• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2010

МАҚСАТЫМЫЗ НАҚТЫ ӘРІ АЙҚЫН

714 рет
көрсетілді

ЕҚЫҰ-ға қазақстандық төрағалықтың алғашқы жүз күнінің нәтижелері туралы бірер сөз Жаңа 2010 жыл есіктен аттап кіргенде Қазақстан әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі – ЕҚЫҰ төрағасы ретінде өз қызметіне кі­ріс­кен-ді. Бар­лы­ғымыз бұл күнді асы­ға күтке­німіз рас. Себебі, бұл Қа­зақстанды әлем мойындағаны­ның шынайы белгісі әрі хал­қы­мыз­дың басқа елдер алдындағы абы­ройы десе де болады. Шын мәнінде Қазақстан сырт­қы саяси бағдарламасымен қомақ­ты жетістіктерге жетуде. Небары тәуелсіздігіміздің 19 жылында осын­шама беделді, Еуропаның тө­ріндегі үлкен Ұйымға төрағалық етуінің маңыздылығын түсіндіріп жатудың өзі де артық секілді. Алайда, ашығын айту керек, төр­­ағалық қызметі үлкен беделі­мен, мәртебесімен қоса, белгілі бір мін­деттер жүктейді. Сондай-ақ, бүкіл әлем елдерінің, оның ішінде атал­ған Ұйымға мүше мемлекет­тер­дің жүктеп отырған зор сенімі тағы бар. Бұл жауапты жұмыстан беде­лімізді түсірмей, абыройы­мызды асқақтатып шығу үшін тек Елбасы беделі мен отандық дипломатия­ның табанды жұмысы ғана емес, сонымен бірге біз сана­лы қоғам ре­тін­де, бүкіл халық бо­лып жұмыла жұ­мыс жасап, барын­ша қолдау көр­сетуге мүдделіміз. Себебі, жоға­ры­да айтқандай, бұл біздің елі­міз­дің басқа дүние жүзі елдерімен те­ре­зесі теңескен күн. Ортақ еліміз­дің асқақтаған абы­ройы. Осыған орай, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға­лық етуіне кірісер алдында өзіне қандай мақсаттар қойғанын және сол бастамалар өткен үш ай ішінде қан­шалықты жүзеге асты деген сұ­рақ­тарға жауап іздеп, өз түйін­дерімізді алға тар­тайын деп едік. ЕҚЫҰ шеңберінде қазақ төр­ағалығы тарапынан шыққан бас­та­ма­лардың бір ерекшелігі – тек Ұйым­ның аясында шектелмей, бү­кіл әлем­дік, жаһандық мәнге ие бо­луында. Мәселен, 2010 жылы Қа­зақ­стан қауіпсіздік, ұстамдылық, кемсітпеу­шілік, дінаралық татулық се­кілді мәселелерді кеңінен қарас­тырмақ. Еуропа қауіпсіздігінің бо­лашақ құрылымын талқылайтын “Корфу процесін” жалғастыратын боламыз. Тек қауіпсіздік мәселесін ғана алып көрсек, қару-жараққа, жап­пай қырып-жою қаруы және қауіп­ті материалдардың таралуын қатаң бақылауға алу, терроризм және ядролық қаруды таратпау жалғыз ЕҚЫҰ мемлекеттеріне емес, бар­лық әлем елдеріне де ті­ке­лей қа­ты­сы бар екенін бай­қай­мыз. Онымен қоса, Қазақстан Ауған­станды қайта құру мәселесін, Әзірбайжан мен Ар­мения арасын­дағы Таулы Қара­бақ жайын, Ресей мен Грузия ара­сындағы және басқа да шешімі та­былмаған қақ­тығыстарды жекелеп қарастырмақ. Бұл мәселелер бой­ын­ша да еліміз айтарлықтай табыс­тарға жетуі әбден мүмкін. Себебі, Қазақстан өзінің көпвекторлы сая­сатының арқасында аталған қақ­тығыс­тар­дың барлық тараптарымен бірдей жақсы қарым-қатынас ор­ната білген. Бұл біздің артықшы­лығымыз екені рас. Сондай-ақ Қазақстанның ал­дын­да Ұйымды барлық бағыттар бой­ынша нығайту, құқықтық ұқып­­тылықты, азаматтық инсти­тут­тар­ды, демократия мен сайлау үдерісін дамыту міндеттері тұр­ғанын да ұмыт­пауымыз қажет. Байқа­са­ңыз­дар, алға қойылған мәселелер өте көп. Сондықтан кейбір жекелеген сарапшылардың Қазақстанның алдына қойған осынша үлкен мақ­саттарын жүзеге асырып үлгеруіне күмәндануын бір жағынан түсінуге болады. Бірақ біздің негізгі мақ­са­тымыз көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелерді түп-түгел жойып тастау емес, олар­ды аз дегенде тұрып қалған нүк­те­сінен жылжытып, үнқатысуды жан­дандыру. Егер біз жоғарыда аталған мәселелерді дұрыс жолға қоя біл­сек, бұл – біз үшін үлкен жетістік. Қазақстан ұсыныстары ЕҚЫҰ шеңберінен асып түсіп отырғаны да түсінікті. Ең алдымен, біз – Азия мен Еуропа қиылысында ор­налас­қан елміз. Яғни, бізді өрке­ниеттер көпірлерінің бірі десе де болады. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев әр­дайым еуропалық қана емес, кеңі­рек алғанда еуразиялық мәселе­лер­ге үлкен көңіл бөліп отырады. 2011 жылы Ислам Кон­ференциясы Ұйы­мына да төраға­лы­ғымыз бас­тал­мақ. Демек, Қа­зақстан арқылы халықаралық ұйымдар топ-топқа бө­лінушіліктен арылып, мәселе­лер­ді ғаламдық тұрғыда қарастыруға жол таппақ. Өйткені,  Қазақстан басқа елдердің тәжірибесін ала оты­рып, өзінің дербес сыртқы сая­са­тын құрған еді. Сондықтан біздің сыртқы саяси ұстанымдарымыз басқа халықаралық әріптестерімізге жағымды әрі Қазақстан халқының ұлттық мүддесіне де сай келеді. Қазақстан – әрқашан бейбіт­ші­лік пен татулықты уағыздап келген мемлекет. Әлем бізді татулық ны­ша­ны ретінде қабылдайды. Сон­дық­тан Қазақстан өзінің қаты­суы­мен және төрағалығымен ЕҚЫҰ-ның әлем алдындағы келбетін өзгертті. Қазақстан ағылшынша айт­қанда ЕҚЫҰ-ға және бүкіл әлемге төрт “Т” ұранымен ай­шық­­талған құндылықтарды ұсы­нып отыр: Сенім (Trust), Дәстүр (Tradіtіon), Ашықтық (Transpa­ren­cy), Төзім­ділік (Tolerance). Мұны былай түсін­діруге болады: бір-біріне се­нім­ділік, ЕҚЫҰ негізгі қағидат­та­ры мен құндылық­та­ры­на беріктік, халықаралық қаты­наста барынша ашықтық, яғни ай­қындылық, “екі­жақты стан­дарт­тан” және “бөлу сызықтары­нан” еркін болу, ай­мақ­тық қауіп­сіздікке төнетін қауіп­тер­мен кү­ре­суде жағымды ынтымақ­тас­тық­та негізделу, мәдениетара­лық және өркениетаралық үнқаты­су­ды жаһандық негізде нығайту. Отандық дипломатияның күн­делікті әрекеттеріне назар аудар­сақ, Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік хатшысы –  Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев­тың жыл басынан бергі мерзімде АҚШ, Ауғанстан, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Швейцария, Ресей, Қытай, Авс­трия, Жапония және Шығыс Еуропа мен басқа да елдерге жа­са­ған сапарлары жемісті де та­быс­ты болды. Сондай-ақ, Бірік­кен Ұлттар Ұйымы, Еуро­палық Одақ, Еуропа Кеңесі, Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығы, тағы да басқа беделді халықаралық ұйым­дардың басшылығымен жан-жақты консультациялар өткізді. Аталмыш кездесулердің бар­лы­ғы “құрғақ” кездесулер емес, жалпы мәселелерді шешуде ұс­танымдарды жан-жақты анықтау және олардың арқасында белгілі саяси қорытындылар жасау үшін өткізілген. Бір сөзбен айтқанда кәсіптік дипломатияның нышаны ретінде қабылдауға болатындай. Бұл дегеніміз Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың және сыртқы саясат ведомствосы басшылығы­ның Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы рөліне аса зор жауапкершілікпен қарап, әлемдегі өзекті мәселе­лер­ге дұрыс шешім табуға бел бай­ла­ғандығын көрсетеді. Әлемдегі қауіпсіздікке қол жетіп, салыс­тыр­малы тыныштық пен бей­бітшілік орнаса, Қазақстан­ның да өркендеуі тұрақты дамуға жол та­бары анық. Яғни, Қазақ­станның ұлттық мүддесі осында жатыр. Сон­дықтан да мемлекеті­міздің басшылары аталған қызметке бар күш-жігерін аямай жұмсауда. Бұл жерде отандық диплома­тия қосқан ерекше үлесті айтпай кетуге болмайды. Елбасымыз көр­сеткен сыртқы саяси бағыт-бағдарды жүзеге асыру Сыртқы істер министрлігінің еншісінде екені анық. Және сол сыртқы саяси мақсаттарымызға ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ақы­рын-ақырын қадаммен біртіндеп, нағыз дипломатиялық әдістермен жақындауда. Жоғарыда аталған сапарлар барысында Сыртқы саясат ведом­ствосының басшысы Қанат Сау­да­баев барлық елдердің басшы­ларымен қоса ресми өкілдерімен кездесіп, ЕҚЫҰ шеңберіндегі және одан тыс орын алып отыр­ған өзекті мәселелерді талқыға салды. Мұндай жоғары дәрежеде көтерілген мәселелер аяқсыз қалмайтыны белгілі. Демек, бастапқы 100 күннің өзінде-ақ қазақ дипломаттары көптеген мәселелердің басын ашып, әлеммен өзара тиімді үнқатысуды жандандырып отыр. Демек, біздің көтерген мәселелеріміз тек ЕҚЫҰ-ның ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемнің күн тәртібіне бірте-бірте айналып келеді. Байқа­саңыздар, еліміздің ЕҚЫҰ төр­ағасы ретінде алға қойған мақсаттары нақты әрі айқын, және төрағалығымыздың бірінші жүз күндігінде-ақ осы мақсат­тарға жету ниетіміз қарқынды дамып, бір жүйеге түсіп келе жатқаны анық көрінеді. Әрине, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретінде жасаған жұмыс­тарын түп-түгел сараптамалауға әлі ертерек, дегенмен, біздің бүгінгі мақсатымыз сараптамадан гөрі бастапқы шолу деуге болады. Алдағы уақытта да еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығын әр тоқсан сайын бір түйіндеп, сараптамадан өткізіп, өзімізше қорытындылап тұруды дәстүрге айналдырмақ ниетіміз де бар. Бұл жұмыстар Қазақ еліне ғана емес, өзге де әлемдік сарапшылар мен журналистерге аса қажет болады ғой деп ойлаймыз. Нұрбек ЖОЛТАЙҰЛЫ.