• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қыркүйек, 2020

Жасыл желекті «жақтырмайтын» Ақтау

899 рет
көрсетілді

Ақтауға ағаш отырғызылып, көгал егілмеген кез кемде-кем. Жыл сайын көктем шыға жерді қопсытып, бұталы өсімдіктерді буду-буда етіп отырғызу – үйреншікті көрініс. Жұмыс жылдар бойы үздіксіз жалғасады, бірақ Ақтау жасыл желек жамылмайды. Неге? Маңғыстаудың шөлейтті климатында ащы сулы теңіздің жағасында ағаш отырғызып, жасылға жан бітірудің «тілін» таба алмадық па? Уақытымен суарып тұрса қаулай құлпырғысы келіп тұрған өскінге мезгілінде су жетпеудің салдары ма?

Бір кездері «Маңғыстауда егін егіп, ағаш отырғызудың емін таптық, ол – тамшылатып және шашыратып суару. «Қалауын тап­са, қар жанар» демекші, енді бұл өлкеде тек өңкей қарағаштар емес, ағаштың басқа да түрлері, көкмайса құлпыратын болады. Баяғыша жабайы егіп, жайдақ суару – құр шығын екен» деп қуана жар салып, жердің жайын, егін егудің бабын білетіндерді тауып, бұл бағыттағы жұмыстарға өзгеше екпін, жаңаша серпін бере іске кіріспек болғандар есі­­мізде. Алайда қуаныш тек ха­­бар күйінде қалды. Ал жыл са­йын жазда Ақтау қаласында кө­ше бойы талдарын суару ұлы айқайға ұласады. Биыл да көз ал­ды­мыздағы көшедегі ағаштар суға сусаған күйінде жадап-жү­деп жаз­ды өткізді...

Бірақ тиісті орындардың талабы жақсы, су жоқ деп тарты­нып қалмайды, тал егуден жаңыл­май­ды. Биыл Ақтауда күзгі мау­сымда 960 метр аумаққа 160 жа­пырақты және 160 қылқан жа­пырақты, бар­лығы 320 ағаш отыр­ғызу жос­парланып отыр.

Мамандардың айтуынша, күз­­­­де көшет отырғызу суық ауа ра­­йы­ның басталуынан 15-20 күн бұ­рын аяқталуы керек. Ақтауда ағаш отырғызу ағымдағы жыл­дың қыркүйек айының ортасынан қа­рашаның ортасына дейін жүзеге асы­рылады. Сондай-ақ алдағы уақытта 7 мың шаршы метр жерге көгал егу де жоспарда тұр.

Жалпы, Ақтауда 67 мыңға жуық ағаш бар. 2019 жылдан бер­гі аралықта қала аумағында 1 150 дана ағаш, 3 мың дана рау­­шан гүл, 12 мың дана бұта, 218 мың дана бір жылдық гүл отыр­ғызылды. Қалада биыл 5 мың шар­­шы метр жерге көгал егіліп, ор­талық көшелерге бір жыл­­дық гүлдер мен раушан гүл­де­рі отырғызылды. Жаңадан суа­­ру құбырлары шағын аудан бұ­­­рыш-бұ­рышына, саябақтарға, сквер­­­­лерге және әуежай жолына ор­­на­­тыла бастады. Гүл мен шөп егіл­ген жерлерге спринклерлік, яғ­ни жаңбырша шашыратып суару әдісі қосылған. Бүгінгі таң­да абат­тандыру жұмыстары жал­ғасуда.

– Шашырата суару әдісі бо­йын­­ша жасалған құбырларды тек­­серу жұмыстары жүруде. Жа­рыл­­­ған жерлері жасалып, қала аума­­­ғында құбыр жоқ жер­лер­ге жа­ңасы орнатылады. Жоспар бо­йынша жол жиектеріне орна­ту­ды көз­деп отырмыз, деді «Қа­ла жол­дары» ЖШС басшысы Ғ.Серікбаев.

Жұмыс жүріп жатыр. Бірақ жаңбыры сирек өңірде жаз бас­та­лысымен неше көшеттің, қан­ша өскіннің көктемей солып, қу­раған қалпы құрдымға кететіні уайым.

 

Маңғыстау облысы