• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2010

СЕРГЕЛДЕҢ

580 рет
көрсетілді

Алматы облысындағы Есік қаласының тұрғыны, жергілікті педагогикалық колледж­дің ұстазы Ермек Төлепованың 18 жылдан бері пайдаланып келе жатқан 507 шаршы метр жері бар. Еңбекшіқазақ ауданы әкі­мі­нің 2003 жылғы 21 тамыздағы №321 қау­лы­сына сәйкес Е.Төлепова 03-054-007-669 ка­дастрлық нөмірі және 0230904 нөмірлі мем­лекеттік акті алды. Жер учаскесінің жоспары да осы мемлекеттік актіде тайға таңба ба­сыл­ғандай көрсетілген. Заңда көрсетілген тәртіппен аудандық әділет басқармасынан тіркеуден де өткен. Барлық құжат тап-тұйнақтай. Жыл сайын егінін салып, өнімін алып, алақандай жердің аз да болса қы­зы­ғын көріп келе жатқан. Бірақ өзінің осы бір құйтақандай жеріне бөтен біреу көз салып, құжат жасап соттасуы мүмкін-ау деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді. Өкі­ніш­ке қарай, солай болды. Жоғарыда көрсетіл­ген 507 шаршы метр жердің 450 шаршы метр телімін даулаған Қажыман Шаях­ме­тов аудандық сотқа талап-арыз түсі­ріпті. Сол күннен сот сергелдеңі бас­тал­ды. Еңбекшіқазақ аудандық сотының судьясы Н.Ыдырысбеков үстіміздегі жылдың 21 қаңтарында шешім шыға­ра­ды. Шешім Шаяхметов Қажыманның Төлепова Ермекке, Еңбекшіқазақ ауда­ны­ның әкіміне, Есік қаласының әкі­мі­не, Еңбекшіқазақ аудандық жер қа­ты­настары бөліміне, Еңбекшіқазақ аудан­дық әділет басқармасына, аудандық сәулет және қала құрылысы басқармасына әкі­мнің қаулысын, жер телімінің (Е.Тө­ле­поваға тиісті – Ш.Ә.) мемлекеттік актісін және оның тіркелуін жарамсыз деп тану туралы талап-арызын қанағаттандырған. Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің 2003 жылғы 21 тамыздағы №321 қаулысы, 2003 жылғы 10 желтоқсандағы жер теліміне жекеменшік құқығын беретін №0230904 санды мемлекеттік актімен оның аудандық әділет басқармасындағы мемлекеттік тіркеуі жа­рамсыз деп танылған. Керісінше, Е.Төле­пованың Қажыман Шаяхметовке және жоғарыда аталған мемлекеттік мекемелерге қатысты талап-арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Өзінің редакцияға жолдаған арызында Е.Төлепова аудандық соттың бұл шешімімен келіспейтінін және өзінің құ­қы­ғы бұзылғандығын айтады. Сотқа қатысқан прокурор А.Омаров осы іске қатысты апелляциялық наразылығында сот шешімін бұзып, қайта қарауға жіберуге сұраған. Себебі, бірінші сатыдағы сот Төлепованың көрсетпелеріне толық баға бере алмаған. Сонымен кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Талапкер Е.Төлепова Алматы облыстық соты­на апелляциялық шағым түсіреді. Бұл шағымда Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің 2003 жылғы №321 санды қаулысына сәйкес Е.Төлеповаға Есік қаласы, Абай көшесіндегі нөмірсіз үйдегі мекен-жайдан көлемі 507 шаршы метр болатын жер телімі берілген. Осы құжат негізінде Е.Төлепова мемлекеттік акті алған және бұл құжатты заңда көр­се­тілген тәртіппен аудандық әділет басқар­ма­сы­нан тіркеуден өткізген. Ал Қ.Шаях­ме­тов­ке дау болып отырған жер телімі Е.Тө­ле­пова­дан әлдеқайда кеш, атап айтқанда бұл жер телімі Қ.Шаяхметовке 2005 жылы 28 маусымда берілген. Оның жер теліміне деген құқығы 2006 жылы ғана тіркеуден өткен. Сөйтіп, сот кезінде дау болып отырған жер те­ліміне меншік құқығы Е.Төлеповада Қ.Шаяхметовтен бұрын пайда болғандығы анықталғанымен, сот шешімі керісінше қабылданып отыр. Бірақ сот тарапы бұл мән-жайды назарға алмаған. Осы жағдайды сарапқа салар болсақ, жер учаскесінің берілу мақсаты ешқандай маңызға ие емес. Олай дейтініміз, Қазақстан Республикасы Жоғар­ғы Сотының 2007 жылғы 28 шілдедегі “Сот­тар­дың жер заңдарын қолдануының кейбір мәселелері туралы” нормативтік қаулы­сы­ның төртінші бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғаларының жер учаскесіне тиісті құқықтары туындайтын құжаттар жер учас­кесіне құқық белгілейтін құжаттар болып табылады, оларға, атап айтқанда, әкімдердің жер учаскесіне құқық беру туралы құ­қықтық акті­ле­рі және тағы басқа құ­жат­тар жат­қы­зылады. Ал жер учаскесінің берілу мақсаты көр­сетілген жер учаскесіне жекеменшік құқық беретін акт тек осы құқықты куәландыратын құжаттар болып табылады. Е.Төлепова апелляциялық шағымында сот шешім қабылдаған кезде істі Шаяхме­тов­тің пайдасына шешудің негізгі дәлелі ретінде Тоқатаев атындағы орта мектептің жылыту қазандығы орнын (котельный) Ең­бек­шіқазақ аудандық жылу жүйелері кәсіп­орны (ЕАЖЖК) мекемесінің өкілі Б.Ауғам­баев­тың Шаяхметовке қарыз болған жал­ақы­сы есебінен беру туралы келісім-шарты мен оны өткізу-қабылдап алу туралы актіні назарға алып отырғаны жөнінде айтады. Сот­тың бұл тұжырымы дұрыс емес. Себебі, ЕАЖЖК мекемесі сол кезде осы жылу қа­зандығы орнын өз атына тіркеуден өткіз­бе­ген. Оған меншік құқығы болмаған. Сон­дық­тан ЕАЖЖК мекемесінің аталған жерді басқа біреуге беруге құқығы жоқ. Осы жағ­дайларға байланысты соттың тұжыры­мы­мен келіспейтін Е.Төлепова апелляциялық шағымында Ауғамбаев пен Шаяхметов екеуі­нің арасында жасалған келісім-шарт пен өткізіп-қабылдап алу актісі жекемен­шікке құқық белгілейтін құжаттар қатарына жатпайтынын айтады. Жекеменшікке құқық белгілейтін құжат болуы үшін осыған уәкі­лет­ті тиісті органдардың шешімі болуы ке­рек. Яғни, Шаяхметовке дау болып отырған жер телімі берілген кезде оның от жағатын орынға (котельный) оның ешқандай меншік құқығы болмаған. Сонымен қатар осы аталған келісім-шарт пен өткізіп-қабылдап алу актілеріне сәйкес Шаяхметовке тек от жағатын орын (котельный) ғана берілген. Бұл құжаттарда жер телімі көрсетілмеген. Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігі жанындағы жылжымайтын мүлікті жекешелендіру комис­сиясының 2007 жылғы 23 шілдедегі №902 “Азамат Шаяхметов Қажыманға жыл­жымайтын мүлікті – Тоқатаев атындағы орта мектептің от жағатын орнын жеке­ше­лен­діру туралы шешіміне өзгерістер енгізу туралы” шешіміне сәйкес, Шаяхметов осы от жағатын орынды осы шешім негізінде-ақ жекешелендіріп алған. Өткізу-қабылдап алу актісіне сәйкес бұл от жағатын орын тек 2008 жылдың 18 ақпанында ғана пайда­лану­ға берілген. Яғни, Шаяхметовтің осы от жа­ға­тын орынға меншік құқығы жер телімі бе­рілген уақыт­та емес, тек 2007 жылы ғана пайда болған. Сот өз ше­ші­мін­де “сот оты­рысы кезінде дау бо­лып отырған жер телімінің үстінде Тоқатаев атындағы орта мектептің от жаға­тын орны орналасқандығы және осы жер телімі от жағатын орыннан бос болмаған­ды­ғы толығымен анықталды” деп көрсеткен. Жоғарыда айтылғандай, осы дау болып отыр­ған жер телімі Шаяхметовке берілген кез­де аталған от жағатын орынға оның еш­қандай меншік құқығы болмаған. Сондай-ақ соттың “от жағатын орын дау болып отыр­ған жер телімінің үстінде орналасқан” деген тұжырымы да дұрыс емес. Е.Төле­по­ва­ның атына берілген жер телімінің мем­лекеттік актісіне сәйкес от жағатын орын оның жер телімінің үстіне орналаспаған. Оған берілген жер телімі барлық сәулет-құрылыс, санитарлық нормаларды сақтай отырып, от жағатын орынды айналып өткен. Сот шешімінде Қ.Шаяхметовке жер телімін берген кезде Еңбекшіқазақ аудандық әкімшілігі, жер қатынастары бөлімі және Шаяхметовтің өз тарапынан Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабының талаптары толығымен орындалған деп көр­сетіп, Шаяхметовтің атындағы кадастрлық істегі барлық құжаттарды тізіп шыққан. Бірақ, неге екені белгісіз, сот дау болып отыр­ған жер телімі Е.Төлеповаға берілген кезде де жоғарыда көрсетілген уәкілетті орган­дар тарапынан және Е.Төлепованың тарапынан Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабының талаптары толы­ғымен орындалғандығын назарға алмайды. Неге? Жауабы жоқ сұрақтың бірі осы. Е.Төлепова “дау болып отырған жер те­лімі маған Қ.Шаяхметовтен бұрын берілген және оған деген құқығым тіркеуден бұрын өткізілген, соған қарамай менің меншік иесі ретіндегі құқығым бұзылды” десе, сот ше­ші­мінде “Төлепованың бұл тұжырымы на­зарға алуға жатпайды” деп кесіп тастаған. Бірақ, Төлепованың заңды талаптары неге, қандай себептермен және қай заңға сәйкес назарға алынуға жатпайтыны сот шешімінде көрсетілмеген. Бұл не сонда, “Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарсаның” кері ме? Қ.Шаяхметовтің өкілі сот отырысы кезінде “Есік қаласының аумағында тұрғын үйге қызмет жасау үшін жер телімін беруге рұқсат етілмейді” деп көрсеткен. Бірақ ол өзінің осы тұжырымын дәлелдейтін дәлел­деме немесе осыған сәйкес заңдық күші бар нормативтік актілерді сотқа тапсырмаған. Керісінше, мұндай тыйым салу ешқандай құқықтық актілерде қарастырылмаған. Осы сот отырысы кезінде аудандық жер қаты­настары бөлімі және Есік қаласы әкімінің өкілдері өздерінің жауаптарында 2003 жыл­дары тұрғын үйге қызмет жасау үшін жер телімін беру тәжірибеде болғандығын, сол себепті Е.Төлеповаға берілген жер телімінің мемлекеттік актісі заңды екендігін айтқан. Бірақ бұл уәждер де сот тарапынан қаперге алынбаған. Неге? Тағы да жауабы жоқ сұрақ. Сонымен сот шешім шығарды. Е.Төле­пованың пайдасына емес, Қ.Шаяхметовтің пайдасына. Жауабы жоқ сан сұрақтардан сарсылған Төлепова сот атаулыдан түңіл­гендей болып еді. Соттың сергелдеңінен шар­шаған ол, бәріне қолын бір сілтеп, жер­ден баз кешуге дейін ойлады. Бірақ, түбі бір әділдік болар деген үміті де үзілмеген еді. Бекер үміттенбепті. Оның Алматы облысы сотына жазған апелляциялық шағымы қаралып, аудандық соттың шешімі бұзылып, істі осы сотқа, бірақ басқа құрамда қарауға қайта жолдапты. Е.Төлепованың редакцияға жолдаған арызын тексеру барысында біз Алматы об­лыстық сотының азаматтық істер бойын­ша алқасының төрағасы Е.Тотыбайтегімен кез­десіп, осы іс бойынша пікірін сұраған едік. – Азаматтық іс жүргізу кодексінің 219-ба­бы, бірінші бөлімінде көрсетілгендей, шешім шығарған кезде сот дәлелдемелерге баға береді, – деді Е.Тотыбайтегі, – Іс үшін ма­ңызы бар қандай мән-жайлардың анық­тал­ғанын және қандай мән-жайлардың анық­талмағанын, тараптардың құқықтық қа­ты­настарының қандай екенін, осы іс бой­ын­ша қандай заң қолдануға тиісті екенін және қойылған талаптың қанағаттан­ды­ры­лу­ға жататынын не жатпайтынын айқын­дай­ды. Бірақ осы көрсетілген заң талаптары аудандық сот судьясы тарапынан орын­дал­маған. Шешім шығарар кезде талап­кердің ғана уәждері қаперге алынып, жауап­кердің уәж­дері назарға алынбаған, құқықтық баға берілмеген. Осындай және осы сияқты бір­қа­тар кемшіліктер анықталғаннан кейін аудандық сот шешімін бұзып, істі сол сотқа, бір­ақ басқа құраммен қайта қарауға жолдадық... Аудандық соттың шешімінен көңілі қалған Е.Төлепова облыстық соттың қау­лысына қуанғанын жасыра алмады. “Әділдік бар екен, – дейді ол толқығанын жасыра алмай, – аудандық соттың шешімінен кейін түңіліп кетіп едім. Ақиқаттың көзі бар екен. Бірақ бұл іске әлі нүкте қойылған жоқ. Ақыры қандай боларын кім білсін?..” Төлепованың мазасызданатындай жөні бар. Себебі бұл іс сол аудандық сотта қайта қаралатын болды. Егер облыстық соттың қаулысындағы талаптар орындалар болса, оның көңілі көншір... Ал алғашқы шешім­дегідей жауабы жоқ сұрақтар ғана болса ше? Сергелдеңнің көкесі сонда болар. Шарафаддин ӘМІР, Алматы облысы.