"Көкат" шаруа қожалығының жұмысшысы Амангелді Есов мал жаюға шығып, ауылға қайтар жолды таппай, адасып кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Индер аудандық полиция бөліміне 20 қыркүйекте кешкі сағат 22:00 шамасында Өрлік ауылының тұрғынынан "Көкат" шаруа қожалығының 51 жастағы жұмысшысы Аманкелді Есовтің мал бағуға шығып, қайта оралмағаны туралы хабар түсті. Аудан полицейлері жедел іздестіру жұмысын хабар түскен сәтте бастағанмен, бір күн бойы ешқандай нәтиже бермеді. Бірақ полиция қызметкерлері іздестіруді тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде Амангелді Есов келесі күні, яғни 22 қыркүйекте таңғы сағат 03:30 шамасында Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданындағы Мәштісай ауылына қарасты "Сабила Құдық" учаскесінің шабындық жерінен табылды", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қожалық жұмысшысы Амангелді Есов екі күн бойы тамақ ішпей, жаңбырға жаурап, әбден әлсіреп қалыпты. Полиция қызметкерлері оған дереу алғашқы көмек көрсетіп, отбасымен аман-есен қауыштырды.
Ал "Көкат" шаруа қожалығының жетекшісі Индер ауданының полицейлеріне жұмысшы Аманкелді Есовты дер кезінде табуға атсалысқаны алғыс айтты.