• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Парламент 17 Қыркүйек, 2020

Бұл заң бұрынғыдан өзгерек...

177 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, бірқатар заң жобалары мақұлданды. Солардың қатарында талқыланған фонограмманы қолдануға қатысты мәселе депутаттардың ғана емес, көпшіліктің де көкейінде көптен бері жүргені белгілі.

Фонограмма қолданғанын хабарлауға міндетті

Атап айтқанда, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Осы құжатқа қатысты баяндама жасаған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, концерт ұйымдастырушылар фонограмма туралы алдын ала хабарлауы міндетті.

«Заң жобасында қамтылған негізгі бағыттар – кітапхана және баспа ісі, мә­дени-көпшілік іс-шараларды реттеу мәселелері және шығармашылық одақ­тарды қолдауға қатысты түзетулер. Жоба «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Мәдениет туралы» және «Мем­лекеттік мүлік туралы» Қазақстан Респуб­ликасының заңдарына түзетулер енгізуді көздейді және түзетулердің негізгі блогы мәдениет саласына қатысты», деді ведомство басшысы.

А.Райымқұлова  2007 жылдан бастап Ұлттық академиялық кітапханасы базасын­да «Қазақстан ұлттық электронды кітап­ханасының жобасы» іске асырылып келе жатқанына тоқталды.

«Бүгінде елімізде электронды кітап­ха­наны іріктеу, қалыптастыру, толықтыру және дамыту тәртібін айқындайтын заң­намалық база жоқ. Қазақстанның мәдени құндылықтары мен ұлттық мәдени игілігін электронды форматта сақтау бағытында айтылған олқылықтарды жою, сондай-ақ халықтың зияткерлік әлеуетін арттыру және қазақстандық ғылым мен мәдениетті танымал ету бойынша жағдайларды арттыру мақсатында заң жобасында электронды кітапхана мәселелерін реттейтін нормалар көзделіп отыр», деді А.Райымқұлова.

Сонымен қатар министр концерт, ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблемаларға тоқталды. Оның айтуынша, орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету кездесіп, жоспарланған кон­цер­т­терді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фо­но­грамманы пайдалану фактілері бол­ған.

«Заң жобасы аясында орындау­шы­лардың осындай мінез-құлық көрсетуіне жол бермеу үшін бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы осы мәселелерді реттеуге тырыстық. Олардың ішінде маңызды нормалардың бірі – музыкалық шығар­маларды орындаушылардың фонограмма қолдануға орай көрерменді хабардар ету. Фонограмма пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалады. Барлық жарнамалық өнімде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алуды немесе одан бас тартуды таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді», деді А.Райымқұлова.

Сонымен қатар мәдениет жөніндегі заң жобасында өңірлік көркемдік кеңес құру мәселесі қарастырылмақ екен.

«Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңға енгізілген нормаларға сәйкес министрлік жанындағы мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында мәдениет саласындағы қызметтің барлық бағыттары бойынша республикалық көркемдік кеңестер жұмыс істейтіні өздеріңізге белгілі.

Көркемдік кеңестердің жұмысы өз жемісін беруде, театрлардың репертуары жақсарып, киножобалардың сапасы жақсарды, әдебиет пен өнер шығар­ма­ларының да деңгейі артып отыр. Тұрақты негізде саланың даулы мәселелері тал­қы­лауға шығарылып, өз шешімін табуда.

Сонымен қатар республикалық көр­кемдік кеңес аясында барлық салалардың көптеген проблемалық мәселелерін қам­ту­дың мүмкін еместігі белгілі. Осыған орай, заң жобасының негізгі міндеті өңір­лік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында ұсыныстар әзірлеу іспетті өңірлік көркемдік кеңестер құруды көздейді», деді Ақтоты Райымқұлова.

Бұдан бөлек, құжат аясында музейлер мен кітапханалардың кей қызметін ақы­лы жасап, одан пайда табу тәртібі де бекі­тілмек.

«Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда музейлер мен кітапханалар іске асы­руға құқылы ақылы қызмет түрлері­нің тізімі және олардан пайда табу тәртібі қа­растырылған. Тізім сол кезде мемле­кеттік мекеме нысанында жұмыс істеген кі­тапханалар мен музейлерге құқық беру үшін заңға енгізілген. Бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес, егер ақылы қызметтер құқығы салалық заңдарда көзделмесе, коммерциялық емес болып табылатын мемлекеттік мекемелердің нысанында құрылған ұйымдардың мұндай қызметке құқығы жоқ»,  деді министр.

А.Райымқұлова бүгінгі күні Қазақ­стан­ның көптеген музейлері мемлекеттік кәсіпорынға айналғанын жеткізді. Осы орайда, қолданыстағы құжатта музейлер мен кітапханаларға табыс табуға мүмкіндік беретін норма кәсіпорындардың ақылы қызмет көрсету аясын шектеп отыр.

«Осыған орай заң жобасында осы нор­­ма­ның қолданылуын мекемелер түрінде құрылған ұйымдарға ғана қолдану ұсы­нылған. Кәсіпорындар «Мемле­кет­тік мүлік туралы» заңының талаптары­ның аясында іске асырады. Сонымен қатар осы заң жобасы аясындағы ең маңыз­ды нормаларының бірі – мемлекет 100 пайыз қатысатын ұйымдарды жекеше­лен­діруге тыйым салатын түзету», деді А.Ра­йым­құлова.

Депутаттар құжатты талқылап бол­ған­нан кейін Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин сөз алып, фонограмманы қолдану туралы ұйымдастырушылардың көрерменге хабарлау міндеттемесін белгілейтін норманы қолдайтынын жеткізді.

«Егер заң жобасының үкіметтік нұс­қасында фонограмманы пайдалану туралы ақпараттандыру міндеттемесі ұйым­дастырушы мен орындаушылар арасында айқын болмаса, онда депутаттар нақтылауды ұсынып отыр. Біріншіден, бұл – ұйымдастырушының міндеті. Екіншіден, ұйымдастырушы алдын ала концертте фонограмманың болатыны-болмайтыны туралы көрерменге хабарлауға міндетті.

Меніңше, нағыз өнер ол – айтыс. Ай­тысқа фонограммамен шығып көріңізші. Онда ешқашан, ешқандай фонограмма болмайды. Сол үшін шығар, халқымыз айтысты айрықша жақсы көреді. «Қисық арба жол бұзады» деп халқымыз айтқандай, өнер әрқашан да таза болуы керек. Әнді жанды дауыста айтқан дұрыс. Ал фонограмма болса, онда оны алдын ала ескерту қажет және билеттің бағасы да соған сәйкес болуы тиіс. Одан кейін халық ол концертке баратынын не бармайтынын өзі шешеді. Әрине, концерт жанды дауыста болса, әншіге халықтың бағасы да, құрметі де жоғары болады», деді Н.Нығматулин.

Айта кету керек, заң жобасы бұған қоса кітап­хана ісі, мәдениет ұйымдарының қызметі, шығармашылық одақтар мен бас­па ісі аясында мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында әзірленген.

 

Делдал ұйымдарды жою қажет

Сонымен қатар Мәжілісте Қазақстан мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.

Бұл заң жобасы туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов баяндама жасап, шарттың негізгі ерекшеліктерін түсіндіріп өтті. Шартқа сәйкес тараптар көмек туралы сұрау салу берілген кезде сұрау салушы тараптың құзыретті органдарының юрисдикциясына жататын қылмыстар туралы қылмыстық істер бо­йынша біріне-бірі барынша құқықтық көмек беруге міндетті.

«Қазақстан мен Украина арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялауды ұсынып отырмыз. Шартқа 2018 жылдың 29 қазанында қол қойылған. Жалпы, қазір екі ел арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек 1993 жылғы Минск конвенциясы бойынша жүзеге асырылуда. Содан бері ширек ғасыр өтті. Көп нәрсе өзгерді. Әсіресе заңнамаға елеулі өзгерістер жасалды. Жаңа тергеу амалдары пайда болды. Мұндай процесс Украинада да бар. Ескерте кетерлігі, конвенция мен ұсынылып отырған шарт арасында ешқандай қайшылық жоқ. Керісінше олар бір-бірін толықтырады, біраз норманы нақтылайды», деді Бас прокурордың орынбасары М.Ахметжанов.

Шартты ратификациялау Қазақстан мен Украинаның қылмысқа қарсы күрестегі ын­тымақтастығының тиімділігін арттырады.

«Бұл шарт қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек беру мәселесін реттейді. Екі елдің құзырлы органдарына күдікті мен айыпталушының кінәсін дәлелдеу бойынша кешенді тергеу амалдарын қамтиды. Әрине, шарт үлгілік негізде жасалған. Мұндай екіжақты шарт 27 елмен бар. Дегенмен, бұл келісімнің бірқатар ерекшелігін айтсақ, алдымен құжат құқық қорғау органдарының украиналық әріптестерімен тікелей байланыс жасауына мүмкіндік береді. Бұл екі жақ үшін де маңызды норма және қылмыспен күрес бағытында өзара сенімді білдіреді. Одан басқа тергеу жұмысының жеделдігін арттырады. Бірқатар құзырлы орган арасында мұндай тікелей байланыс адам құқықтарына қатысты болмауы тиіс. Себебі бұл мәселе прокуратура органдарының құзыретіне жатады», деді М.Ахметжанов.

Мәжіліс депутаттары аталған құжатты талқылаудан кейін мақұлдап, Сенат қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ отырыста Мәжілістің бейінді комитеті «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне жер қойнауын геологиялық зерттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Мәселен, «Ақ жол» фракциясы атынан Премьер-Министр атына депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова электр энергиясы нарығындағы жүйелі проблемаларды атады. Оның айтуынша, мемлекеттік компания электр энергиясын тікелей емес жеке делдал энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арқылы сатады. Осыған орай «Ақ жол» фракциясы Үкімет атына бірнеше ұсыныс жасады.

«Ақ жол» фракциясы ашықтық пен бәсекелестік тетіктерін енгізу арқылы энергетика нарығының моделін түбегейлі қайта қарауды; ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға делдалдар арқылы электр энергиясын көтерме бағамен сатып алуға тыйым салуды; «Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ арқылы ең төменгі көлемді бекітіп, ашық электронды саудада электр энергиясын сату көлемін арттыруды; тұтынушылар үшін электр энергиясына арналған тарифті төмендету мақсатында энергия таратушы ұйымдарды ірілендіру бойынша нақты шараларды әзірлеуді; коммуналдық кәсіпорындарды басқару бойынша барлық делдал мемлекеттік ұйымдарды жоюды ұсынады», деді депутат.

«Халық коммунистері» фракциясының депутаттары елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлегенімен, қазір де күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажетін жеткізді. Премьер-Министр атына жолданған сауалда несие рақымшылығын әзірлеу аясында барлық мүдделі тараптардың өкілдерін тарта отырып, мемлекеттік комиссия құруды, несие аудитін жүргізуді, қаржыландыру көздері мен рақымшылыққа қатысушылар үшін критерийлерді анықтауды ұсынды.

Депутат Зағипа Балиева Үкімет басшысына жолдаған сауалында пневмококк инфекциясына қарсы вакцинаны тезірек бастауды сұрады. Оның айтуынша, пневмококк инфекциясына қарсы вакциналау пневмониямен сырқаттануды азайтып қана қоймай, коронавирустың едәуір жеңіл жүруіне әсер етеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының депу­таттары өз сауалында мүмкіндігі шектеу­лі балалардың мәселесін көтерді. Сауал­ды оқыған Шакир Хахазовтың сөзіне сүйенсек, олар республикалық сауықтыру орталықтарында емделу үшін мемлекеттік квотаны айлап күтуге мәжбүр. Арнайы комис­сияның шешімі де уақтылы шық­пайды. Өңірлердегі үйлестіру және оңалту кабинеттері дұрыс жабдықталмаған.

Бұдан бөлек, Мәжіліс жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Асылбек Смағұловты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі қызметіне тағайындады.