• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2013

Қазыналы қарттардың құрылтайы

302 рет
көрсетілді

Жақында Қызылорда қаласында республиканың барлық ардагерлері жиналып, алқалы кеңес өткізді. Онда біраз мәселе қаралып, тиісті шешімдер шыға­рылды. Осы жиын турасында біз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек ШАУХАМАНОВПЕН әңгімелескен едік.

– Республиканың ардагер­лерін аймаққа жинап, семинар-кеңес өткіздіңіздер. Осы шара туралы айтып берсеңіз...

Жақында Қызылорда қаласында республиканың барлық ардагерлері жиналып, алқалы кеңес өткізді. Онда біраз мәселе қаралып, тиісті шешімдер шыға­рылды. Осы жиын турасында біз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек ШАУХАМАНОВПЕН әңгімелескен едік.

– Республиканың ардагер­лерін аймаққа жинап, семинар-кеңес өткіздіңіздер. Осы шара туралы айтып берсеңіз...

– Облыста ардагерлерді ардақтау, қарттарын қадірлеу бағытында айрықша істер жасалды. Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің іс-тәжірибесін Орталық кеңес мақұлдап, елімізге арнайы таратқан болатын. Сондықтан ардагерлер активінің республикалық семинар-кеңесінің біздің облыста өтуі де заңдылық болса керек. Жиынға Ардагерлер ұйымдары Орталық кеңесінің басшылары, Астана, Алматы қалаларының және облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, бірқатар облыстық мекеме, ұйым басшылары қатысты. Семинар-кеңестің алғашқы күні қонақтар қаланың көрікті жерлерін аралады. «Сыр-Ана» монументінде театрландырылған көрініс көрсетілді. Облыстық мәде­ниет саласының өнерпаздары келу­шілерге әннен шашу шашып, бишілер өз өнерлерін ұсынды. Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов ардагерлерге жыр арнады. Мұнан кейін Тұңғыш Президент саябағында болған ардагерлер «Ардагер аллеясына» бірнеше түп жасыл ағаш отырғызды. Мұнан кейін «Жалаңтөс Баһадүр» ескерткішінде, «Тағзым» алаңында болып, гүл шоқтарын қойды. Сыр сүлейлері аллеясын аралап, тамашалады. Республикалық семинардың екінші күні делегаттар алдымен облыстық медицина орталығының жұмысымен танысты. Онан соң мәртебелі меймандар облыстық медицина орталығындағы бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысын көрді. Бастауыш ардагерлер ұйымының тізімінде 89 ардагер бар екен. Мұнда сала ардагерлері үшін барлық жағдай жасалған. Республикалық семинарға қатысушылардың екінші тоқтаған жері ардагерлер үйі болды. Зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы 2010 жылдың қазан айында құрылған. 50 орынға арналған орталық негізінен зейнеткерлер мен мүгедектерге, соғыс және еңбек ардагерлеріне медициналық-әлеуметтік қызметтер көрсетуге және олардың бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған. Бүгінгі таңда аймақта 692 бастауыш ұйым бар, олардың саны әлі де арта түсуде. Ардагерлер үйінде облыстың барлық ардагерлерінің тізімі, олар жайында барлық мәліметтер компьютерге енгізілген, түгелдей дерлік интернетке қосылған, кез келген уақытта іздеген адамымыз жайында нақты мәлімет ала аламыз. Ардагерлер үйінде демалушылардан жасақталған ансамбль ән-жырдан шашу шашып, шара мазмұнын байыта түсті.

Республикадан жиналған ардагерлер онан соң Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен танысты. Аудан әкімі Ғани Қазантаев өңірде атқа­рылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайрулла Әбенов ардагерлер ұйымының қызметі, ахуалы туралы әңгімеледі. Сонымен бірге, ауылдағы шаруашылық иесі, «Абзал және К» толық серіктестігінің төрағасы Абзал Ерәлиев семинарға қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Өз кезегінде қонақтар да ыстық ықыластарын жеткізіп жатты. Мәселен, республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев ауыл азаматтарының іскерлігіне, ауыл тұрғындарының ауызбірлігіне ризашылығын жеткізді. Бұдан кейін семинарға қатысушылар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысын тамашалады. Ондағы жақсы тәжірибелер мен үлгілі істерді көріп, өзара пікір алысты. Қызылорда қаласындағы Орталық алаңда жастар ортасында саламатты өмір салтын насихаттау акциясына да қатысты. Сонымен қатар, семинарға қатысушыларды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдап, облыс экономикасы мен әлеуметтік жағдайы жайлы кеңінен баяндады. Алда атқарылар жұмыстар бағдарламасымен таныстырды.

– Ардагерлердің жиынында бұдан басқа қандай мәселе тал­қыланды?

– Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев «Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының міндеттерін және ардагерлердің VІ съезінің шешімдерін орындау барысындағы ардагерлер ұйымдарының жұмысы туралы» баяндама жасады. Ол еліміздің қазіргі таңда үлкен жетістіктерге жетіп, дүние жүзіне танымал, стратегиялық тұрғыдан сенімді әріптес, байсалды да сергек мемлекет болуына ардагерлердің сіңірген еңбегі зор екенін айтты. Әріге бармай-ақ бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалау жолында мыңдаған ардагерлеріміз Елбасына көмекші бола білгенін жеткізді. Қоғамның барлық саласында еңбек еткен ардагерлер өздерінің бай тәжірибесін, білімі мен білігін тәуелсіз еліміздің аяғынан тік тұрып кетуіне жұмсағанын баяндады.

Биыл Республикалық ардагерлер ұйымының Орталық кеңесі Қарттар күнінде құрметке бөленіп, аты аталмаған, сый көрмеген қа­рия қалмасын деген тілекпен «Қам­тылмаған қалмасын!» атты үндеу жариялады. Ардагерлер барға қанағат етіп үйренген жандар, олар бағалы сыйлық дәметпейді. Оларға керегі жылы мейірім мен ыстық ықылас қана. Республикалық ардагерлер ұйымы «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған болатын-ды. Осы орайда жастар белсенділігін тиімді пайдалана білу де көп істі ілгері жылжытары анық. Жастарға патриоттық тәрбие беру, ата-баба дәстүрлерін ұрпаққа аманат ету секілді мәселелерді басшылыққа алған көптеген облыста арнайы бағдарламалар қабылданды. Мәселен, Алматы облысында «Атадан – ұлағат», «Әжелер – отбасының берекесі», «Енесі жақсының шаңырағы шай­қалмайды» атты форумдар ұйым­дастырылып, жастар тәрбиесіне жете мән беріліп келеді. Сондай-ақ ардагерлер өздерінің жүмыстарын жалпақ жұртқа жеткізу үшін әр жерде өздерінің басылымдарын шығарып жатыр. Мысалы, Қостанай, Жамбыл және Қызылорда облыстарында ардагерлердің «Ардагер», «Ғұмыр-Дария», «Сыр ардагері» атты төл газеттері жарық көреді.

Әрине, ардагерлердің атқарған істері мен оларға жасалған қам­қорлық жайында айта беруге болады. Дегенмен, жергілікті әкім­діктер, мекеме, кәсіпорын басшылары, бизнес құрылымдарының өкілдері тарапынан ардагерлерге жасалатын қамқорлықтарды ұдайы, тұрақты түрде жасату мақсатында «Ардагерлер туралы» Заңның қабыл­дануы аса қажет-ақ. Елбасы өзінің Жолдауында «Мемлекет зейнеткерлерге, мүгедектерге, жұмыс істей алмай­тындарға, ауру балаларға нақ­тылы қолдау көрсетуге толық жауапты», деп атап көрсеткен болатын. Олай болса жоғарыдағы заң қабылданып, қарттарға жасалатын қамқорлықты еселеп арттыратын күн де алыс емес. Тек сол күнге қарттарымыз аман-сау жетсін дейік.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

ҚЫЗЫЛОРДА.

Соңғы жаңалықтар