• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2010

САЯСАТПЕН ӨРІЛГЕН БАЯНДАМА

716 рет
көрсетілді

Құнды мәліметтерге негізделген баяндама қашанда көпшілік ықыласын тудырады. Біз осыған Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында куә болдық. Мұнда “Жаңарған Ресей және АҚШ мақсаттары” атты Сенчури қоры есебінің авторы, “Кис­синджер Ассошиейтс” қорының бас дирек­торы Томас Э.Грэм академия тыңдаушылары мен ұстаздары алдында баяндама жасады. Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей жөнін­дегі бұрынғы бас директоры баяндама ауанын үш мәселеге арнады. Атап айтқанда, қазіргі әлем­де орын алып отырған жағдай, АҚШ-тың сыртқы саясатындағы басымдық­тар және Ауған­стандағы жағдайды тұрақтан­дыру. Кеңес Одағы құлағаннан кейін әлем бір сілкініп алды, дейді ғалым. АҚШ та өзінің агрессиясын азай­тып, нақты қауіптермен күресуге көңіл аудар­ды. Яғни, терроризммен күрес, жаппай-қырып жоя­тын қаруды тарат­пау және өзге де мәселелер. Ауғанстандағы жағдайға байланысты сөзінде ғалым АҚШ-тың әскери тактикасын­дағы өзгерістер “Әл-Каидамен” соғыста айтарлықтай табыс әкелуде екендігімен бөлісті. Оның пайымынша, мұнда демократия ауылы әлі де алыс. Тіпті бұл жөнінде АҚШ президенті Барак Обама да әлі бір ауыз сөз айтпапты. Ғалым, сонымен қатар, алып көршіміз Қытайға қатысты сұраққа жауабын­да мұнда экономика ашық жүргізілгенімен, саясат жабық есік жағдайында қалып отыр­ған­дығына назар аударта келіп, АҚШ барлы­ғын ашық жасап отырғандықтан да өркендеу өрісіне бейім екендігін алға тартты. Әйтсе де ол геосаяси орналасуымен Қытай ықпалы­ның артып келе жатқандығын да мойындай­ды. Сонымен қатар, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ҰҚШҰ-дан гөрі ШЫҰ-ны дұрыс санайтындығын да жасырмады. Қырғызстандағы орын алған саяси дағ­дарысқа қатысты сөзінде Томас Э.Грэм мұндағы жағдайдың тұрақтануы әлі екі-үш аптаға созыларын ортаға салды. Қазір жаңа өкімет жасақталуда. Көршілеріміздегі орын ал­ған келеңсіздіктерге берген бағасында ғалым оның осыдан он жыл бұрын басталған топтық тартыстарға байланыстылығымен түсіндірді. Бұрынғы президент Қ.Бакиевтің үшінші жақ әрекеті туралы сөзіне орай “Мен онда үшінші қолды көріп тұрғаным жоқ”, деп жауап берді. АҚШ-тың осы елге деген көзқарасына қатысты сұраққа ондағы жағдай қазіргі кезде түсініксіз жағдайда қалып отыр дей келіп, бұл мәселе қырғыздардың өздері мен көршілерінің мәселесі екендігін алға тартты. Егер жағдай тіпті ушығып бара жатса, деді шешен, онда жаһандық державалар саналатын Ресей және Қытаймен осы мәсе­ле­де халықаралық көмек көрсету жөнінде кеңесуге болар еді деген рай танытты. Осылайша, біраз мәселелерді қамтыған лектор Томас Э.Грэм тыңдаушылар мен ұстаздардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Соңынан ғалымға естелік ретінде “Алтын адам” мүсіні тарту етілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.