• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2013

Ашық қарым-қатынас артады

470 рет
көрсетілді

Мемлекет еліміздегі азаматтық қоғам дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Соның жарқын бір көрінісі жақын арада елімізде кезекті Азаматтық форумның өткізілуі. Осыған орай кеше «Қазақстанның азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Нұрлан Ерімбетов арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

Мемлекет еліміздегі азаматтық қоғам дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Соның жарқын бір көрінісі жақын арада елімізде кезекті Азаматтық форумның өткізілуі. Осыған орай кеше «Қазақстанның азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Нұрлан Ерімбетов арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

Қазақстан Республикасы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев азаматтық қоғам өкілдері қоғамдық бақылау институттарын нығайтуда зор рөл атқарып келе жатқандығын ерекше атап кетті. Оның мәліметіне қарағанда, қазіргі кезде еліміздің әр өңірінде басты форум өткізу аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл ретте үстіміздегі жылдың 14-15 қарашасында елордадағы Тәуелсіздік сарайында азаматтық форум өтетінін айта кету керек. Қазіргі таңда азаматтық форумның негізгі мақсаты мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы қарым-қатынастарды кеңейту болса, олардың арасында ашық та баршаға түсінікті ынтымақтастықты орнату басты мәселе.

Мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдарды біріктіретін «Қазақстанның азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті үстіміздегі жылдың 11 қазанындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген сыни тапсырмаларын іске асыруға деген азаматтық альянстың үлесін және үкіметтік ұйымдардың тыныс-тіршілігін әңгімелеп берді.

Соңғы жылдары үкіметтік емес ұйымдар қызметі көз алдымызда құлдырай бастаған. Нұрлан Ерімбетовтің айтуынша, кезінде тіркеуден өткен 27 мың үкіметтік емес ұйымдардың қазіргі таңда 1,5-2 мыңы қалса жақсы. Бұрындары ҮЕҰ жеңіл бизнес көзіне айналса, заңдық өзгерістерге сәйкес бүгінде оған жол жоқ. Сондықтан олардан көпшілігі кетіп қалған. Заң талабына сәйкес бұл салада істегісі келетіндер алдын ала төлем жасауы тиіс екен. Алайда, мүгедектермен, нашақорлармен және өзге де қоғамның әлсіз топтарымен жұмыс істейтіндер ондай алдын ала төлемді жасай алмаса керек. Сондықтан да бұл салада тек өз ісіне берілгендер ғана қалып отыр.

Осы ретте Н.Ерімбетов үшінші секторды қолдау қажеттігі билік тарапынан түсіністік тудырып отырғандығын тілге тиек ете келіп, оларды қажетті саяси сәтте пайдаланып қалу деген ұғымның болмауы керектігіне назар аударды. Қазіргі тұрақсыздық жайлаған әлемдегі орын алып жатқан келеңсіздіктер азаматтық қоғамның ұйыспағандығынан, дейді ол. Әлемде азық-түлік, су мен мұнай қорлары азайған сайын өзге елдің аумағына көз алартушылар көбейеді. Сол кезде елдің қауіпсіздігі азаматтарының саны мен қару-жарағының көптігіне емес, қоғамының ұйысуына байланысты болмақ. Сондықтан, үкіметтік емес ұйымдар Үкіметтің қолы жете бермейтін салаларда әрекет етуді жөн көріп отырғандықтарымен бөлісті.

Нұрлан Кенжебекұлы қаржы табылса, көп шаралар ұйымдастыруға болады деп есептейді. Әсіресе, өңірлерде мемлекеттік емес ұйымдар жұмысы әкімдердің көңіл-күйіне қарай ұйымдастырылатынын да жасырмады. Оның мәліметіне қарағанда, кей әкімдер үшінші секторға қолұшын берсе, кейбірі тіпті, оларды қажет етпейтін де көрінеді. Неге қоғам өмірі бір басшыға байланысты болуы керек? Сондықтан үкіметтік емес ұйымдар жұмысы әкімнің рейтингісін анықтауда да ескерілуі қажет.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар