Пандемия деген бәле қоғамға, соның ішінде білім саласына бірқатар өзгеріс әкелді. Студенттер мен оқушылар әлі онлайн оқып жатыр. «Басқа түссе баспақшыл» дегендей, бұл жағдайға мұғалім мен оқушы бейімделіп алды. Алғашында абдырап қалған ата-аналар да үйренісіп кетті. Мемлекет те оқушылардың сапалы білім алуын үнемі назарда ұстап отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Мамандардың негіздеуінше, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік аражікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды», деген еді. Шығыс Қазақстан облысында жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға ерекше назар аударылып келеді. Президент айтып өткендей, дарынды оқушыларға ғана емес, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін тең жағдай жасауды қолға алған.
– Инклюзивті білім беруді дамыту – алдымызға қойылған маңызды міндеттердің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 2018 жылдың қыркүйегінде инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесін арттыру мақсатында 2018-2020 жылдары аталған білім беру түрін дамыту бағдарламасы әзірленіп, бекітілді, – дейді облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Бекітілген бағдарламада төрт бастама көзделген екен. Оны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен жалпы 530,4 млн теңге бөлініп, Жол картасы шеңберінде жұмыстар жүргізілген. Атап айтсақ, облыстың 500 мұғалімі арнайы курстан өтті. 38 жалпы білім беру мектебінің ғимараты тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін бейімделді. Облыстың 12 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетіне қосымша тағы төрт ауданда осындай кабинет ашылды.
– Бізде аздап көрмейтін балалар бар. Олар Семейдегі арнайы мектепте оқиды. Ал көздері мүлдем көрмейтін балаларға жабдықталған сыныптар керек еді. Содан былтыр «Дара» қайырымдылық қоры демеушілік көрсетіп, Өскемендегі №19 мектептің бір жақ қанатын жабдықтап берді. Алғашында ата-аналар өтінішімен төрт-ақ бала келген. Биыл он шақты бала келіп жүр, – дейді Білім басқармасының басшысы.
Облыста инклюзивті оқитын балалардан бөлек жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған жеті білім беру мекемесінде 606 бала тұрады. Елдегі жағдайға байланысты балалардың туыстарына, асырап алуға үміткерлердің келуіне шектеу қойылды. Бұл мекемелер байланыссыз термометрлермен, антисептикалық заттармен қамтылды. Қызметкерлері де екі апта қатарынан жұмыс істеу кестесіне көшкен. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен, интернаттық мекемелердің тәрбиеленушілері, қызметкерлері коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тестен өтіп отыр.
Осындай қиын-қыстау кезде жомарттық танытып, көмек көрсетіп жатқандар аз емес. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Айтайық, «Казцинк» ЖШС білім беру мекемелеріне 27 ноутбук, залалсыздандыратын тоннельдер, маскалар, антисептиктер, санитарлық кілемшелер, электронды термометрлер, дозаторлар алып берген. Балалардың жазғы демалыстарын ұйымдастыруға да көмектескен.
«ТМК» АҚ Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 20 жаңа компьютер мен ноутбук сыйлады. «Дегдар» гуманитарлық қоры облыс орталығындағы №8 балалар үйін қажетті дәрі-дәрмекпен қамтыды. Ал «Дара» қайырымдылық қоры №8 балалар үйінің базасында «Тәлімгер» жобасы аясында балаларға теледидар, принтерлер, модемдер, құлаққаптар және жиырма смартфон сыйлады.
Қарап отырсаңыз, көрсетіліп жатқан көмек ұшан-теңіз. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Дара» қайырымдылық қоры №19 мектептегі зағип және көзі нашар көретін балаларға спорттық киімдер мен жабдықтар сыйлады. Енді мұндағы балалар ептеп спортпен де шұғылдана алады. Қашықтан оқуға жағдайы жоқ бір балаға ноутбук пен роутер де берілді. Онлайн білім алу үшін компьютерлерге барлық бағдарламалар мен платформалар орнатылды.
– Зағип балаларға арналған құрал-жабдықтар өте қымбат тұрады. Соның өзіне қарамастан, көмек қолдарын созып жүрген «Дара» қайырымдылық қорына ризамыз, – дейді №19 мектептің директоры Қайрат Фазылұлы.
Иә, «Дара» қайырымдылық қоры өңірдегі ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларға орасан зор көмек көрсетіп келеді. Бүгінге дейін аталған қордың көмегімен Өскемен мен Семейде педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері ашылды. Сондай-ақ осы екі шаһардағы екі мектептің базасында ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін облыста тұңғыш ресурстық орталық ашылды. Мирный шағын ауданындағы №8 мектеп базасындағы ресурстық орталықта 52 бала ерекше білім алып жатыр. Мұғалімдер де «Дара» қорының қолдауымен Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында білімдерін жетілдіріп, курстардан өтіп отырады.
Жалпы білім беру мектептеріне инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу үшін демеушілер 70 млн теңге қаржы жинаған. Жазда «Дара-білім» акциясы аясында қоғам қайраткерлері, әйгілі актерлер, спортшылар балалардың техникалық базасын нығайту үшін қаржы жинаған. Жиналған қаржыға №8 мектептің оқушыларына екі ноутбук пен төрт планшет алып берген.
Мектептердегі үлгі бойынша пилоттық режімде «НИЕТ ВУМЕН» қоғамдық қорымен облыстың мектепке дейінгі үш ұйымында инклюзияны қолдау кабинеттерін жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеуге жағдай жасаған мектепке дейінгі ұйымдардың үлесі 45% құрайды. Яғни аталған санаттағы балалары бар әр балабақшада тиісті жағдайлар жасалған. Ал тәрбиешілерді курстардан өткізу жұмыстары жалғасын таба бермек. Жоспар бойынша 2025 жылы облыстағы әр мектепке дейінгі мекеме ерекше баланы қабылдап, тәрбиелеуге дайын болуы тиіс.
Сонымен қатар қосымша білім ұйымдарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасалып жатыр. Өскемен мен Семейдегі музыка, өнер мектептерінің, жас техник стансасының, оқушылардың шығармашылық сарайының ғимараттары тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға бейімделіп қайта жасалды. Енді тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар түрлі бағыттағы үйірмелерге еш кедергісіз қатыса алады.
Жаңа оқу жылында пилоттық режімде Өскеменнің екі мектебінде технология кабинеттері жабдықталады. Онда психикалық дамуы тежелген және ақыл-ойы кем балалардың қажетті дағдыларды меңгеріп, басқа ортаға сіңісіп кетуіне көмектеседі.
Енді қалған 582 балаға жағдай жасау үшін жылдың соңына дейін 700 педагогті курстық дайындықтан өткізу керек. Өңірдегі 55 мектепте инклюзияны қолдау кабинеттерін жабдықтау мәселесі шешімін тапты. Алдағы уақытта «Қамқорлық» республикалық бағдарламасы шеңберінде тағы 2 кабинет жабдықталады. Жылдың соңына қарай ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар оқитын барлық 489 мектепте инклюзивті білім беруге жағдай жасау жұмыстары аяқталады. Сөйтіп, инклюзивті білім алуға мұқтаж 8070 баланың барлығына қажетті білім беріледі.
Шығыс Қазақстан облысы