Маңғыстау медицинасындағы олқылықтардың бірі – жедел жәрдем көлігінің жетіспеуі. Қолда бар арнаулы көліктер жылдан-жылға саны арта түскен тұрғындарға толыққанды қызмет көрсетуге үлгермейді. Оның ішінде жүріске жарамай, істен шығып қалатын көліктер де баршылық.
Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі індеттің қайта өршуіне барынша дайындалып жатыр. Маңғыстауда медициналық мекемелерге су жаңа жедел жәрдем көлігінің берілуі – осының бір дәлелі.
«Самұрық-Қазына» АҚ мен Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында Маңғыстауға жаңа көліктер мен құрал-жабдықтар жеткізілді. Өңір медицинасы 10 оттегі концентраторы және 40 пульсоксиметрмен, сондай-ақ 4 «Shevrolet Damas» маркалы жедел жәрдем көлігімен толықты.
– Біз аймақтағы медициналық мекемелерге қолдау көрсеткен барлық ұйымдар мен ел қамын ойлаған жандарға алғыс айтамыз. Карантиннің алғашқы кезінде біз қиындықтарға тап болдық. Қазір екінші толқынға дайындалып жатырмыз. Біздің ынтымақтастығымыз өз жалғасын табатынына сенімдімін, – деді Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Мырзақұлов.
Өңірге жедел жәрдем көлігі берілуінің бұл басы емес, бұған дейін де «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен және екінші деңгейлі банктің көмегімен он көлік Маңғыстау облыстық денсаулық басқармасына табысталған болатын. Жедел жәрдем көліктері қажеттілігіне қарай аудандарға бөлінбек.
Маңғыстау облысы