• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2010

ҚОСТАНАЙ ЖҰЛДЫЗДАРЫ ТАҒЫ ДА ЖАРҚЫРАДЫ

693 рет
көрсетілді

Соңғы екі-үш аптаның ішін­де Қостанайдың өнер жұл­дыздары тағы да жарқырап көрінді. Халықаралық бай­қауларға қатысқан төрт әнші жүлделі орындарды иеленіп қайтты. Италияның Луниго қала­сында өткен “ХХІ ғасыр­дың өнері” атты байқауда Е.Өмір­зақов атындағы облыс­тық фи­лар­монияның әншісі Гүлмира Үмбетова гран-приді жеңіп алды. Жас әнші соңғы үш-төрт жылдың ішінде бірқатар халық­аралық байқауларға қатысты. “Романсиада–2007” халықара­лық байқауынан 1-орын­ды, Б.Төлегенова атын­дағы бай­қауда 3-орынды иеленген еді. 2008 жылы Испанияда Мон­тсеррат Кабалье атындағы бай­қауда да өзінің әншілік қары­мын әлемге әйгілі жұлдыздар арасында сынап қайтқан болатын. – Мен он бес адамнан құралған қазылар алқасының алдында бірнеше тілде әндер және опералардан ариялар айттым. Соның ішінде қазақ тілінде орындаған “Қазақ вальсін” тыңдағанда залдың да, қазылар алқасының да ерекше әсерленгенін, қошеметтің ерекше болғанын байқадым,–дейді Гүлмира. Челябі қаласында өткен актерлік әндер халықаралық байқауына қатысқан Қостанай­дағы орыс драма және қуыр­шақ театрының актрисасы Юлия Кудряшова бірінші орынды иеленді. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарының көрінісін беретін “Дұға” шығармасын орындағанда залдағы көрер­мендер жылап отырды. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай бұл әнді дұрыс таңдағанына да көңілі толатынын айтты талантты актриса. Ресейдің Свердлов облысы­ның Нижний Тагил қаласында жас орындаушылардың бүкіл­ресейлік байқауына қатысқан Батырхан Мәліков те бас жүлдені қанжығасына байлады. Жас әнші Батырханның бұл бірінші жүлдесі емес. Ол бірнеше халықаралық байқау­лардың жүлдегері болып үлгер­ді. Ол өткен жылы “Берлин жақұттары” байқауынан 3-орын алған болатын. Нижний Тагилдегі байқауда жас талант­тарға жоғары оқу орындары үшін берілген екі гранттың біреуін Батырхан иемденді. Биыл 11-сыныпты бітіретін жас талант үшін бұл зор жетістік. Ал Санкт-Петербург қала­сында өткен халықаралық вокаль байқауынан облыстық филармонияның әншісі Ники­та Ивлев те олжалы орал­ды. Ол байқаудың “Эстрада” номина­циясынан бірінші орын алды. Оның “акаде­мия” номи­на­циясы бойынша орындаған қазақ тіліндегі “Толғау” әніне көрермендер сүйсіне қол соқ­ты. Қостанай­лық жұлдыз­дар­дың сырт жерлердегі осындай беделді байқауларда бағын сынауын қолдаған облыс бас­шы­лығы оларға қаржылай көмектесті. Жас таланттар өз мүмкіншілігін сынаумен бірге елдің, жердің атын шығарып келді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.