• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2013

Эму түйеқұстарын өсіру

1225 рет
көрсетілді

Эму түйеқұстары жер бетінде осыдан ондаған мың жыл бұрын пайда болған. Негізінен Австралия жерін мекен етеді. Қазіргі күні ол Азия мен Африканың көптеген елдеріне тараған. Қазақстан мен Австралия табиғатында көптеген ұқсастықтар болғандықтан оны Қазақстан жерінде де сәтті өсіруге болады. Бұл істі тәжірибеден өткізіп дәлелдеушілер, яғни Эму түйеқұстарын өсіріп, пайда алып отырғандар елімізде кездеседі.

Эмудың ересек түрлерінің сал­мағы 75-80 килоға дейін жетеді.

* Бір нәсіпке – жүз кәсіп

Эму түйеқұстары жер бетінде осыдан ондаған мың жыл бұрын пайда болған. Негізінен Австралия жерін мекен етеді. Қазіргі күні ол Азия мен Африканың көптеген елдеріне тараған. Қазақстан мен Австралия табиғатында көптеген ұқсастықтар болғандықтан оны Қазақстан жерінде де сәтті өсіруге болады. Бұл істі тәжірибеден өткізіп дәлелдеушілер, яғни Эму түйеқұстарын өсіріп, пайда алып отырғандар елімізде кездеседі.

Эмудың ересек түрлерінің сал­мағы 75-80 килоға дейін жетеді.Бойы 170-190 см. шамасын­­да. Ірі қара мал өсіргенге қарағанда эмуды өсірудің бірқатар артық­­­шылықтары бар. Олар қоршаған ортаға тез бейімделеді, тақыр жерлерде және басқа да аз пайдаланылатын жерлерде өмір сүре береді, ерекше күтімді қажет етпейді. Демек, жанама өндіріс көзі ретінде жақсы табыс береді. Оның үстіне, эмуды өсіру арқылы өнімнің бірнеше түрлерін алуға болады.

Эмуды орналастыру орны. Өздерін қоршауда да, қора-жай­ларда да емін-еркін сезінуі үшін түйеқұстар өсірудегі міндетті түрде қажет етілетін элементтердің бірі топырақ болып табылады. Оларға кең жер керек. Түйеқұстарға арналып салынатын құрылыс алаңы құрғақ жерде болуы тиіс. Өйткені, түйеқұстар құрғақ аудандарда тіршілік етуге үйренген. Олар желдің өтіне өте шыдамды, суықты да жақсы көтереді, қар үстінде еш қиындықсыз жүре береді. Эму бағылатын қора температурасын 15 градус жылылықта ұстаған жөн болып табылады.

Эму түйеқұстарын азық­тан­­дыру. Түйеқұстар негі­зінен шөп­қоректілер және жайы­­­лымдардағы, бұталардағы шөп-шалаңмен, ағаш өскіндерімен қоректенеді. Азық ретінде жәндіктер мен ұсақ омыртқалыларды жиі пайдаланады. Түйеқұстарды асырау барысында жемі үшін қандай да бір экзотикалық тағам қажет етілмейді. Жемнің берілуіне қарай түйеқұстардың басқа үй құстарына қарағанда салмағы үлкен болады.

Эму түйеқұстарын асырау. Басқа да құстар секілді эму да жұмыртқалау жолдары арқылы көбейеді. Топтап өсіргенге өте икемді және осы жағдайда жақсы пайда әкеледі. Жұмыртқаларын, жас төлдерін, өсіңкіреген және үлкен түрлерін сою үшін сатуға болады. Құс өсіруді жаңадан қолға ала бастағандар үшін инкубаторлық әдіс ұсынылады. Эмуды өсірушілер үшін олардың жұмыртқа басуын үнемі бақылап жұмыртқаларын жинау, оларды кірден тазартып инкубаторға орналастыру қажет. Эму бір маусымда 20-50 жұмыртқа салады. Нақты алғанда бұл құс әр үш күн сайын 1 жұмыртқа табады. Осы уақытқа дейінгі тәжірибеде дәлелденген көрсеткіш бойынша балапандардың 85 пайызы жұмыртқаны жарып шығып, өмірге келеді. Сау түйеқұстар 25-35 жыл бойы өнім береді, яғни көбейту үшін сатып алынған түйеқұс жұптарын көпжылдық инвестиция ретінде қарастыруға болады. Ұрғашылары әртүрлі ауа райы жағдайына өте төзімді. Эму кез келген қалыпты климаттық ортада жақсы көбейеді.

Эмуды инкубаторда өсірудің бір тиімді жағы, ол балапандарды шығару үдерісінде температура мен ылғалдылықтың қажетті деңгейін, ауа алмасуын және салынған жұмыртқалардың бірқалыпты аударылуын қамтамасыз етеді. Бұл факторлардың барлы­­ғы бала­пандардың сапа көрсет­кіш­те­ріне әсер етеді. Инкубациялық кезең 50-55 күнге созылады. Бұл кезең­дегі күтімге мыналар жатады: эмбрионның дамуын бақылау, өлі жұмыртқаларды алып тастау, санитарлық жағдайды қамтамасыз ету. Мұнан әрі балапандарды өсіру үшін оларды жабынмен қамтамасыз етіп, серуендету және оларға жем беріп отыру қажет. Балапандарға жылы, желдетілетін, гигиеналық нормаларға сай қора қажет. Оларды серуендеуге шығарып тұру денсаулықтарын нығайтуға, аяқтарының қисаймай дұрыс жетілуіне үлкен әсер етеді.

Эму түйеқұстарын өнім ре­тін­де өткізу жолдары. Эму түйе­құс­­тарын өсіру арқылы мына­дай өнімдер алуға болады: дәмі мен құрылымы бойынша сиыр етіне ұқсас, бірақ майлы емес, түрі қызғыл болып келетін, асқазанда жақсы қорытылатын сапалы ет; қауырсын құрылымына ұқсас келетін мықты да жұмсақ тері; құрамында олеин қышқылы бар, құстың терісі арқылы биоактивті элементтердің өтуін арттыратын өзіндік қасиетке ие май өндіруге болады. Қауырсынын сән салондары бас киімдерді декоративті сәндеу үшін, балық аулауда қалтқы жасау үшін, ал өнеркәсіпте тазартқыш құралдарын әзірлеу үшін пайдаланады. Жұмыртқасының қабықшалары мен тырнақтарын зергерлік өнерде пайдаланады.

Эмудың еті мен жұмыртқасын мейрамханалар, экзотиканы аңсай­­тын азаматтардың жекелеген санаттары аса қызығушылықпен сатып алады. Өңделген етін салқын және ыстық тағамдар үшін пайдаланады.

Эму өсірудің шығындары.

Бір-екі ай мөлшеріндегі жас түйеқұсты сатып алуға 40 000 теңге қажет. Оны көбейту үшін кемінде екі балапан сатып алсаңыз бұған 80 000 теңге жұмсайсыз.

Белгілі бір жасқа жеткенде бұл жұп жылына 30 жұмыртқа береді. Бір түйеқұс шамамен алғанда жылына 200 кг. құрамажем жейді. Оның әр килосы 35 теңгеден деп есептегенде бір түйеқұстың жыл­­дық жемдік шығыны сізге 7000 теңгеге, екі түйеқұстыкі 14 000 теңгеге түседі.

Барлық шығын – 94 000 теңге.

Эму өсірудің кірістері.

1 кг. етінің құны 5-6 мың теңге. Демек 75 кило тартатын бір түйеқұс өсіріп сатсаңыз одан 375 000 теңге пайда таба аласыз.

Түйеқұстың 1 жұмыртқасының бағасы шамамен 3-4 мың теңге. Егер түйеқұстың бір жұбынан 30 жұмыртқа алып сатсаңыз, одан 90 мың теңге пайда табасыз.

Басқа да өнімдерін (қанаттары, майы, терісі, тырнағы, қауырсыны) сату арқылы сіз өз табысыңызды айтарлықтай арттыра аласыз.

Түйеқұс фермаларындағы та­быстың қосымша көзі экскур­сия­лар ұйымдастыру болуы да мүмкін. Түйеқұстарды көргі­сі келетіндер әрқашан табылады. Сонымен қатар, ферма жанын­дағы мейрамханадан тамақ­та­ну­ды және кәдесый сатып алуды ұсынуға болады. Әрине, мей­­рам­ханада түйеқұс етінен және жұмыртқасынан жасалған тағам­дар міндетті түрде болуы керек.

Пайдалы сілтемелер:

http://www.business-magazine.ru/ideas/niches/pub291676

http://www.fadr.msu.ru/rin/vestnic/vestnicapr99/2-2-99.html#1

http://www.fermer.ru/forum/strausy/55499

http://issyk.info/index.php?id=59

http://straus.yug.net.ua/straus.html

Әзірлеген

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар