• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2013

Боксшылар сыйақы алды

317 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев 14-26 қазан күндері Алматыда өткен әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан ұлттық құрама командасының боксшыларымен және жаттықтырушылар құрамымен кездесті.

Кездесуде Федерация басшысы әлем чемпионатының тиісті деңгейде өткенін айтты.

Кеше Қазақстан Бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев 14-26 қазан күндері Алматыда өткен әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан ұлттық құрама командасының боксшыларымен және жаттықтырушылар құрамымен кездесті.

Кездесуде Федерация басшысы әлем чемпионатының тиісті деңгейде өткенін айтты.

Осыған орай елімізде алғаш рет өткен әлемдік доданы ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға, соның ішінде Бокс федерациясының қызметкерлеріне алғыс сезімін жеткізді. Одан әрі ұлттық құраманың көрсеткен өнеріне жақсы баға беретінін, чемпионатта былғары қолғап шеберлеріміз өзіне жүктелген міндетті толығымен орындап шыққанын атап өтті.

Осыдан кейін кездесуде ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов пен коман­даның капитаны, әлем чемпио­натының үздік боксшысы атанған Данияр Елеусінов сөз сөйлеп, Бокс федерациясына, соның ішінде Тимур Құлыбаевқа Қазақстан құрамасына барлық жағдайды жасап келе жатқаны үшін алғысын білдіріп, болашақта Азия ойындары, әлем чемпионаты мен Олимпиадада еліміздің үмітін ақтауға тырысатындарын мәлімдеді. Осы жерде М.Айтжанов келесі Олимпиадада ұлттық құрама 3 немесе 4 алтын медаль алуды жос­парлап отырғанын білдірді.

Федерация басшысы кездесуде команда мүшелеріне осы жетістікпен шектелмей, алдағы кезде өтетін жарыстарға белдікті босатпай, одан әрі тиянақты дайындалуды тапсырды. Содан кейін ол Федерация жұмысына тоқталып, әлем чемпио­наты кезінде, 24 қазан күні АИБА Бүкіләлемдік бокс академиясының тұсауы кесілгенін атап көрсетті. «Жақында Алматы облысы Талғар ауданында АИБА мен Қазақстан бокс федерациясының арасында жасалған келісімшарт негізінде әлемде теңдесі жоқ оқу-спорт кешені бой көтерді. Ол Алматының іргесінде, Іле Алатауының аса көрнекті әрі экологиялық таза аймағында орналасқан. Болашақта академия АИБА-ға мүше ұлттық федерациялардың шеберлігін шың­дайтын мамандандырылған орталыққа айналады. Мұнда тек спортшылар ғана емес, жат­тық­тырушылар, төрешілер мен дәрі­гер­лер, спорт менеджерлері мен әкім­шілік қызметкерлеріне арналған заман талабына сай оқу кешені мен бағдарламалар ұсынылады. Бүкіләлемдік бокс академиясы жұмысын келесі жылдың наурыз айында бастайды», – деді ол.

Осыдан кейін Тимур Құлыбаев Қазақстан құрамасының бас жат­тықтырушысы Мырзағали Айт­жа­новқа, жаттықтырушы Марат Елеусінов пен басқа да мамандарға, әлем чемпиондары Біржан Жа­қыповқа, Мерей Ақшаловқа, Данияр Елеусінов пен Жәнібек Әлімханұлына, күміс жүлдегерлер Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычкоға, қола жүлдегерлер Қайрат Ерәлиев пен Берік Абдрахмановқа ақшалай сыйақы табыс етті.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».

Суретті түсірген

Орынбай БАЛМҰРАТ.

Соңғы жаңалықтар