Мемлекет басшысы министрлерге мін тағып, сынағанда, ширатып бір алайын деген шығар. Иә, Үкіметтің қазан айындағы кеңейтілген кеңесінде Елбасы қадау-қадау сөз айтып, қатаңдық танытқанда көпшілік көңілі осындай ой түйген еді. Ал ол сын-пікірлер – Елбасының Үкімет жұмысына берген әділ бағасы, орындалуға тиісті тапсырмалары болатын. Одан бері де бір айға жуық уақытты артқа тастадық. Ал қорытынды қандай? Кім нақты не істеп, қандай шаралар атқаруда? Енді соны түгендейтін кез жеткендей. Бұған орай түрлі әңгімелер айтылып, әркім өзінше есеп те беріп жатыр. Алайда, тапсырмалардың тікелей орындаушысы – Үкімет және оның мүшелері екені белгілі. Осы ретте кеше Орталық коммуникациялар қызметі Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевты журналистер алдына шақырып, брифинг өткізді. Ал ол өз саласындағы кемшіліктер жыл аяғына дейін түзеледі деп сендіріп отыр.
Мемлекет басшысы министрлерге мін тағып, сынағанда, ширатып бір алайын деген шығар. Иә, Үкіметтің қазан айындағы кеңейтілген кеңесінде Елбасы қадау-қадау сөз айтып, қатаңдық танытқанда көпшілік көңілі осындай ой түйген еді. Ал ол сын-пікірлер – Елбасының Үкімет жұмысына берген әділ бағасы, орындалуға тиісті тапсырмалары болатын. Одан бері де бір айға жуық уақытты артқа тастадық. Ал қорытынды қандай? Кім нақты не істеп, қандай шаралар атқаруда? Енді соны түгендейтін кез жеткендей. Бұған орай түрлі әңгімелер айтылып, әркім өзінше есеп те беріп жатыр. Алайда, тапсырмалардың тікелей орындаушысы – Үкімет және оның мүшелері екені белгілі. Осы ретте кеше Орталық коммуникациялар қызметі Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевты журналистер алдына шақырып, брифинг өткізді. Ал ол өз саласындағы кемшіліктер жыл аяғына дейін түзеледі деп сендіріп отыр.
Айтылған сындардан қорытынды шығару жайындағы баспасөз жиынына бірінші болып Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің шақырылу бекер болмаса керек. Себебі, сол күнгі сындардың көбі ел экономикасын жоспарлау, тиімді басқару, бюджетті игеру аясында өрбіген еді. Осыған орай Үкімет арнайы жоспар құрып, оны министрліктерге тиісінше жүктегенде, тіпті санап шықсақ, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне 14 тапсырманы орындау міндеттелген екен.
Шынымен, бүгінгідей әлемді қаржылық дағдарыс алаңдатқан қарбалас кезеңде экономика саласына тиесілі салмақ та арта түсері анық. Алайда, кеңейтілген кеңесте Елбасының өзі атап өткендей, еліміздің аталмыш саласындағы олқылықтары аз болмай отыр. Осыған байланысты Елбасы «Үкімет ең алдымен бюджетті жоспарлау мен орындау сапасын жақсартуға назар аударуы керек. Бүгінде бюджеттің сапасыз орындалып және толықтай игерілмеуі қалыпты жайға айналып отыр», деп қатаң сын айтқан болатын. Бұған қатысты министрлік қандай шаралар атқаруда? Е.Досаев кеше осы сұрақтар төңірегінде жауап беруге тырысты. Қаражат игерілуін жетілдіру, мемлекеттік органдардың есептілігіне қатысты амалдарды өзгерту мақсатында министрлік Бюджет кодексіне өзгеріс енгізудің екінші блогын дайындап жатыр, деді ол. Сондай-ақ, ағымдағы жылғы 31 қазанда 2013 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы мақұлданды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің шығындары 165,8 млрд. теңгеге қысқартылды. Жыл қорытындысына байланысты болжанып отырған қосымша кірістерді орынды пайдалану мақсатында 2013 жылы республикалық бюджет тапшылығы 80 млрд. теңгеге немесе ІЖӨ-нің 0,2 пайызына қысқартылады. Сондай-ақ, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында 100 млрд. теңге бөлінді, деді министр.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың бірін-бірі қайталайтын құрылымдарын оңтайландыруды және функцияларды нақты бөлу жұмысын жалғастыруды тапсырған болатын. Экономиканы жүйелі жоспарлау саясаты өте маңызды екенін еске сала отырып, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Өңірлік даму министрлігі арасындағы өкілеттілікті нақты бөлу, аталмыш министрліктер арасында елдің индустриялық-инновациялық дамуын үйлестіру жайында айтып еді. Осы ретте Е.Досаев бүгінде елімізде 2020 жылға дейін аумақтық кеңістікті дамытудың болжамды сызбасы іске асырылып жатқанын, ол өндіріс күштерін, көлік-коммуникация, әлеуметтік және өзге де инфрақұрылымды ұтымды орналастыру және өңірлер бөлінісінде халықты қоныстандыру жүйесі болып табылатынын атап өтті. Оны жүзеге асыру үшін Өңірлік даму министрлігінің тарапынан 2030 жылға дейін Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас сызбасының негізгі ережелері жасалды. Жақын арада ережелер Үкімет назарына ұсынылып, мақұлданатын болады, деді ол. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде Өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру сызбасы сияқты құрал бар екендігін, ол Индустрияландыру карталарының жобаларын ескере отырып, бизнеске жаңа өндірістерді орналастыру туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін алға тартты. Сондай-ақ, министр аймақтарда өндіргіш күштерді оңтайлы орналастыру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында құжаттарды қолға алып, меморгандардың үйлестірілуі қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Е.Досаев ағымдағы жылдың қараша айында мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша жүргізіліп жатқан тексеріс аяқталатынын жеткізді. Тексерісте 46 бағдарлама қамтылған, соның ішінде 5 мемлекеттік және 41 салалық бағдарлама бар. Тексеріс барысында бағдарламалардың әзірлеу сапасы, бюджеттік қаражатты қолдану тиімділігі мен мақсаттылығы, сонымен қоса, көзделген мақсатқа қол жеткізу дәрежесі, бағдарламалардың қосарлануы және қаржылай қамтамасыз етілуіне баға беріледі. Тексерістің қорытындысы нәтижесінде үйлестіру, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың қаржыландырылуының басымдылықтары мен тиімділіктерін арттыру бойынша нақты ұсыныстар берілетін болады. Кейбір бағдарламалар жаңадан өңделіп жатқан бағдарламалармен бірігіп, бір бағытқа арналған бірыңғай бағдарламаға біріктіріледі, кейбір бағдарламалардағы қосарланған бағыттар алынып тасталады. Тиімсіз деп қабылданған бағдарламалар жойылып, ал тиімділігі төмен бағдарламалардың мазмұны олардың қаржыландыру көлемі жағынан қайта қарастырылатын болады, деп нақтылады ол.
Министр көлеңкелі экономиканың көлемін төмендету жайында да бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі назары 3 негізгі бағытқа шоғырландырылатын болады. Яғни, бұл бюджетті жоспарлау жүйесін жетілдіру және бюджет шығыстарын жоспарлау мен бөлу кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуге бағытталған мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімділігін арттыру. Мұндай тәуекелдерді басқару жүйесі барлық мемлекеттік органдарға енгізілуі тиіс, деді Е.Досаев.
Қысқасы, кешегі брифингте мәлім болғандай, Президент тапсырмасына байланысты жұмыстар осы жылдың соңына дейін толықтай аяқталмақ. Ал қазір соны жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр екен. Әрине, бұл – Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің уәдесі. Ал жалпы Үкімет мүшелері не тындырып жатыр, ол мәселе бүгін Үкіметтің селекторлық отырысында талқыланбақ.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».