Осыдан бес жыл бұрын Әулиеата жерінде Қазақ хандығының 550 жылдығы дүркіреп өткен болатын. Ұлы мереке қарсаңында Маңғыстау облысының әкімдігі тойға тарту ретінде Жамбыл даңғылының бойында орналасқан сол кездегі "Тараз" қонақүйінің алдынан саябақ салып берген еді. Содан бері ұлттық нақышпен көмкерілген көркем саябақ шаһардың сәулетін арттырып қана қоймай, көпшіліктің де серуендейтін орнына айналды. Кейіннен аталған қонақүйді Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті өз қаражатына сатып алып, "Студенттер үйін" ашты. Жалпы, тұрғындардың ғана емес, жастардың да орталығына айналған саябақтан енді алып "Домбыра" ескерткіші бой көтеріп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ескерткіштің биіктігі 7,5 метрді құрайды. Аталған нысан кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған.
"Домбыра" ескерткішінің ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Сондай-ақ жиында аймақтың мәдениет қайраткерлері мен өнерпаздары, жалпы көпшілік болды. Өз сөзінде әкім халқымыз үшін домбыраның орны бөлек екенін, оның күмбірлі күйі, әуезді әні адамның жан тебіренісін жеткізетінін айтып өтті. Сонымен қатар ол екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен шілденің бірінші жексенбісі "Ұлттық домбыра күні" болып жарияланғанын, бұл мерекелік күннің ұлттың руханиятына өшпес із қалдыратынын жеткізді.
"Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушылары мен студенттерінің қолдауымен жатақхана алдындағы саябақтан "Домбыра" ескерткіші ашылып отыр. Университетте оқып жүрген жастар домбыраның төгілген күйі мен жыры арқылы өздеріне күш-жігер мен сапалы білім ала алады. Халқымызда мықты күйшілердің болғаны баршамызға тарихтан белгілі. Бүгінде сондай таланттардың өнерін жалғастырып келе жатқан елімізге танымал күйші Әбдімомын Желдібаевтың бір күйінің өзі әлемге таралып, дүниежүзі қазақ деген ұлт пен Қазақстан деген мемлекеттің бар екенін білді. Сонымен қатар бүгінгі жастарымыз да домбыра өнерін жалғастырып, насихаттау үстінде. Осы орайда, ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!" деген. Бұл сөз текке айтылмаса керек. Себебі жер бетінде домбыра секілді аспабы бар ұлттар некен-саяқ. Сондықтан біз, бүгінгі ұрпақ бабаларымыздың алдында басымызды июіміз қажет", деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ ескерткіштің ашылуына үлес қосқан аталған оқу ордасының басшылығына алғыс айтып, алдағы уақытта "Домбыра" ескерткішінің жанында ұлт руханиятын ұлықтайтын мағыналы шаралардың көптеп ұйымдастырылатынына сенетінін жеткізді.
Жамбыл облысы