• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 24 Қыркүйек, 2020

Елордада қоғамдық көліктер цифрландырылады

384 рет
көрсетілді

Жыл аяғына дейін қаладағы көше қиылыстарының 80% осы цифрлы жүйемен қамтылатын болады. Аталған шара тәуліктің қарбалас уақытында түйінді бағыттардың жүктемесін азайтады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің "Инстаграм" парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz

"Бүгін Kazan Digital Week халықаралық форумына онлайн қатыстым. Басқа елдердегі әріптестермен бірге интеллектуал транспорт жүйелерін талқылап, тәжірибемізбен бөлістік. Қоғамдық тасымалдың модернизациясы мен цифрлануы − басым бағыттардың бірі. Автобустарды жаңартып қана қоймай, жаңа маршруттар қосып, жол салып, қалалықтардың ыңғайы үшін электронды қарым-қатынас механизмдерін енгізу керек", дейді елорда әкімі.

Бірінші. Интеллектуал транспорт жүйесін дамыту

Көше қиылыстарында тұрған бағдаршамдардың 50% адаптив басқару жүйесімен қамтылған. Мұндай технология көлік ағынын автоматты режімде есептеп, бағыттар бойынша шешім қабылдайды. Бұл көлік ағынының жылдамдығын арттырып, жолда жоғалатын орташа уақытты 20% қысқартуға мүмкіндік берді. Жыл аяғына дейін қаладағы көше қиылыстарының 80% осы цифрлы жүйемен қамтылады. Бұл – тәуліктің қарбалас уақытында түйінді бағыттарға жүктемені азайтады.

Екінші. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Бақылау камералары жол-көлік оқиғаларын 20% қысқартып, өлімге әкеп соғатын жағдайларды 40% азайтуға мүмкіндік берді.

Үшінші. Қоғамдық тасымалды дамыту

Қалалықтардың ыңғайы үшін қаламаңы көлік қатынасы енгізілді (32 елді мекенге қызмет көрсетіледі); экспресс, sport shuttle bus маршруттар да бар (бұқаралық мәдени шаралар үшін). Тұрғындардың өтініші бойынша 40 маршрут оңтайландырылған.

Қоғамдық көліктерді 70%-дан астамын жаңартып, жыл басында көшелерге 100 жаңа электр автобустар шықты. Жыл аяғына дейін электр автобустардың тағы бір партиясы шығады.

Барлық автобус жолақы төлеудің электронды жүйесімен жабдықталған, бұл карантин кезеңінде індет жұқтыру ықтималдығын азайтты. Электронды есеп айырысуға 100% өтудің арқасында 6 млрд теңге "көлеңкелі айналымнан" шығарылды.

Сонымен бірге қалалықтар автобустардың қай жерде келе жатқанын мобил қосымша арқылы қарап, аялдамалардағы электронды таблолардан көре алады.

"Автобус жолақтары да нәтижелі болды: автобустардың жолдағы орташа уақыты 15-20% қысқарды. Жолақтардың санын 24-тен 36-ға көбейтпекпіз. Бұл автобусты күту уақытын және 15% азайтады. Барлық бағыттар бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді", деп жазды Алтай Көлгінов.