«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысы бойынша өңірлік бөлімшесі БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырды. Іс-шара барысында аталған бөлімшенің директоры Гүлнәр Сүйіндікова биыл «Даму» қорының бизнесті жеңілдікпен несиелеу мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Қарағанды облысындағы кәсіпорындарға жалпы сомасы 6,7 млрд теңге болатын несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсеткенін мәлім етті.
– 2020 жылы субсидиялау құралы бойынша жалпы сомасы 6,7 млрд теңгеге 117 жоба қолдау тапты. Қордың кепілділігін жалпы сомасы 2 млрд теңге көлемінде 64 кәсіпкер иеленді. Биыл пандемияға байланысты дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасына белгілі бір өзгерістер енгізілгенін атап өткім келеді. Атап айтқанда, салалық шектеулер алынып тасталды, сондықтан бүгінде көптеген кәсіпкерлер субсидиялар мен кепілдіктер түрінде мемлекеттік қолдау ала алады. Көптеген кәсіпорындар мемлекеттік қолдауды қажет етеді және біз оны қамтамасыз етеміз. Мемлекет осы мақсаттарға қосымша қаражат бөледі. Ағымдағы жылы қаржылық қолдау көлемі бірнеше есеге ұлғайды. Мұның бәрі пандемия мен дағдарысқа қарсы шараларға байланысты. Бүгінгі таңда бағдарламадағы өзгерістерге сәйкес салалық шектеулерді алып тастаумен қатар субсидиялау мақсаттары үшін несиенің шекті мөлшері ұлғайтылып, 7 млрд теңгені құрады және кепілдік мөлшері де млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Қарыз алушының төлейтін жалпы мөлшерлемесі жылдық 6%-ды құрайды. Яғни бұл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда қолайлы жағдайлар. Демек, бұрын біз сыйақы мөлшерлемесі құнының 40-тан 50%-на дейін субсидия алсақ, бүгінде ол жылдық 6%-бен ғана бекітілген, қалған айырмашылықты мемлекет субсидиялайды, – деді Гүлнәр Сүйіндікова.
Шағын және орта бизнес субъектілеріне несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендетуге мүмкіндік берілген сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау шарттарына сәйкес, Қарағанды облысының кәсіпорындары жабдықтар сатып алған, ғимараттарын қайта жаңартып, айналым қаражатын толықтырған. Бұл оларға өндіріс көлемі мен қызмет түрлерін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
«Тұлпар» кардио оңалту орталығының ашылғанына бір жыл болған. Мұнда жүрек-қантамыр жүйесі аурулары бар науқастар амбулаториялық және стационарлық оңалтудан өтеді.
– Біз өткен жылы қыркүйекте ашылдық. Қарағанды облысында оңалту орталығын ашу қажеттілігі туындады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында біз мемлекеттік қолдауға ие болдық. Несиені екінші деңгейлі банк арқылы 14,25% жылдық мөлшерлемемен 100 млн теңге сомасына алдық, оның 5,7%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Несиеге алған қаражатқа ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, керекті жабдықтарды сатып алдық. Біздің орталықта миокард инфаркты мен кардиохирургиялық операция жасатқан адамдарға көмек көрсетіледі. Мемлекеттік қолдау арқасында бір жылдың ішінде 1500 науқасты сауықтырдық. Қазіргі таңда орталық толық қуатта жұмыс істейді. Бұл – тәулік бойғы 80 орын және күндізгі стационарлық 20 орын. Бізде науқастар екінші және үшінші деңгейлі қалпына келтіруден өтеді. Бізге басқа облыстардан да адамдар келеді. Мемлекет қолдауының нәтижесінде аяғымызға нық тұрдық, – дейді «Тұлпар» кардиооңалту орталығының директоры Баян Екіжанова.
Жеңілдікпен несие алған компаниялардың қатарында энергетикалық жабдықтар өндіретін «ҚазЭнергоМаш Корпорациясы» ЖШС және «Қазақстандық өнеркәсіптік ықпалдық институты» ЖШС бар екен. Бұл кәсіпорынға «Даму» қоры 2015 жылдан бастап мемлекеттік қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда институт базасында сынақ зертханасы жұмыс істейді. Институт тестілеудің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз ететін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Компания жобаларды субсидиялау мен кепілдендіру бөлігінде «Даму» қорының мемлекеттік қолдауына бірнеше мәрте ие болған.
2012 жылы құрылған компания – Қазақстан Республикасының экономикалық даму стратегиясының негізгі ережелеріне сәйкес құрылған, ғылыми-әдістемелік, оқу-ұйымдастырушылық және жобалау-конструкторлық қызметті жүзеге асыратын ғылыми-технологиялық және оқу-өндірістік кәсіпорын.
– Компаниямыз зерттеу жұмыстарымен, сонымен қатар өндіріс орындарына экологиялық мониторинг жүргізумен айналысады. Біз «Даму» қорымен 5 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қор бізге кепілдік түрінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қолдау көрсетті. Бұл қаражаттың барлығы экологиялық мониторинг зертханасын құруға жұмсалды. Мемлекеттік қолдау аясында зертханамыз талдауларды тиімді және жылдам жасайтын ең жаңа жабдықтармен толықты, – деп атап өтті «КазИнСоП» ЖШС директоры Ернар Мұханғалиев.
Компания басшысының мәліметінше, 2019 жылы кәсіпорын жабдық сатып алу үшін банктен 14% жылдық мөлшерлемемен несие алған, оның ішінде, 8%-ын «Даму» қоры субсидияландыруда. Қалған 6%-ын компания өзі төлейді. Несиенің жалпы сомасы 264 млн теңгені құрады. Одан бөлек, компания 132 млн теңге сомасына жобаны 50%-ға дейін кепілдендіру түріндегі қолдауға ие болған.
Теміртау қаласында орналасқан «ҚазЭнергоМаш Корпорациясы» ЖШС 2011 жылы құрылған. Кәсіпорын энергетикалық жабдықты өндіруге мамандандырылған: жоғары қысымды құбыр желілері және электр қазандықтарының жылыту беттері, сонымен қатар жоғары және төмен қысымды құбырөткізгіштердің бөліктері, коллекторлар, барлық типтегі қазандықтардың жылыту беттері, мембраналық панельдер, тірек-аспалы жүйелер және басқаларын өндіреді. Компания қазақстандық нарықта тоғыз жылдан бері жұмыс істейді. Биыл ұйым өзінің айналым қаражатын «Даму» қоры бағдарламасы аясында алынған жеңілдетілген несиемен толықтырды.
«ҚазЭнергоМаш Корпорациясы» ЖШС 2020 жылы екінші деңгейлі банк арқылы жылдық 12% мөлшерлемемен несие алған, оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жылдық 8,5%-ды «Даму» қоры субсидиялайды. Қалған 6%-ды компания өзі жабады. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында «Даму» қоры кәсіпорынға 47% кепілдік берген.
– Бүгінгі таңда компания заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, бұл жобалаудан бастап бу құбырлары мен қазандықтардың барлық түрлерінің жылу беттерінің бөлшектерін дайындауға және күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Жыл сайын біз өндіретін өнім түрлерін арттырудамыз, сонымен қатар технологияларымыз жаңарып, экспорт пайызын ұлғайттық. Жыл сайын Ресей мен Өзбекстанға 500 тоннадан астам өнім экспорттаймыз. Компаниямызда 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Біз үшін мемлекеттік қолдау өте маңызды. Осы орайда айтарым, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының маңызы өте зор, – дейді «ҚазЭнергоМаш Корпорациясы» ЖШС коммерциялық директоры Станислав Рубан.
Айта кету керек, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды облысы бойынша аймақтық бөлімшесінің бүгінгі таңда Қарағанды облысы бойынша 10 мыңға жуық клиенті бар.
Қарағанды облысы