• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2013

Сызықтарда сызылмайтын қызық бар

317 рет
көрсетілді

Қазіргі заманғы өнер мұражайында Суретшілер одағының мүшесі, «Мәдениет» телеарнасы директорының орынбасары, қылқалам шебері Жанұзақ Мүсәпірдің «Туған жер бояулары» атты жеке көрмесі және «Қара шаңырағым» кітабының тұсаукесері өтті.

Қазіргі заманғы өнер мұражайында Суретшілер одағының мүшесі, «Мәдениет» телеарнасы директорының орынбасары, қылқалам шебері Жанұзақ Мүсәпірдің «Туған жер бояулары» атты жеке көрмесі және «Қара шаңырағым» кітабының тұсаукесері өтті.

«Жанұзақ Мүсәпірдің суретші болмас­қа ешқандай амалы жоқ еді. Оның бір­неше себебі бар. Біріншіден, қазақтың ең атақты, белгілі деген суретшілерінің бәрі құмның ішінде туған. Мысалы, батыс­­­­қазақстандық Сәкен Ғұмаров құмда дүниеге келген ең үлкен суретші болды. Әбілхан Қастеевтің кіндік қаны тамған жер – Алматы облысының Панфиловы, Іле­нің арғы жағы – түгел құм. Балқаштың, Ба­қанастың құ­мында Жанұзақ өмірге келді.

Құм – бояу, таңертең тұрып қарасаңыз, әр күні әртүрлі бояу тап келеді. Кешегі ізіңіз бүгін жоқ, көз алдыңызда басқа картина тұрады. Тау ондай емес, ол жыл мезгілдеріне қарай төрт-ақ рет өзгереді. Ал құм күн сайын өзгеріп тұрады. Көк аспаннан бірте-бірте жерге дейін жеті бояудың реңктері табылады. Жеті бояу қырық құбылып, қыруар түске енеді. Дала, тау, өзен жаны мұншалық ғажап емес. Екіншіден, бұл кісінің туған жерінде қазақы дәстүрдің қаймағы еш бұзылмаған. Сол себепті оның көкпар, құрт жаю, бесікке бала бөлеу, ши тоқу, келі түю сияқты ұлттық дәстүрлерге арнаған картиналарының қай-қайсысы болсын жанға жақын, бұлармен тез арада тіл табысып кетесіз. Шығармаларының дені қазақы дәстүрмен біте-қайнасып жатыр. Соны жеткілікті білетіндіктен де «Құрт жайған келіншектер» атты картинасындағы анау сықпа құрттан бас­­тап төменде соның иісіне телміріп тұрған кішкентай күшікке дейінгі аралықта қазақтың бүкіл өмірі, тіршілігі жатыр.

Екінші қыры, бұл кісі ешқашан көлем қумайды. Екі-үш метрлік картина­ларды салып, оған талай тарихи оқиғаларды сыйғызғысы келетін кө­лем қуған сурет­шілер бар. Жанұзақ олар­дың ауқымын неғұрлым шақтап алып, соған көп нәр­се сыйғызып жатыр. Бұл – сы­ғым­­дау. Өнердің ең үлкені – ойды, идея­­ны сығымдай білу. Өйткені, кіш­кен­­тай көлемнің ішіне көп мән, көп бояу, көп оқиға, көп көркемдік шешім сыйып кетеді. Онан кейінгі ерекше жағы, жинақтаушылық қасиеті бар. Мы­салы, екі картинаны бөліп айтуға болады. Біреуі – Астана туралы, кешеден келе­шекке дейінгі белесті бейнелейтін еңбегі. Астананың барлық жақсылығы қазақтың бұрынғы тарихымен қосыла бір шеңбердің ішіне сыйып кеткен. Екіншісі – қыздарға арнаған суреті. Мысалы, бір қызға басыбүтін бір картина арналып жатады. Қазақ қыздарының өздері неше алуан болып келеді, сол алуандықты үйлестіріп жеткізуге келгенде, ол кісі пәленбай мінезді, пәленбай тағдырды, пәлен­бай түр мен сипатты бір картинаға ше­бер сыйғызып бере алған. Міне, сығымдау.

Тағы бір ерекше нәрсе – тек қана сызықтармен салған картиналары. Соның бірі, арулар туралы картинасынан шынайы көрініс табады. Мұнда бір иректен екінші ирек туындайды, иректің арасынан бір қыздың беті, енді бір арудың көзі көрініп қалуымен ғажап. Ирек сызықтардан басқа, тағы оның «Алатау шыңдары» деген картинасы бар. Мұнда суретші тек тік сызықтарды пайдаланады. Тік сызықтармен таудың шың­дары, тастар, жартастар пайда болады. Демек, мұның бәрі шеберлікті білдіреді.

Содан кейінгі негізгі нәрсе – мінез. «Автопортреттен» өзінің, ал «Әкеден» әкесінің мінезі байқалып тұрады. Қорытып айтқанда, әлгі бас­­­тап­қы сөзге қайтып келсек, кезінде Мұқа­ғалидың өзі туралы «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақа­таев бар мұнда» деп айтатынындай, бүгінде Қастеевтер жоқ, бірақ сол Әбекеңдердің сарқыты Жанұзақ Мүсә­пірлер бар мұнда». Бұл белгілі журналист Қайнар Олжайдың Ж.Мүсәпір туындылары туралы осы кеште білдірген лебізін сол күйі таспамызға түсіріп алған түріміз.

Жанұзақ Мүсәпірдің кім екенін, жан сырын танып, ұғу үшін жұртқа көп нәрсені сөзбен айтып жеткізудің еш қажеті жоқ. Қазіргі заманғы өнер мұражайына бас сұқсын. Кіші залдағы қылқалам шеберінің 30-ға жуық пейзаждары, портреттері, натюрморттары мен дала жырымен сусындатар шуақты бояулары көңіліңізді көрген сәттен-ақ көркем баурайларға бастап барарына еш күмән келтірмейміз. Ал Жанұзақ Керімбекұлының «Қара шаңырағымына» келсек, кітап кейінгі ұрпағың үшін, таусылмас мәңгі қуатың, рухани бұлағың деген сөз рас. Суретші қаламгердің кешіне жиылған зиялы қауым сол бұлаққа ептеп ден бұра сөз сөйледі. Парламент Мәжілісінің депутаттары Рамазан Сәрпеков, Нұртай Сабильянов, ақын Бақыт Қайырбеков, суретші Сейсенхан

Махамбетов, тағы басқалар қос өнерді қоса меңгерген азаматтың шығармашылығына табыс тіледі.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар