Қазақстанның Қаржы министрі болып Бақыт Сұлтанов тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайтына сілтеме жасай отырып Egemennews.kz тілшісі хабарлады.
«Сұлтанов Бақыт Тұрлыханұлы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімлішігі жетекшісінің орынбасары лауазымынан босатылып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі болып тағайындалсын», - делінген Мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланған Жарлықта.
Қаржы министрі лауазымын бір аптасы кем 6 жыл атқарған Болат Жәмішев Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі болып тағайындалды. «Жәмішев Болат Бидахметұлы Қазақстан Республикасының Қаржы министрі лауазымынан босатылып, Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі болып тағайындалсын», - делінген осыған орай берілген Жарлықта.
Бақыт Сұлтанов 2003 жылғы маусымнан 2006 жылғы ақпанға дейін Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі болды. Сосын Статистика жөніндегі агенттіктің төрағасы қызметін атқарды. 2007 жылғы қаңтардан 2007 жылғы тамызға дейін Қаржы вице-министрі болып істеді, ал 2007 жылғы 10 тамызда Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі болып бекітілді. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен 2010 жылдан Қазақстан Президентінің көмекшісі болып тағайындалды. Ал 2012 жылғы 21 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев Бақыт Сұлтановты Қазақстан Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.