Пандемия салдарынан күнделікті тіршілік адам танымастай өзгергені аян. Індеттің кең жайылуы түрлі салаға өзгеріс енгізіп, тұрмысымызды түрлендірді. Қысылтаяң шақта адамзаттың ең ізгі ниеті де сынға алынды.
Волонтерлік жайы коронавирус инфекциясының таралған тұсында көп сөз болды. Біреулері еріктілерді науқастар емделіп жатқан ауруханаға көмекке шақырса, енді біреуі үйлерінде отырған егде жастағы не тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік пен керекті заттарды жеткізіп тұрды. Мамандар үлгермей жатқан қызметті ерікті жандар өз мойнына алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының волонтерлер бағдарламасы пандемия кезінде 50-ден аса ұйымға мүше елде 6 мыңнан астам еріктіні коронавируспен күреске жұмылдырды. Осы секілді өзге де ұйымдар мен мемлекеттер пандемия кезінде індетпен күресті жеңілдетуге атсалысқан еріктілердің жұмысын жоғары бағалады. Тіпті волонтерлер қызметі вирусты ауыздықтауда маңызды рөл атқарғаны да баса айтылады. Денсаулық сақтау өкілдерінің кеңесі бойынша жасы үлкен кісілер үйінде оқшауланған тұста жастар халыққа қол ұшын созудан жалтармай, вирус жұқтырып алу қаупіне қарамай түрлі жұмысқа белсене кіріскен. Мәселен, Қызыл крест ұйымы 25 жасқа дейінгі еріктілер санының үш есе өскенін хабарлады. Осылайша үйінде оқшаулануға мәжбүр болған егде жастағы еріктілердің орнын толтыруға мүмкіндік туған.
Жалпы, БҰҰ ұсынған мәліметке сенсек, дүние жүзінде жылда 1 млрд адам волонтерлік қызметке араласады екен. Олардың ішінде тұрғылықты жерінде қоғамға игі ісімен үлгі болып жүргендермен қатар, шетелдерге барып халықаралық деңгейде көмектесетін жандар да бар.
UNICEF балалар қоры да Қазақстанда #ПайдасыБарКарантин жобасын бастады. Алғашында 200 баланың қатысумен басталған қозғалыс бүгінде 1500 жасты қызықтырып үлгерген. Індеттің балаларға әсері денсаулығына төнген қауіптен де орасан. Олардың білім алуы, қатарластарымен араласып дамуы, жоспарлаған шараларына қатыса алмауы психикалық күйіне де әсер ететіні сөзсіз. Осы тұста оларға болып жатқан оқиғалар мен шаралардың себебін дұрыс түсіндіру арқылы көмектесуге, жағдайдың қиын екенін айтып көмек сұрауға да болады. Жобаға қосылған еріктілер өз қатарластарына онлайн платформалар арқылы індет жайлы толық мәлімет беріп, маңызды әлеуметтік хабарларды жеткізуде үлкен жұмыс атқарған. Мектеп жасындағы балалардың үлкендерден гөрі өзімен қатар жастардың айтқанына көбірек сенентінін түсінген ұйымдастырушылар бұл маңызды миссияны жастардың өзіне тапсырды. Олардың ортақ тіл табысуы, күнделікті қолданатын онлайн платформаларды жетік меңгеруі көп көмектесті. Осылайша жоба мектеп жабылғанда ескерусіз қалған оқушылардың үйдегі уақытын тиімді пайдалануға арналды.
Бұл еліміздегі пандемия кезіндегі волонтерлік қызметтің бір ғана мысалы. Одан өзге қиын сәтте игі іске ортақ болған жандардың қатары көп. Індеттің аса өршіген жаз айында халық болып қаражат жинап науқастарға жетпей жатқан оттегі концентраттарын шетелден алдыртқаны есімізде. Бұл іске отандастарымыз қолынан келгенше аянбады. Сондай-ақ ауруханаларға түскен жүктеменің салдарынан медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі анық байқалды. Сол сәтте дәрігерлер мен мейіргерлердің көмекке ерікті жастар келді. Санитар болып келген олар емделушілердің барлық жағдайын жасауға тырысты, ауыр оттегі баллондарын қабаттан қабатқа тасып, босағандарын қайта толтыруға жіберіп отырды. Жеке кәсіпкерлер аймақтарда бос баллондарды оттегіге қайта толтырып беріп отырды, тігін цехтері маска таратты, су компаниялары емханаларға ауыз су жеткізіп тұрды, мейрамханалар мен тамақ ішу орындары дәрігерлерге тамақ тасыды.
Елорданың өзінде жастар «Біз біргеміз» ұйымымен бірлесіп тұрғындарға 2 млн 200 мыңға жуық маска таратыпты. Олар арнайы рейдтерге қатысып, бақылау бекеттерінде болды, ауыр сырқаты бар мыңнан астам науқастың үйіне дәрі-дәрмек жеткізіп берді. Жастардың еңбегі бағаланып, үлкендерден бата алды, ал мемлекет тарапынан алғыс хаттармен марапатталды. Республика бойынша қанша адамның волонтерлікпен айналысқанын есептеу дәл қазір мүмкін болмағанымен, қоғамда өзгелерге жанашырлық танытып, қол ұшын созғандардың саны көбейгенін байқамау мүмкін емес. Енді тек осы жұмысты пандемия біткен соң да аяқсыз қалдырмай, бір жүйеге келтіріп, әрі қарай дамытудың жолдарын қарастыру қалады.
Сонымен қатар бұл оқиғалардың биыл елімізде жарияланған Волонтер жылымен тұспа-тұс келгені тағы бар.
Волонтерлік қызмет жүйеге қойылған өркениетті елдерде де ерікті жандардың көбейгені, олардың коронавируспен күресте атқарған рөлі жиі сөз болып жүр. Мәселен, Ұлыбританияда індетке байланысты енгізілген қатаң шаралар кезінде 10 млн адамның тұрғылықты жерінде ерікті болғаны мәлім болды. Ал олардың 78 пайызы пандемия аяқталған соң да қызметін жалғастыратынын айтады. Жалпы, тұрғындар оқшаулану кезінде елдің бірлігі артқанын және дағдарыста шағын қауымдастықтардың қарым-қатынасы нығая түскенін алға тартады. Ұлттық волонтерлік ұйымдардың бірі жеке адамдар ғана емес бизнестің де қайырымдылыққа көбірек назар аудара бастағанын айтады. Індетті жоюға бағытталған арақашықтық сақтау не үйден шықпау секілді шаралар еріктілердің қызметіне де әсер етпей қоймады. Жалпы, волонтерлік сөз болғанда Ұлыбританияның мысалы алға шығатыны бекер емес. Аталған елде игі іспен жарысатын қоғамда ерікті болу тұрғындардың санасына күнделікті атқаратын жұмыс секілді қалыптасқан. Қайырымды болғысы келетіндер бізде де көп, тек көбі неден, қалай бастарын білмей жатады. Осы тұста волонтерге бірізді жүйенің болуы көп көмектеседі. Батыстағы еріктілердің карантин кезіндегі күнделікті қызметі де қызық: үйінде оқшауланған тұрғындар үшін сауда жасау, итін серуенге алып шығу, азық-түлік жеткізу, науқастарды тасу. Тіпті жасы үлкен қарияларға хабарласып қал-жағдайын сұрау мен әңгіме-дүкен құру да бір игі іс екен. Батыста жалғыз тұратын егде жастағы адамдардың көптігін ескерсек, бұл қызметтің олардың психикалық күйіне қаншалықты жағымды әсері бар екенін айту артық. Ал дамыған елдер адамның физикалық денсаулығымен қатар менталды жағдайына да аса мән беретіні бесенеден белгілі.
Ұлыбританияда тұрақты түрде ерікті болуға көбіне 65-74 жастағы тұрғындар ниетті екен. Ал ендігі кезекте жастарды тарту мүмкіндігі артады деп үміттеніп отыр. Біздің елде де бұл бір реттік науқан болып қалмай, жастардан бөлек басқа да азаматтарды жұмылдыратын ұлттық қозғалыстың бастамасы боларына сенеміз. Өйткені түпкі мақсат – қайырымды жандардың ниетін бір толқынға тоғыстырып, ақсап тұрған салаға қарай бағыттау және волонтерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.