ол штатқа федеральды биліктің Нью-Йорк штатына әкелген 400 өкпені желдету аппаратының орнына 30 мың жабдық керек болатынын айтты. Вашингтон губернаторды тыңдады. Сол күні АҚШ-тың вице-президенті Майк Пенс қосымша 2000 аппарат Нью-Йоркке жеткізілгенін хабарлап, бір күн ішінде тағы осы көлемде жабдық жеткізуге уәде берді.
Қазір Нью-Йорк штатындағы науқастар саны басқа штаттағылардан әлдеқайда аз. Нью-Йорк губернаторының айтуынша, бұл күнделікті өмірге оралу үшін әлі де көп жұмыс жасап, күш-жігерді ұлғайтуға серпін беруі тиіс. «Нью-Йорк ел көлеміндегі Оңтүстік Корея секілді», деді Т.Чан атындағы қоғамдық денсаулық сақтау гарвардтық мектебінің профессоры Томас Цай.
Қоғамдық денсаулық сақтау саласы өкілдерінің пайымдауынша, штатты уақытында жабу, содан кейін кезең-кезеңмен ашу шаралары, әлеуметтік қашықтықты сақтау мен бетперде тағуды қатаң орындау секілді губернатор енгізген шешімдер жағдайды бақылауға мүмкіндік берді. Алайда сарапшылар коронавирустың кез келген сәтте күрт көбейіп кетуі мүмкін екенін айтып отыр. Яғни, 32 мың адам коронавирустан қайтыс болған штат оның екінші толқынына қаншалықты төтеп бере алады?
Сарапшылардың айтуынша, Нью-Йоркке басты қауіп төндіріп тұрған – билік бекіткен 14 күндік карантин режімін сақтамай, осы штатқа келген басқа штаттың тұрғындары. Нью-Йорк билігінің сөзіне сенсек, жаңадан тіркелген жағдайлардың 20 пайызы штаттың сыртына шыққандардан табылып жатыр. Әсіресе, Флорида, Джорджия және Нью-Джерси штатына барып келгендердің жиі вирус жұқтырғаны анықталды.
Нью-Йорк штатындағы коронавирустың таралуын тізгіндеудегі тағы бір маңызды мәселе – губернатор Куомоның бизнесті біртіндеп іске қосу жөніндегі шешімі. Соған сәйкес, жабық жерлердегі мейрамханаларға баруға рұқсат етілген жоқ. Басқа штаттардағы індеттің күрт көбеюі осындай шешім қабылдауға мәжбүрлегені сөзсіз.
Қала билігі 20 шілдеде карантиндік шараларды жеңілдетудің төртінші кезеңіне өтті. Онда қауіпсіздік шараларын сақтай отырып қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына, ашық аспан астында спортпен шұғылдануға, музей, жәрмеңкелер, жоғары оқу орындарының қызметіне рұқсат етілді. Бірақ жабық ғимараттардағы көңіл көтеру мен демалыс орындарының қашан ашылатыны әлі белгісіз.
Локдаун кезінде қатты зардап шеккен барлар мен мейрамханалардың иелеріне көмек ретінде штат билігі қазан айына дейін ашық аспан астында жұмысын жалғастыруға рұқсат етті. Қазір мұндай 9,5 мың нысан бар. Осыған қарамастан, басқа саладағы бизнес өкілдеріне штат билігі мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеу ықтималдығын қарастыруды сұрап отыр.
Нью-Йорк қоғамдық көлік басқармасы карантин кезінде де тұрғындарды көлікпен қатынауды тоқтатқан жоқ. Метро, автобус, қала маңы пойыздары кіретін басқарманың хабарлауынша, 2020 жылғы көктемде қоғамдық көлікті пайдаланғандар саны былтырғы сол уақытпен салыстырғанда 87 пайызға азайған. Ал 1 қыркүйек күні, сейсенбіде метро қызметін 1,2 млн адам қолданды. Бұл былтырғы осы күнмен салыстырғанда әлдеқайда аз (5,77 млн), бірақ биылғы мамырдағы сейсенбі күнімен салыстырғанда екі есе көп (600 мың).
Солтүстік Америкадағы ең ірі саналатын осынау қоғамдық көлік жүйесі федеральды көмекке мұқтаж. Яғни, коронавирус пандемиясы кезінде жолаушылардың күрт азаюы компанияны 12 млрд доллардан айырды.
Нью-Йорктегі жағдайдың жақсаруына байланысты губернатор Куомо білім алудың аралас түрін қолданатын мектептерді ашуға шешім қабылдады. Қазіргі таңда штаттағы жаңа жұқтырулар көлемі 1 пайызды құрайды. Ал соңғы дерек бойынша, тест алынған 46 185 адамның 386-ы ғана оң нәтиже көрсеткен. Нью-Йоркте 1800 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 1,1 млн бала тәлім алады. Бұл елдегі ең үлкен көрсеткіш. Қазіргі таңда Нью-Йорк қаласы жаңа оқу жылын офлайн режімде ашуды жоспарлаған АҚШ-тағы ең ірі аймақ саналады.
АҚШ-тың басқа штаттарында науқастардың қайта көбеюіне байланысты Нью-Йорктегі медициналық мекемелер көктемгі жағдайдың қайталануына дайындалып жатыр. Қоймалар 90 күнге жететін жеке қорғаныс құралдарымен толықтырылып, ауруханалар арасында жедел байланыс жасау жүйесі іске қосылып, медициналық қызметкерлерді шұғыл қажет ететін орындарда қызметкер алмасудың жолдары қарастырылған.
Қорыта айтқанда, Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомоның қабылдаған шешімдері бір кездері коронавирустың ошағы саналған штаттағы жағдайды тұрақтандыруға зор үлес қосқаны анық.
Мақала Қазақстанның Нью-Йорктегі консулдығымен бірлесіп әзірленді