• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қыркүйек, 2020

Интернетсіз ауылдың оқушылары қалай онлайн оқып жатыр?

765 рет
көрсетілді

Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Кепебұлақ ауылының тұрғындары елді мекенде интернет желісін былай қойғанда, ұялы телефон байланысының жоқтығына налиды. Ал мектеп оқушылары мен студенттер онлайн сабаққа қатысу үшін жол жағалап, телефон байланысы бар жер іздеуге мәжбүр болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл жастары өркениет нышаны жетпеген өңірдің мәселесін айтып, облыстың атқарушы билігінің назарын аудару үшін арнайы бейнежазба да жариялаған болатын. Тұрғындардың бұл шағымы "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің жеке блогына жіберіліпті. Алайда, дәл қазіргі сәтте Кепебұлақ ауылына телеоын желісін тартып, интернет байланысын қосуға мүмкіндік жоқ екен.

- Бейнежазбамыз "Біз енді үнсіз қалмаймыз" хештэгімен әлеуметтік желіде жария болғасын, ауданнан адамдар келді. Бірақ, біздің ашынған үнімізден еш нәтиже шықпай тұр. Аудан әкімінң орынбасары ауылда кездесу өткізіп, тұрғын санының аз болуына байланысты Кепебұлаққа жоғары жылдамдықты интернет тартуға мүмкіндік жоқ екенін айтты. Тіпті, ұялы байланысты жақсартуға да жағдай жоқ екен. Ал осындағы оқушылар мен студенттердің бір тобы көрші ауылдағы туысқандарының үйін жағалап, бір тобы телефон ұстайтын трасса бойына барып оқып жүр. Бізді ата-анамыз сабақтан қол үзбесін деп, көлікпен көрші ауылға тасиды. Сабақты солай оқып қайтамыз. Көлігі жоқтар жаяулап, жалпылап төбе басына, жол бойына кетеді. Қазір күн суытты, далада жүру қиындап барады. Ары қарай қайтетінімізді білмейміз, дейді студент Айерке Сайран.

Жалпы, Кепебұлақтан басқа ауылдарда ұялы байланыс та, интернет желісі де бар екен. Мәселен, іргедегі Кіші Дихан ауылында "Beeline" компаниясының байланысы ұстайды. Ал Кетпен ауылында "Altel", "Tele2" желісі істеп тұр. Бұл маңда мобильді интернетке қосылуға мүмкіндік бар. Кепебұлақтықтар құрығында осындай байланысқа қол жеткізсек дегенді айтады.

Әрине, ауыл мүлдем байланыссыз емес. Ұйғыр ауданының орталығы Шоншы ауылынан 100 шақырымда орналасқан елді мекендегі 511 үйдің алпыс жетісі сымсыз телефон аппаратына жалғанған екен. Бірақ, бұл желіге интернет қосылмайтын көрінеді. Ал кабельді интернет тек Н.Исахметов атындағы орта мектепте ғана бар. Өкініштісі, ғаламтор жылдамдығы әлсіз болып тұр.  Бар жылдамдығы 512 kb/c болатын байланыстың күші онлайн оқуды былай қойып, электронды поштамен құжат жөнелтуге де жетпейді-мыс. Соған қарамастан мектептегі үлкен сыныптар үшін сабақ қашықтан өтіп жатыр. Яғни, орта білім алатын 79 оқушы мен жоғары оқу орынында оқитын 14 студенттің жол жағалап, туыс сағалап кеткені ата-аналарды алаңдатып отырғанын түсінуге болады.

- Екі студент балам бар. Ауылда байланыс та, интернет те жоқ болғандықтан, балаларым Шонжы ауылындағы таныс адамның үйінде жатып оқиды. Онлайн оқу үшін бізге байланыс, антенна керек. Ұялы байланыс тек осы жерде тартатындықтан, жол бойына келіп хабар алмасып жүреміз. Бәрінен мектеп оқушыларына қиын болды. Көп ата-ана індеттің таралуынан қорқып, қашықтан оқуға келісім берген. Қазір бастауыш сыныптар ғана мектепке барады, ал жоғарғы сынып оқушылары интернет тартатын трассаға барып жүр. Күн суытты әрі балалардың қауіпсіздігіне алаң болып отырмыз, дейді ауылдағы ахуалды айтқан ата-ана Әсел Толқынбаева.

Айтпақшы, біз жақында білім басқармасының дерегіне сүйене отырып,  жыл соңына дейін облыс мектептерінің 84 пайызы сымсыз интернетке қол жеткізетінін жазған едік.  

- Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 156 мектепке 454 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде жыл соңына дейін 639 мектеп Wi-Fi технологиясы негізінде ғаламтормен қамтылатын болады. Жалпы, бүгінде облыстағы 760 мектептің барлығы компьютерлік техникамен жабдықталып, 100 пайыз ғаламторға қосылған. Оның 527 мектебі немесе 69,3 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке талшықты-оптикалық кабел арқылы жалғанса, 233 мектеп яғни, 30,6 пайызы спутниктік байланыс арқылы ғаламтор тұтынып отыр. Ал Wi-Fi технологиясы негізінде сымсыз интернетке қосылған мектеп саны 483 шамасында, - деген болатын облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарова оқу жылының басталуына орай берген баспасөз мәслихатында.

Өкінішке қарай, облыстың шалғай ауылдарындағы жағдайдың нақты көрінісі білім басқармасының да, облыс әкімдігінің де назарына ілікпегенге ұқсайды. Өйткені, дәл осындай мәселе бірқатар ауданда бар екені жасырын емес. Жақында Кербұлақ ауданының Беріктас ауылының бір топ оқушылары мен студент жастары да елді мекенде интернет байланысының болмауынан 7 шақырым қашықтықтағы төбе басына келіп, оқып жатқандарын айтып бейнежазба жариялаған болатын. Қашықтан оқитын балалар интернет тартатын жерге келіп, өзен жағасында түскі ас әзірлеп ішетіндіктерін көрсеткен еді. Ал Беріктас ауылына мобильді интернет желісін таратын мұнара биылғы сәуір айында қойылуы тиіс-тін. Тұрғындар бұл істе бір шикілік барынан күдіктеніп, жауапты мекеме ғаламторды қағаз жүзінде ғана тартып кетуі мүмкін деген ойда қалып отыр...

Жалпы, біз Алматы облысы бойынша елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтудың сын көтермейтінін бұған дейін де  бірнеше рет жазғанбыз. Мәселен, Алматы қаласының іргесіндегі Қоянқұс ауылындағы жағдай әлі оңалмай отыр екен.

- Интернет байланысының нашарлығынан өткен көктемде де оқушылар қиындық көрді. Жаз бойы Іле ауданы әкімдігіне, "Қазақтелекомға" 100 рет барған шығармыз. Бізді құрғақ уәдемен щығарып салады. Еш өзгеріс жоқ. Қазір ауылдағы 135 оқушы жылдамдығы төмен интернетпен итшілеп,  онлайн оқып отыр, дейді "Қоянқұс" бау-бақша серіктестігінің төрайымы Күлжиян Нұрғалиева.