Қорғаныс министрлігінде Қарулы Күштердегі өзекті мәселелерді көтерген аппараттық кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алдағы аптаның басты іс-шарасы "Алдаспан-2020" ірі ауқымды жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың қорытынды кезеңі болуға тиіс. Қорғаныс министрі Бас қолбасшылардың назарын қауіпсіздік шараларын сақтауға және оқу-жаттығу барысында барлық оқу-жауынгерлік міндеттерді сапалы орындауға аударды.
Аппарат кеңестегі негізгі мәселенің бірі әскерлердің тіршілік әрекетінің негіздеріне кедергі келтіруі мүмкін түйіткілдер болды.
Бас қолбасшылардың баяндамасы бойынша казармалар мен қазандықтардың жылыту маусымына дайындық мәселесі шұғыл шешуді талап етеді. Бұл ауа райының салқындауына байланысты қажет болып отыр. Жергілікті жерлердегі ақпарат бойынша, мерзімдерді созудың негізгі себебі мердігерлік ұйымдардың баяу жұмыс істеуінде екендігін айта кеткен жөн. Бірақ қорғаныс ведомствосы басшысының бұрын берген нұсқауларын ескере отырып, барлық күш-жігер Қарулы Күштердің инфрақұрылымын қысқы кезеңге сапалы және дер кезінде дайындауға бағытталуы тиіс.
Қорғаныс министрі Бас қолбасшыларға жергілікті жерлердегі әкімдіктермен қысқа дайындық бойынша өзара іс-қимыл жасау, сондай-ақ жөндеу-қалпына келтіру бөлімшелерінің осы қызметке қатысу мүмкіндігін пысықтауға тапсырма берді. Қажет болған жағдайда талап-арыз жұмысын ұйымдастыру мәселесі де сөз болды. Ведомство басшысы бұл жұмыстарды барлық мүдделі ұйымдар мен мекемелерді тарта отырып, бірлесіп жүргізу керектігін атап өтті.
Қорғаныс министрі қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерін игеруді ұйымдастыру, материалдық бөлім жеке құрамының білімі мен іскерлігін жетілдіру қажеттігіне баса назар аударды.
Бұл үшін қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін, әсіресе қарулануға жаңадан келіп түсетін үлгілерді пайдаланудың есебін жүргізу, олардың оң және теріс жақтарын анықтау, зауыттық кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар дайындау қажет.
Әуе кемелері мен теңіз кемелерінің отандық өндірісін дамыту перспективалары бойынша Әуе қорғанысы күштері мен Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшылары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін Қарулы Күштердің осы техникаға қажеттіліктері және оның қажетті сипаттамалары туралы хабардар етуге нұсқау алды.
Кеңесте қорғаныс ведомствосының басшысы сондай-ақ әскерлердің тыныс-тіршілігін ұйымдастыруда инновациялық тәсілдердің жеткіліксіз енгізілгенін атап өтті. Мәселен, маусым айында әскерлерге жаңа оқу модульдері мен ситуациялық кейстер әзірленіп, енгізілді. Олардың міндеті жалпы білім беру деңгейін арттыру, сондай-ақ жеке құрамды сауатты әрекет етуге, күрделі жағдайларда неғұрлым орынды шешім қабылдауға үйрету болып табылады. Алайда, осы уақытқа дейін бірқатар әскери бөлімдер бұл әзірлемелерді өз деңгейінде қолдана алмай отыр. Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев әскери қызметшілерді оқытудың жаңа нысандарын енгізу жөніндегі тапсырмаларды орындау үшін екі апта мерзім берді.
Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметтер көрсетуінің жекелеген мәселелері толық шешілген жоқ. Атап айтқанда, осы уақытқа дейін әскери қызметшілерге тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қою үшін анықтамалар электрондық үкімет порталында осындай қызметтің болуына қарамастан қағаз нысанында беріледі. Бұл қосымша қағазбастылыққа әкеліп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға алғышарттар жасайды. Мұның себептері-мәліметтер базасы мен бағдарламалық жасақтаманы қалыптастырудағы кемшіліктер болып табылады. Әскери ведомство басшысы аталған қызметті цифрлық форматқа ауыстыру мүмкіндігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Қорғаныс министрі барлық талаптардың белгіленген мерзімде орындалуына қатаң нұсқау берді. "Тапсырмалар жедел және дәл орындалуы керек. Егер біреу оны жүзеге асыра алмаса, онда бұл лауазымда оған орын жоқ",-деп өз сөзін түйіндеді қорғаныс ведомствосының басшысы.