Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят Қарағанды облысындағы бірқатар медициналық нысанды аралап, коронавирустың екінші толқынына дайындық барысын тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ең әуелі Қарағандыдағы №3 емхананың жұмысымен танысты. Қажетті құрылғыларды, тонометрлер мен тепловизорларды тексерді. Ажар Ғинаят балалар дәрігері болып жұмыс істегені мәлім. Сондықтан, осы мекемедегі балаларды тамақтандыру жөнінде өтіп жатқан шеберлік сабағына қызығушылық білдіріп, мамандармен тілдесті. Сонымен қатар вице-министрге жаңа туған нәрестелердің есту қабілетін тексеретін аппаратты және балаларды дамыту бөлмесін таныстырды.
Осыдан соң Ажар Ғинаят Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасындағы инфекциялық-провизорлық госпитальде болды. Вице-министр мекемедегі емдеу бөлімшелерін аралап көрді. Сондай-ақ Х.Ж.Мақажанов атындағы инфекциялық госпитальдің жұмысын қадағалады. Бұл мекеме пандемия кезінде құрылған.
Ажар Ғинаят осыдан кейін ситуациялық орталықта болды. Мұнда коронавирустық инфекцияға мониторинг жасайтын құрылғылар көрсетілді.
Сонымен бірге жедел штабтың жұмысы баяндалды. Мұнда да жедел жәрдем хабарламаларына және тұмау маусымына мониторинг жүргізіледі және науқастарды ауруханаға жеткізу барысы пысықталады. Жұмыс қорытындысы бойынша вице-министр Облыстық Денсаулық сақтау басқармасында жиын өткізді.
"Дәрігердің қоғамдағы рөлі жоғары бағалана бастады. Медқызметкелердің беделі артты. Президенттің өзі айрықша назар аударуда. Жоғары жалақы тағайындап, орден беріп жатыр. Қарағанды облысы індеттің екінші толқынына дайын екенін байқадық. Емханалар мен ауруханалар халыққа сапалы қызмет көрсетуге тас-түйін әзір,- деді вице-министр.