• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экология 21 Қыркүйек, 2020

Бүкіләлемдік экологиялық акция

980 рет
көрсетілді

Елордада Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен бүкіләлемдік «World clean up day» экологиялық акция­сы өтті. Іс-шара аясында елордадағы триатлон-саябақта ағаштар отырғызылып, автомобиль жолдары бойындағы қоқыстар жиналды. Сенбілікке Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен қала тұрғындары қатысты.

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев «Бүгін – халықаралық тазалық күні. Осынау үлкен халықаралық бас­таманы мемлекеттік емес ұйым­дар көтеріп, соңғы 10 жылдан астам уақыт бойы бүкіл әлемде қыр­күйек айының ішінде осындай шаралар өтуде. Мысалы, өт­кен жылы халықаралық тазалық күніне 180 мемлекетте 20 млн-нан астам адам қатысқан. Бүгін Эко­­логия, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің және елорда әкімдігінің бастамасымен осын­дай жақсы шара өтіп жатыр. Бір жа­ғынан тұрмыстық қатты қа­лық­­тардан саябақтарымызды, кө­ше­ле­рі­мізді тазартсақ, екінші жа­ғынан ағаш отырғызудамыз. Бұл құптар­лық бастама. Жалпы, қорша­ған ор­таны қорғау – біздің бас­ты ба­сым­дықтарымыздың бірі. Прези­дентіміз Жолдауында да осы мә­селеге үлкен көңіл бөлгенін білесіз­дер», деді.

«Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында ай­тылған орман алқаптарында ағаш отырғызу тапсырмасын орындауға бағытталған бүкілхалықтық ак­ция­ның тек бастамасы. Ағаш отырғызу ел бойынша әлі жалғасын табады. Негізінен осы жерде, елорда орталығында жаңа парк болады. Болашақта бұл ағаштар спортшыларды желден қорғайды. Азаматтар жиі келетін, демалуға ыңғайлы әрі әдемі орынға айналады. Қоршаған ор­таның жақсаруына әсерін тигі­зеді», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев шараның ашылуында.

Осы ретте Мәулен Әшімбаев Мем­лекет басшысы жылдың соңы­на дейін жаңа Экологиялық кодекс қабылдауды тапсырғанын, онда аталған саладағы проблема­ларды шешуге қатысты шара­лар қамтылатынын атап өтті. Пре­зи­ден­тіміздің бастамасымен ормандарымызда 2 млрд-қа жуық, қалаларда 15 млн ағаш отыр­ғы­зы­латынын еске салды. «Бұл – үлкен бастама. Ал бүгін осынау үлкен бастаманың тұсаукесері елор­дамызда өтіп жатыр десек, артық айтқандық емес. Жалпы, алда­ғы уақытта осы бағытта көп жұмыс атқаруымыз керек. Заң­дар да қабылдануы тиіс. Осы бағыт­тағы жұмысты депутаттар да жал­ғас­тырады. Қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік органдардың мақ­саты мен міндеті емес. Өйткені қоғам мен мемлекеттік органдардың жұмысын біріктіргенде ғана жұмыс нәтижелі болады. Сондықтан әрбір қазақстандық қоршаған ортаға деген жауапкершілігін сезінуі тиіс. Табиғат байлығын қорғау, аялау, табиғатқа деген дұрыс көзқарас – ата-бабамыздан сіңген қасиет. Қазақ халқы ежелден табиғатпен үйлесімді тіршілік еткен», деді Сенат Спикері.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев осы аптада Сенат ерекше қорға­латын табиғи аумақтарға қатысты заң қабылдағанын атап өтті. Бұл құжат пайдаланылмай бос жатқан жер­лерді Іле Алатауы табиғи паркі мен Бурабай ұлттық паркінің құра­мына қайтаруға мүмкіндік береді. Жалпы, алдағы бес жылда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 мил­лион ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сондықтан бүгінгі акцияны Президент бастамасының алғашқы нәтижесі ретінде қарастыруға болады. Сенат төрағасы мұндай кө­гал­дандыру жұмыстарының берері мол және «World clean up day» сияқты акциялардың бүкіл әлем үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Биыл аталған шара бүкіл еліміз бойынша өткізіліп жатыр. Шара барысында эко-белсенділер ағаш отырғызып, қоғамдық орындарда, саябақтарда және басқа да жерлерде тазалық жұмыстарын жүргізуде.