• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2013

Ағайынмен араластық деңгейі жоғары

354 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Қырғыз Республикасында ресми сапармен болды. Үкімет басшысы сапары аясында бірқатар кездесулер өткізіп, Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Қырғыз Республикасында ресми сапармен болды. Үкімет басшысы сапары аясында бірқатар кездесулер өткізіп, Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Сонау замандардан ауылы аралас, қойы қоралас қырғыз ағайындардың Қазақ еліне деген ықыласы қашаннан жоғары. Бауырлар бұл жолы да қонақжай қалыптан бұлжымады. Қазақстан делегациясын «Манас» әуежайы­нан мәре-сәре күтіп алып, қалып­тасқан дәстүр бойынша екі елдің әнұраны шырқалды. Бұдан соң Қазақстан Премьер-Министрі қырғыздардың «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясына атбасын бұрды. Онда Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев күтіп отырған болатын.

А.Атамбаевпен кездесу шағын құрамда өтті. Онда екіжақты қарым-қатынастың, атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы әріптестіктің қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды. Тараптар барлық бағыттар бойынша Қазақстан-Қырғызстан қарым-қатынасын одан әрі нығайту мен жандандыруға әзір екендіктерін білдірді.

С.Ахметов Қазақстанның Қырғызстанмен сындарлы қарым-қатынасты жалғастыруға ынталы екенін және түбі бір екі елдің достық пен тату көршілікке негізделген екіжақты қарым-қатынасын ырғақты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

С.Ахметов бұдан соң Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесінің төртінші отырысына қатысты. Кеңес отырысы былтыр Астанада өткен болатын. Бұл – екі ел арасындағы барлық бағыттардағы байланыстарды реттеп, ынтымақтастығын жүзеге асыратын маңызды шара. Онда елдердің сауда-экономикакалық қарым-қатынасын дамыту бағытындағы келісімдер жасалып, құжаттарға қол қойылады.

Кеңес отырысы әдеттегідей шағын құрамда басталды. Онда С.Ахметов Қырғызстан Пре­мьер-министрі Жанторо Саты­балдиевпен кездесіп, елдер ара­сын­дағы сауда-экономикалық, мәде­ни-гуманитарлық ықпалдас­тығын одан әрі дамыту бағыттарын жетілдіру жайында пікір алмас­ты. Сонымен қатар, кеңейтілген құрамдағы отырыстың күн тәр­тібіне шығарылған өзекті мәсе­ле­лер жайында ой бөлісті.

С.Ахметов өз кезегінде Қазақстан мен Қырғызстанның жоғары деңгейдегі экономикалық әріптестігін атап өтті. Біз екіжақты қарым-қатынастың, бірінші кезекте, сауда-экономикалық әріптестіктің ауқымды мәселелері бойынша сындарлы сұхбат жүргізуге дайынбыз. Біздің елдеріміз арасында ынтымақтастықты арттыру үшін үлкен әлеует бар, сонымен бірге, бірлесіп шешетін мәселелер тұр, деді Қазақстан Премьер-Министрі. Сондай-ақ, ол Үкімет басшылары деңгейіндегі кездесудің Астана мен Бішкек арасындағы екіжақты әріптестікті жандандыру үшін қосымша серпін беретініне сенім білдіретінін жеткізді.

Ал Қырғызстан Үкіметінің басшысы Ж.Сатыбалдиев Қырғызстан мен Қазақстан арасында түптеп келгенде үлкен проблема жоқ. Мен алға қойған мақсаттарға бірлесіп жетудің шешімдерін табатынымызға үміттенемін, деді. Сондай-ақ, ол екі ел арасындағы сауда айналымының бүгінде миллиард доллардың үстіне шығуы Қазақстан мен Қырғызстанның ынтымақтастық байланыстарының тиімді жүзеге асырылу нәтижесі деп бағалады. Ол бұл көрсеткіш одан әрі өсіп, биыл былтырғы межеден де асып түсетініне сенім білдірді.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, былтырғы жылдың өзінде сауда 1 млрд. 58,9 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл 2011 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 41 пайызға жоғары. Ал тауар айналымы 924 млн. АҚШ долларын құрап, 31,8 пайызға өсті. Қазақстанның Қырғызстанға экспорты 2012 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 725,9 млн. АҚШ долларын құраған. Бұл 2011 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 43 пайызға жоғары. Импорт көлемі 2012 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 333 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2011 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 37,6 пайызға артық. Ал үстіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларындағы сауда айналымы 630,5 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 106,1 пайыз болып табылады.

Кеңейтілген құрамдағы отырыста сауда-экономикалық және инвестициялық салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық туралы көлемді мәселелер талқыланды. Айталық, өткен жылғы үшінші отырыста қаралған келісімдер мен хаттамалардың іске асырылуы, экономика, кедендік бақылау аясындағы, көлік қатынасы, қоршаған ортаны қорғау, шекаралық және космостық байланыс аясындағы ынтымақтастықтарды жетілдіру мәселелері, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық, энергетика, газ саласы, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бойынша ауқымды мәселелер қаралды. Бұл отырысқа Қазақстаннан Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, Көлік және коммуникациялар министрі А.Жұмағалиев, Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі А.Рау, Қаржы вице-министрі Р.Дәленов, Мұнай және газ вице-министрі Б.Ақшолақов, Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Т.Жақсылықов, Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Е.Насанбаев, сондай-ақ, басқа да министрліктер мен ведомстволар өкілдері, Жамбыл облысы мен «KEGOC» акционерлік қоғамының басшылығы қатысты.  

Шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстар аяқталған соң екі елдің Үкімет басшылары журналистер алдына шығып, баспасөз мәслихатын өткізді. Онда төртінші отырыстың маңыздылығы айтылып, талқыланған мәселелер жайында мәлімделді. Үкімет басшылары отырыстарда келісілген шешімдердің қабылдануы екі елдің де халқына айтарлықтай пайда әкелетініне сенім білдірді.

Отырыс қорытындысында Қазақстан-Қырғызстан Үкімет­ара­лық кеңесі 4-отырысының Хаттамасына және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Қырғыз Республикасы Қаржы министрлігінің арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан» – Бішкектен.

Соңғы жаңалықтар