Ақтау қаласындағы ГМ-172/8 қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеуші бірден екі сирек кездесетін жобаны жасақтап шықты. Жобаның бірі – адам ағзасын қысқамерзімді оттегімен қанықтыруға арналған болса, екіншісі автокөліктердегі пайдаланылған газды сүзуге арналған құрылғы. Қазақстанда «жасыл экономиканы» дамытуға қатысты жобаларына авторлық құқық алу үшін ол сегіз ай бұрын патенттік бюроға өтініш берді.
Жоба жасауға қызыққан жазасын өтеушінің бірінші жобасына Мәскеу авиация институтының инженерлері көмек беріпті.
– Қазір мен жай ойланып, жазып-сызып қоймаймын, жанымда идеяларымды жүзеге асыруға көмектесетін тағы бір автор бар. Мәскеулік институтқа, оның инженерлеріне алғыс айтамын. Менің жобаларымдағы негізгі мақсат – елімізде «жасыл экономиканы» дамытуға атсалысу. Қазақстанның озық технологияларды қолданушы ғана емес, оны өндіретін жаңалықтардың елі болғанын қалаймын, – дейді ол.
– Азамат 2014 жылы сотталған. Өзінің айтуынша, есірткіге тәуелділік салдарынан қылмыс жасаған ол қазір өзгерген. Жазасының жұмсаруына байланысты ол өзінің жаңа идеяларының көрінуіне ұмтыла бастады. Енді екі айдан соң патенттік бюро нақты шешім қабылдайды, – дейді Қылмыстық-атқару жүйесі Маңғыстау облыстық департаменті бастығының орынбасары Қанат Жарылғапов.
Жаңа өмірге бет бұрғандай жан дүниесін тыныштықпен байланыстрған азамат өз уақытының көп бөлігін өсімдіктерге күтім жасауға арнайды. Өзі мұны табиғатты түсінуге және жаңа идеялардың өмірге келуіне мүмкіндік береді деп есептейді.
Маңғыстау облысы