Ақтаулық Сергей Наумовтың өз тұрғын үйінің өзі тұратын қабатындағы дәлізге жасаған жөндеу, сәндеу жұмыстары көпшілікті таңғалдырды. Қаладағы 5-шағын ауданның 22-үйі – көпқабатты ескі үй. Тұрғын үй ретінде көнеруі өз алдына, ішкі-сыртқы қабырғаларға жазылған былапыт сөздер мен әлем-жәлем суреттер үйдің сиқын, көңілдің сұрқын қашыратын.
Қорқынышты кіреберіске кіріп-шығудан жүйкесі шаршап, көңілі жүдеген болуы керек Сергей өз қабатын кіреберісімен қоса жөндеуді бұдан бір жыл бұрын қолға алыпты. Ол үшін ерінбей тұрғындар далаға шығарып тастаған құрылыс қалдықтарын жинап, өз қабатына тасыды. Алдымен ұзын дәлізді әктеп, онан соң өз қиялымен безендіру жұмыстарына кіріскен.
– Қабырғалар өте лас еді, үйге кірген-шыққанда құдды бір түрмеде жүргендей әсерде боласың. Көп ойландым, бірақ бір сәтте іске кірісіп кеттім. Әрі-бері өткендер қазір біздің қабатты қонақүй ме деп қалады, деп күледі 54 жастағы Сергей.
Еденді, қабырғаларды тұтастай түрлі үлгіде сәндеп шыққан Сергей әр бөлікке өзгеше мән-мағына беруге тырысқан. Кафель мен ағаш, тас қалдықтары кәдеге жарап, бір қабаттың толықтай қажетіне жарап тұр. Қабырғада теңіз айдыны мен пальма ағашын, жарқыраған күннің бейнесін берген шебер арнайы картиналарды ілуді де ұмытпаған.
Сантехник болып нәпақа табатын Сергейдің ісіне көршілері дән риза. Мамандығы құрылысшы болмаса да өзінің қиялымен шеберлігін ұштастыра еңбек еткен Сергейдің ісінің жемісін көршілер көруде. Енді олар өз қабаттарына қорқып емес қызыға, қуана, тіпті масаттана енетін болды. Сергейдің ісі көпке үлгі болып бұл істі өзге көршілер жалғастыруға ниетті.
Өз дәлізін, өз қабатын сәндеуді еліміздегі әрбір қала тұрғыны эстафета ретінде жалғастырса дейсің...
Маңғыстау облысы