• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2010

ҚАРАҚШЫЛАРДЫҢ ӘРЕКЕТІ ІСКЕ АСПАДЫ

596 рет
көрсетілді

Алматы қалалық  ІІД ұйымдас­қан қылмыспен күрес басқармасы мен “Арлан” арнаулы бөлімшесінің қызметкерлері үшін наурыз айы­ның соңғы күнінің қиындығымен қоса, жетістігі мен қуанышы да мол болды. “Қазкоммерцбанктің” қауіп­­­сіздік қызметі өкілдерінің хабарын алған бойда, шұғыл түрде банкке жеткен олар жеке кәсіпкер мен оның әпкесін бес жастағы қызы­мен бірге қарақшылар қолы­нан құтқарып алды. Бұл оқиғадан бұрын да ауыр қылмыстарға барып, жауапқа тартылған қарақшыларды құрықтау, айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде, әрине, оңай соқпағаны сөзсіз. “Қыл­мыскерлер қайткенде де өз­­дері көздеген арам ойлы мақсатына жетпек болып, барынша қарсылық көрсетті”, дейді ұйымдасқан қыл­мыс­пен күрес басқармасының бас­тығы, полковник Козлов. Оқи­ғаның қауіпті жағдайға ұласуына тағы да аңғалдық себеп болған тәрізді. Электр құрылғыларын жөн­деумен айналысатын жеке кәсіпкер мен оның жиырма бес жастағы әпкесі қарақшылар қолына бай­қаусызда түскен. Өздерін “клиент­піз” деп таныстырған қарақшылар мамандарды алдын-ала жалға алған үйге алдап шақырған. Пәтерге алғаш кірген Романды олар бірден соққыға жығып, сыртта жеңіл мәшинеде оны күтіп отырған апасы мен оның бес жастағы қызын үйге шақыруға бұйырады. Жас әйел мен оның қызын қозғалмайтындай етіп байлап тастаған бұзақылар, кәсіп­кер жігітке өздерімен бірге банкке барып, оның өз есеп-шотынан 17 миллион теңге алуын бұйырады. Біршама уақыттан бері оларды сырттай бақылап жүрген қарақ­шы­лар, олардың әкелерінің үйін сатып, ауқымды қаражатты иелен­ген­дігінен хабардар болатын. Суық қару мен және әлдебір сұйық тол­тырылған шприцтері бар қылмыс­керлер кәсіпкер жігітті “егер айтқанымызды орындамасаң, онда әпкеңе және оның кішкене қызына инъекция арқылы СПИД-қатерлі дертін жұқтырамыз” деп үрейін алып, қорқытқан. Бауырларының өмірі үшін қатты алаңдаған жігіттің олардың бұйрығына көнбеске амалы да қалмағандығы белгілі. Бір құптарлығы, Роман банкке келген­нен кейін өзін және бауырларын қылмыскерлер қолынан құтқару­дың ең ұтымды амалын тапқандай болады. Есеп-шоттан ақша алуға арнал­ған қағазды толтырып тұрып, оның астына қарақшыларға байқат­пай “мен қарақшылардың нысана­сын­да тұрмын, туыстарыма да үлкен қатер төніп тұр” деп жазып береді. “Бұл орайда, әрине “Қаз­ком­мерцбанк­тің” опера­циялық бөлімі қыз­мет­кер­лерінің және бөлім басты­ғының, банктің қауіпсіздік қызметі өкілдері­нің кәсіби шебер­лігін, өз істеріне деген жоғары жауап­керші­лігін атап өту қажет” – дейді Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек. Сөйтіп, Ұйымдасқан қылмыс­пен күрес басқармасы мен “Арлан” арнаулы бөлімшесі өкілдерінің шұғыл да батыл қимылы нәтиже­сінде қылмыскердің бірі пәтерде, өзгелері банктің ішінде қолға түсті. Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы.