Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындық туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Осы жылдың қазан айының соңына дейін 11 облыс орталығы мен Алматы қаласында 3 100 төсектік 13 модульді жұқпалы аурулар ауруханасын салуды аяқтау, сондай-ақ екі нысанды жөндеу жоспарлануда. Қазіргі уақытта инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 379 ӨЖЖ аппараты бар, қосымша 2 619 бірлік, оның ішінде 1 500 отандық өндіріс аппараты сатып алынады", - деді Алексей Цой Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, қазір елімізде 21 мыңнан астам төсек оттегімен қамтамасыз етілген.
"Қазан айының соңына дейін қосымша 9 мыңнан астам төсек-орын қамтамасыз етіледі. Аудандық ауруханаларды қосымша жарақтандыру үшін 11 өңірде қолда бар 132-ге қосымша отандық өндірістің 53 рентген-аппараты сатып алынады. Жедел медициналық көмек қызметін 2020 жылы 1 167 санитарлық автокөлікпен жабдықтау жоспарлануда, оның ішінде 360 - ы қосымша сатып алынады", - деп атап өтті министр.