Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев еліміздің басты ақпарат құралдарының басшыларын қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жансейіт Қансейітұлы ел дамуына елеулі үлес қосып, ақпарат айдынында оқырман және тыңдарман халықтың сұранысына сай, жедел әрі шынайы ақпарат таратқан бірқатар отандық басылымдар мен телеарналар басшыларының тынымсыз еңбегіне алғыс білдірді. Сондай-ақ, ол ақпарат құралдарының ел ынтымағы мен татулығын дәріптеген Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысының маңыздылығын халыққа жеткізуде ерекше рөлге ие екендігін де атап өтті.
Қабылдауға "Егемен Қазақстан" Республикалық газеті" АҚ Басқарма Төрағасы Дархан Қыдырәлі, "Казахстанская правда" Республикалық газеті" АҚ Басқарма Төрағасы Вячеслав Пащенко, "Казахстанская правда" Республикалық газеті" АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Сабит Малдыбаев, "Хабар" Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасы Ерлан Бекхожин қатысты.
Ж.Түймебаев кездесуге арнайы шақырылған ақпарат құралдарының басшыларын Қазақстан Республикасының Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойларына орай мерейтойлық медальдармен марапаттады.