Жетісу өңірінде күзгі жиын-терін жұмысы қарқынды жүріп, өнімнің негізгі бөлігін жинау аяқталуға жақындады. Жалпы, биыл облыс диқандары 968,6 мың гектарға егілген дәнді дақылдардан өнім жинауы тиіс. Болжам бойынша орылған дәннің өнімділігі көңіл қуантарлықтай екен.
Дәнді дақылдарға алдымен орақ салған ауданның бірі Ақсу еді. Қазір диқандар 29,8 мың гектардағы күзгі жұмыстарды толық аяқтап, дәнді дақылдарды 100 пайызға орып алды. Яғни ақсулық диқандардың қамбасына 63,5 мың тонна таза өнім түскен. Ал әр гектардың орташа өнімділігі 21,3 центнерден айналыпты.
Ауданда дәнді дақылдармен қатар майлы дақылдардың жиын-теріні де қызу жүріп жатыр. Биыл диқандар 15,6 мың гектарға осы дақылдың дәнін сепкен болатын. Қазір егістіктегі жұмыс 70 пайызға жеткен екен. 1,6 мың тонна өнім алынып, орташа өнімділік 9,6 центнерден айналуда.
Жалпы, аудандағы күзгі жиын-терін жұмысына жеңілдетілген бағамен бөлінген 120 тонна жанармай жеткізілген-ді. Бұған қосымша шаруалар 350 тонна дизель отынын өз қаржысына сатып алған. Нәтижесінде астық жинау науқаны тоқтаусыз өтіп жатыр. Қазір диқандар дәнді дақылдардан бөлек бақша өнімдерін жинауды да толықтай аяқтапты. Биыл аудан бойынша егілген картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдарының аумағы 2,2 мың гектарға жеткен болатын. Қазір осы жерден 45,7 мың тонна өнім алынды. Ал ауданда жиналған астықты сақтауға арналған бір қойма бар. Оған 2 мың тонна дән сияды екен. Мұнан бөлек, алдағы жылдың тұқым қоры да жасақталған. Келешек қамы үшін 5,1 тонна қор жиналды, бұл аудан бойынша қажетілікті 95 пайызға өтейді.
Айтпақшы, Ақсу ауданы тұрғындарының арқа сүйер бағытының бірі мал шаруашылығы екенін ұмытпауымыз керек. Сол себептен де шаруалар қысқа мал азығын қамдауға ерекше көңіл бөледі. Есеп бойынша қазір ауданда 158 мың тонна пішен дайындалып, 10,2 мың тонна сүрлем жиналған. Сонымен қатар 42,1 мың тонна сабан бастырылып, 26,7 мың тонна арпа орылыпты. Яғни аудандағы мал басына қажетті азық қоры толықтанды.
Алматы облысы