Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыру халықтың әл-ауқатының маңызды аспектілерінің бірі екендігін атап өтті. Бүгінгі таңда Қазақстандағы тұтынушылардың саны 18,7 млн адамды құрайды, олар күн сайын 6 млн аса тауарлар мен қызметтерді сатып алу транзакцияларын (кассалық-бақылау аппараты көмегімен бөлшек саудадағы операциялар саны) жүзеге асырады. Биыл қазақстандық тұтынушылар бөлшек сауда желісі арқылы 6,8 трлн теңгеге тауар сатып алып, 4 трлн теңгеге қызметтерді тұтынған.
Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтановтың айтуынша, олардың ішінде сауданың негізгі үлесі тамақ өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тұрмыстық заттарға, жылжымалы және жылжымайтын мүлік операцияларына, демалыс қызметтеріне тиесілі.
"Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік жүйесіне 19 орталық және 17 жергілікті атқарушы орган кіреді. Тізілімге сәйкес, мемлекеттік органдар квазимемлекеттік сектор субъектілерімен бірге жеке тұлғаларға білім беру, денсаулық сақтау, ветеринария, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс және т.б. салаларда барлығы 574 қызмет көрсетеді. Бұл ретте, жүйенің бірде-бір қатысушысы тұтынушының мүддесіне толық көңіл аудармайды. Сондықтан, тұтынушылар құқығын қорғау деңгейінің төмендігі, бұрмаланған статистика және "қайталанатын қателермен жұмыс істеуге» деген қызығушылықтың жоқтығы байқалады", деді Б.Сұлтанов.
Статистика тұтынушылардың қанағаттанбауы үнемі жоғары деңгейде қалып отырғанын көрсетеді. Тұтынушыларды мазалайтын сұрақтар жалпы жылдан-жылға қайталанып отырады, олар, әсіресе, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, бөлшек сауда, медициналық қызметтер және көлік салаларында.
"Биыл тек Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне 8 мыңға жуық азамат шағымданды, ал мемлекеттік органдар бойынша толық статистика жыл соңында жасалады. Бүгінде өтініштерді жинақтау мен талдау "қолмен басқару" режімінде жүргізілетінін және мемлекеттік органдардың жұмысын бағалайтын, сондай-ақ толық көріністі қалыптастыратын автоматтандыру мен жеткілікті мағлұмат жоқ", деді сауда және интеграция министрі.
Аталған бірқатар мәселелер ағымдағы жылдың шілдесінде "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңға енгізілген түзетулер арқылы шешілетін болады. Заңды әзірлеу барысында министрлік алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені зерттеді. Оның тұжырымдамалық негізіне ЭЫДҰ елдері тиімді пайдаланатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау институтының аралас моделі алынды. Мысалы, Германия, Австрия, Жапония және Литвада мемлекет «ақылды» басқаруды жүргізеді, ал бұзылған құқықтарды қалпына келтірумен сотқа дейінгі реттеу институттары айналысады. Сондай-ақ Германия, Ресей және Литвада Ведомствоаралық кеңестер қызмет атқарады, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың проблемалы мәселелері талқыланады.
Б.Сұлтанов атап өткендей, шағымдарды қарастырудың үш сатылы жүйесі енгізілді. Бірінші деңгейде сатушы тұтынушының талабын "қазір және осында" қағидаты бойынша жеке өзі қарауға міндетті. Сондай-ақ өзара келісім бойынша екі жаққа дауларды сотқа дейінгі реттеу субъектілеріне жүгіну мүмкіндігі берілген. Тұтынушыға екінші деңгейді өту міндетті талап емес, шағымды уәкілетті органға жіберу қажеттілігі туралы шешімді оның өзі қабылдайды. Соңғы деңгейде тұтынушының сотқа жүгінуі көзделген.
"Біздің ортақ міндетіміз – сатушы мен қызмет көрсетушінің дауларды болдырмауға, ал олар туындаған кезде бірінші деңгейде шешуге мүдделі болатын жағдайларды жасау", деді Б.Сұлтанов.